Басты ақпаратЖаңалықтар

«ҚАЗАНАТТА» ҚАЗЫНА КӨП



Астанада алғаш рет жалауын желбіреткен жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирі мәресіне жетті. «Қазанат» атшабарында салтанат құрған байрақты бәсекенің ақтық сайысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады.

Жамбы ату сайысы халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің мәдени-думанды және спорттық іс-шараларының кешенді бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ипподром аумағында орналасқан «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенін аралап көрді.

Елбасыға қазақ халқының ұлттық тағамдарының түрлері, қолөнер бұйымдары, спорттық ойындар мен салт-дәстүр үлгілері көрсетілді.Тұңғыш рет ұйымдас­тырылған турнир үш кезеңнен құралды. Біріншісі – «Шапшаң ату». Мұнда ат үстінде шауып келген мергендер межелі жерге келгенде кілт тоқтап, төрешінің пәрменімен ғана атады. Әр мүмкіндік 10 секундтан аспауы керек. Егер көздегені қызыл шеңберге дәл тисе – 3 ұпай, сарыға – 2 ұпай, ал көк жолаққа қадалса – 1 ұпай.

Екінші сайыс «Қалқан ату» деп аталады. Бұл кезеңде қатысушылар сәйгүліктің екпінін баспай үш нысананы көздейді. Олардың әрқайсысы 35 метр арақашықтықта орналасты. Әр мергенге екі мүмкіндік берілді.

Жарыс екі күнге жалғас­ты. Ақтық кезең – «Жамбы ату». Доданың соңғы күні қатысушылар қола жамбыны, күміс жамбыны және алтын жамбыны дәлдеді. Олар 8-10-12 метр қашықтықта қойылған.Сайыс кезінде мергендердің жебесінің түзу ұшуына жел әжептәуір кедергі келтірді. Соның себебімен көбі мүлт кетіп, діттегеніне дөп тигізе алмады.

Жарыстың көрігін Финляндия мен Моңғолиядан келген екі қыз қыздырды. Жебесін қола жамбыға қадағандарға – 5 ұпай, күміске – 10 ұпай және алтынға 15 ұпай берілді. Егер мергендер жамбыны іліп тұрған арқанды көздеп, қиып түссе, 20 ұпайды қанжығасына байлайды.

Бір қызығы, «Алтын жебеде» бесінші орынға дейін ерекшеленгендерге бәйге бұйырды. Сонымен, бас жүлде – 2 млн теңгені 55 ұпай жинаған румыниялық Михай Кузми иеленді. 40 ұпаймен күміс жүлдегер атанған қазақстандық Сарыбай Айтбай 1 млн теңге алды. 37 ұпайы бар қолаға қол жеткізген тағы бір отандасымыз Айкөз Ералханның жүлдесі – 700 мың теңге. Ал 29 ұпаймен төртінші орынға тұрақтаған мажарстандық Немоти Кристоф Арпад – 400 мың теңге, Малайзиядан келген Мұхаммед Акмал бин Мохамад Дакалан 20 ұпаймен бесінші орыннан көрініп, 200 мың теңге алды.Турнирге 11 елден 20 сұрмерген қатысты.

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button