Қоғам

ҚАЗАҚ ЕЛІ ҚАЗАҚСЫЗ ҚАЛА ЖАЗДАҒАН немесе 1921-1922 ЖЫЛДАРДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ ЖӘНЕ «ТОРҒАЙ ІСІ»



(Соңы. Басы өткен санда)
С.Сәдуақасовтың ықпалымен деп отырғанымыз, мұны ­О.­Исаевтың сот процесін баяндап Ф.И.Голощекинге жазған хатынан айқын аңғарамыз. ­О.­Исаев Голощекинге бәрін баяндап отырды. Сәдуақасовты кінәлап, бір жағынан тісін батырып Сәдуақасовтың не айтқанының, Ж.Аймауытовты қалай қорғағанын мәлімдеді. Сәдуақасовтың « …сотта куә ретінде не қоғамдық қорғаушы ретінде сөйлеуге рұқсат беріңіздер, қазақтың қаламгерлерінің бірі ретінде оларды қорғауға тиіспін» дегенін, ­М.Дулатовтың «Еңбекші қазаққа» Ж.Аймауытовты және Торғай қызметкерлерін қорғап жазған мақаласын жариялауға келісім бермегенінде С.Сәдуақасовтың жариялатқанын да баяндады. С.Сәдуақасовтың Аймауытовты «қазақтың Вересаеві, Алексей Толстойы, ол «Интернационалды», «Жас гвардияны» аударды дегенін, сондай-ақ «бұл сот процесі – «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот, одан басқа ештеңе емес, сондықтан да соттың құрамы … ол деңгейден (Алашордадан, алашордашылардан – Қ.Д.) төмен» дегенін де қалдырмай жеткізді. Голощекинге жазған осы хатында «Сәдуақасов жолдастың алашордашылармен арасындағы жігі ажырамаған. …Алашордашылар осы сотта өзінің азуын көрсетті, Сәдуақасовты пайдалана отырып, партия мен өкіметке ықпал етуге тырысты» – деп Смағұлды алашордашыларға қосақтады. Солардың бағытын астыртын жүргізіп отыр дегенді жеткізді. Онсыз да ұлтжанды қазақ зиялыларын ұнатпайтын Голощекинді С.Сәдуақасовқа қарсы қойды.
Ұлтжанды С.Сәдуақасов Жүсіпбекті және торғайлық азаматтарды соттатпауға бар күшін салғаны анық. РСФСР Жоғарғы Соты Қазақ бөлімінің анықтамасында да Торғайдың жауапты қызметкерлері Алашорданың көрнекті өкілдері Юсупов, Құлжанов, Бәйменов т.б. амнистия болып ақталғаны жазылды.Осылай бірнеше жылға созылған атышулы «Торғай ісі аяқталды».

Бірақ, осы арада сәл шегініс жасасақ, бір күмән тудыратын жай бар. Ол – шынымен жоғарда айтылған Ж.Аймауытовты айыптаған, қаралаған мақаланы жазған Файзолла ишан ба екен деген сұрақ. Файзолла ишан Сатыбалдыұлы – Торғай еліндегі танымал, дін ұстаған, қари атанған елге сыйлы кісі. Бұл кісінің дәл мұндай пендешілікке бара қоюы неғайбыл деген де ой келеді. Осы тұрғыда, біріншіден оқыған, білімді, сөзіне ел тоқтаған адамның атын жамылып, басқа біреу жазуы мүмкін. Солай болғанның өзінде оң-солын жетік білетін Файзолла ишан газетке өзі емес екендігін жазып терістеу керек еді. Олай болмады. Олай болмаған соң, екіншіден, әлдебір бізге белгісіз себеппен мәжбүрлеп жаздыр­ды ма екен деген ой туады. Бұл арада айтқымыз келіп отырғаны кеңестік билік қысым көрсетті ме дейміз. Үшіншіден, газетте мақаланың авторы «Файзулла Ишанов» деп жазылған. Бұл кісі өз атынан жазса Сатыбалдыұлы немесе Сатыбалдиев болар еді. Кейін 1928 жылы «ұлтшыл» атанып, сотталып, «Беломор канал» лагеріне айдалып, сонда ескі досы, әрі нағашысы М.Дулатовпен кездесіп, бірге болды деген де дерек бар. Ахметті, Міржақыпты құрмет тұтқан, әрі тетелес нағашысы Міржақыппен кішкентайынан араласып бірге өскен, елге сыйлы адам өз атына кір жұқтырмасы керек-ті. Аштыққа ұшыраған елге Семей губерниясынан келіп жатқан көмектің сыртында сол жылдары ел ішінде әлі де абырой беделі жоғары А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың тұрғаны да күмәнсіз еді. Ашыққан ел, келген көмектен орындарынан тік тұрып кетпесе де, аштықтан есеңгіреген елге демеу болатындығын көзі ашық, көкірегі ояу Файзолла ишанның білмеуі мүмкін емес еді? Ж.Аймауытовтың мал таратуға Торғай еліне келгенде Файзолла ишанмен кездесуі де кәдік. Алаш зиялыларын қатты қадірлеген Файзолла ишанның Ж.Аймауытовтың Торғай елінің азаматтары А.Байтұрсынов, ­М.Дулатов, А.Бірімжанов, Ғ.Бірімжанов, К.Тоқтабаев т.б. қатар жүрген үзеңгілесі екенін білгені де анық. Осыны біле тұра жала жауып, мақала жазды дегенге сену қиын. Бірақ, «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылы №69 санында Файзулла Ишанов деп тұрғаны да тасқа таңба басқандай.

Кейін 1937-38-дің зұлматында шейіт болған А.Байтұрсыновтың қазасын естігенде қатты қайғырып Файзолла Сатыбалдыұлы:
«…Шынымен бұл дүниеден өткенің бе,
Қайырылмай алды-артыңа кеткенің бе?
Ахмет опат болды дегенді естіп,
Егіліп жылай бердім, тек дедім де!…
…Бақұл бол, қайран, Ахмет ақ сұңқарым,
Қош айтып, рухыңа басымды идім!» деп күңіренгені ел есінде.
Тағы да айтсақ, Міржақыптың қазасын естігенде:

««Міржақып өлді деген сөз,
Ішімді өртеп кетті лез…
Дірілдеп жүрек демігіп,
Малынды жасқа екі көз.
Қасиет тұтқан Алашым,
Кеңге жайған құлашын.
Намысты қолдан бермеген,
Қайран да менің нағашым.
Міржақып пен Ахмет
Нақақтан-нақақ болды шет
Бір уақыттар болғанда
Ақталар орнап әділет.
Қиянат кетпес тоқтаусыз
Әділ сөз қалмас құптаусыз.
Күндердің күні болғанда
Міржақып кетпес жоқтаусыз…» деп жоқтады, қайғырды, ертеңгі күнге үміттенді..

Осындай елге сыйлы адамның Торғай азаматтарын және Ж.Аймауытовты сергелдеңге салған үш жылдан астам уақытқа созылған «Торғай ісінің» басында тұрды дегенге сену қиын-ақ… Кеңес үкіметі тарапынан қысым көріп жүрген Файзолла ишан басында біз әлі де білмейтін, әлде бір қиын жағдай болды ма екен деген сұрақ туады. Файзолланың мына бір өлең жолдары да көп нәрсені аңғартқандай емес пе?
… Болса да көкірегім – алтын көмбе,
Мен де бір бағы жанбай кеткен пенде.
Асығыс ғайбаттама не істеген деп,
Боларсың қысым көрсең мендей сен де…- дегені өмірден аз теперіш көрмеген Файзолла ишанның тағдырының бір тылсым сұрағына жауап бергендей. Осы бір өлең жолдарын неге жазды, қашан, қандай себеппен жазды деген де сұрақ туады.

Немесе, аумалы-төкпелі заман тартысында ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігіне жауап таппай қиналған болуы да кәдік. Кеңес жағында шығып, 1918-22 жылдары болыстық милиция бастығы қызметінде болуы, одан кейін біржола дін жолына кетуі заман дауылы мен шырғалаңында жол іздеуін білдірсе керек. Файзолла ақынның:

Ай, заман-ай, заман-ай,
Замананың зауалы-ай.
Құбылып соққан құйындай
Айласы мен амалы-ай…
Бір қазақтың баласын,
Екіге бөліп арасын,
Қырқыстырып қойғаны-ай,

Ағызып көзден сорасын – деген өлең жолдары бір құпияны бүгіп жатқаны анық.Қалай болғанда да есте қалатын жай, Торғай ісі» көп нәрсеге нүкте қойды. А.Байтұрсынов Академиялық орталыққа кетті. Өзінің бұл қадамын: «Ғылыми-педагогикалық жұмыспен еркін араласуым үшін» деп түсіндіруі жай сылтау ғана еді. Шын мәнінде бұл оның «Ақ болсын, қызыл болсын, бәрібір, мен қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын мемлекетті жақтаймын» деп мәлімдеген пікірінде қалуы еді. Кеңес үкіметінің қазақ мүддесін қрғамайтындығына, оны тап мүддесімен алмастырғанына ­А.Байтұрсыновтың көзі анық жетті.

М.Әуезов ше, оның да көңілі большевиктер партиясы мен Кеңес үкіметінен біржола қалды ма, ҚОАК мүшесі бола отырып, ешкімге ескертпестен Ташкентке кетіп қалды, одан әрі Ленинград университетіне ауысып кетті. Партия билетін Өлкелік комитетке почтамен салып жіберді. Кейін осы жайға байланысты жауап бергенде тергеушілерге «Еңбек тәртібін бұзғаным үшін және мүшелік жарна төлемегенім үшін мені партиядан шығарып тастады» деп уәж айтқан болды. Бұл большевиктік үкіметтің пиғылын аңғару мен онымен тікелей одақтасудан, оның бір бұрандасына айналудан, әрі мемлекеттік қызметтен түңіліп бас тарту еді. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары белсенді қызметке араласқан М.Әуезов осылай мемлекеттік қызметтен біржола кетті. Ғылымға, білімге, ағартушылық жұмысқа бет бұрды. Мүмкін бұл, биліктен торығу, түңілу ұлы тұлғаның ғылымға, ұлтқа қызмет етудің жаңа жолына түсуіне, таңдауына мүмкіндік берген болар. Әлемдік деңгейдегі құндылықтар қатарынан орын алған ғылыми-көркем шығармаларының тууына жасалған бетбұрыс болған болар десек қателеспеспіз.Тағы да бір жайдың беті ашылды. Қазақ зиялыларының арасындағы жіктелу процесі тереңдей түсті.

Қазақ азаматтарының бірі ел ашаршылыққа ұшырып, есеңгіреп, тоз-тоз болып жан сақтау үшін босып кеткенде, қолына түскеннің бәрін талғажау қылғанда, бірі елге қалай көмектесеміз, қалай аман алып қаламыз деп жанкештілікпен ел аралады. Ал, екіншілері жоғардан большевиктік биліктен, Кеңес өкіметі тарапынан қимыл болмаған соң бір пәлеге ұшырап қалармыз дегендей еш әрекетсіз отырды.
Алғашқылары ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жиналған малды ашыққан халыққа жеткізгенде, екіншілері олардың ісінен үкіметке, партияға қарсы пәле іздеді. Олардың соңына айтақтап ит қосты. Олардың іс-әрекетінен қылмыс іздеді, жоқ болса да табуға тырысты.

Қазақ зиялыларының бірі алғашқыларды олардың жаны таза, адал, не істесе де ел үшін істеді деп қорғағанда, ал екіншілері тағы оларды алашордашылармен жақындасты, алашордашылықтың кеңес үкіметі жылдарындағы жаңа көрінісі деп айыптап, аяқтарынан шалды. Билік жолында, таптық мүдде жолында қазақ мүддесін, ел мұратын құрбандыққа шалды. Бұған О.Исаевтың «Халықаралық пролетариаттың мүддесі үшін қазақ халқын да құрбандыққа шаламыз» деуі дәлел. Тапшылдар қазақ тағдыры, қазақ мүддесі үшін бас көтеріп бірдеңе дегендерге «ұлтшылдар», «алашордашылар сарқыты» деген таңбаны баса қойды. Олар бірінші кезекке, ел тағдырын, халық жағдайын емес, партия бағытын қойды. Оларда құлдық, бас изеушілік психологиясының қалыптасып, бойларына сіңіп кеткені сондай, осы жолы да және кейінгі 1930-32-нің аштығында да халық қырылып, тағдыры қыл үстінде тұрғанда, көзге көрінген қазақ оқығандарының, ел билегендердің азаматтығы сынға түскенде бұғып қалды. Ештеңе болмағандай кейіп танытты.

«Торғай ісі» аяқталды, Ж.Аймауытов ақталып шықты дегенімізбен, бұл бергі жағы ғана еді. Қырағы большевиктер, әрине, Ж.Аймауытовты кейін айыптағанда да бұрынғы «Торғай ісін» ұмытпады. Сонымен қатар, Торғай еліне қатысты әрбір істен Ж.Аймауытовтың қолтаңбасын іздеді. Торғай еліндегі кеңес үкіметінің күштеу, зорлық-зомбылық, тәркілеу саясатына қарсы 1929 жылдың қарашасындағы Батпаққара көтерілісіне еш қатысы болмаса да байланыстырып айыптады. 1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген сылтаумен қайта тұтқынға алынды. ОГПУ органдары істі тергеп-тексеруге тиісінше қылмысты іс қозғау жайында қаулы қабылдамастан-ақ бірден айыптау мақсатына кірісті. Тергеу бір жылдан астам уақыт жүргізіліп қылмысын дәлелдейтін нақты дерек болмаса да, қолдан ұйымдастырылған іс бойынша үкім шығарылды. Ж.Аймауытов «Торғай ісінен» арада төрт жыл өткенде 1930 жылдың 21 сәуірінде Москвада Бутырка түрмесінде атылды. Осы жолы да тағдырдың жазуы ма, Жүсіпбекпен және Дінші Әділовпен бірге атылғандардың екеуі торғайлық көрнекті тұлғалар Ғ.Бірімжанов пен А.­Юсупов еді.

Араға қаншама жылдар түскенімен, Ж.Аймауытовтың ашаршылық жайлап ел тығырыққа тірелгендегі ісі – шынайы азаматтық, тазалық қана емес, ұлтжандылықтың, ұлтты сүйе білудің шексіз, баға жетпес үлгісі.
Қазақ зиялылары шұғыл шара қолданылмаса, қазақ елі қазақсыз қалады деп жан ұшырған, осы 1921-1922 жылдары Өлкелік партия комитетінің БКП(б) Орталық комитетіне жолдаған ресми ақпараты бойынша аштыққа ұшырағандардың саны 2 миллион 286 мың 591 адам болып, соның 68,2 пайызы аштан өлген». Осы 68 пайызды цифрға айналдырсақ, аштықтан бір жарым млн қазақ өлген. Бұл – әлі күнге де­йін беті ашылмаған ақиқат. Терең зерттелмеген жауабынан сұрағы көп мәселе. Шынында, осы оқиғаға, 1921-1922 жылдардағы аштық зардабына ой жүгіртсек, ол 1930-1932 жылдардағы алапат аштықтың алғашқы сынағы, сәтті жүзеге асырылған бастапқы репетициясы еді.

Құрманғали ДӘРКЕНОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button