Басты ақпаратЖаңалықтар

ҚАЗАҚ ЕСІМДЕРІН ҚОРАШСЫНБАЙЫҚ



f960312da755d88f69acec8e617e7f31_resize_w_1200_h_-asli

Бұрын «Асыл арна» те­­­ле­арнасы нәрес­тенің дү­­ниеге келгеніне 7 к­ү­н толғанда шашын алып, шашының сал­­­­мағымен бірдей са­­дақа беретін араб­тық дәстүрлерді на­­си­хаттау­шы еді.
Бір­де журналист Ал­мат Әб­діраман жүр­гіз­ген «Има­нигүл» бағ­дар­ла­ма­­сын көріп отырып, араб тіліндегі көптеген есім­­дерге жарнама жа­­­сал­ға­нына куә болдым.

Сол бағдарламада: «Айтылған кез­де Ал­­лаһты еске түсіретін Аб­дуссамад, Абдуллах, Аб­дуррах­ман секілді есімдерді неге қой­масқа? Дінсіз қауымға тән есім­дерден гөрі ұлдарымызды пай­ғамбар­лардың аттарымен Мұ­са,
Иса, Салих, Мұхаммед деп, қыздарымызды Фатима, Әми­на, Халима десек, еш ұтыл­май­ты­ны­мыз анық» деген нұсқау берілді. Бұрын Бөстекбай, Шұлғаубай деп әртүрлі есімдерді қоя беретін шаманизмнің қал­дық­тарынан, яғни ырымдап қоя­­­тын аттардан бас тарту – иман­­дылыққа бет бұрған қоғам­­ның талабы. 70 жыл Кеңес үкіме­тіне кісенделген тұста сол қоғам­дағы құбылыс­тарға сай ат қойдық. Советхан, Мэлс, Колхозбайлар көбейді. Қазақтың қанына сіңген еліктеушілік әлі де қалмай келеді. Енді шетелдіктерге еліктеп ат қоя бастадық.
Осындай бағдарламалардың әсерінен болар, қазіргі қазақтар жаңа туған сәбиіне Абдуррауф, Абдуссамад, Абдуллах, Абдуррахман, Абдусаиднұрислам, Амир, Али деп арабша ат қойып жүр. Мысалы, 2015 жылы ел арасына кең тараған әйгілі есімдердің ішінде Рабия Сұл­танбегім, Раббина, Амир, Айлин, Медина бар. Ал 2016 жылы (бұл деректі Ста­тис­­тика комитеті таратты – Т.Т.) Қазақстанда туған 4765 нәрестеге Раяна деген есім қойылды. Одан кейінгі ең көп қойылған есімдер қатарына Аиша (Айша емес), Каусар (дұрысы Кәусар ғой), Амина, Айлин, София жатады. Ер балалар арасында ең танымал есімдердің үштігіне Алихан, Нұрислам, Айсұлтан кірген. 2016 жылдың 10 айында дүние есігін ашқан сәбилердің 3560-ы – Алихан (Әлихан емес), 2731-і – Нұрислам, 2730-ы – Айсұлтан есімін иеленген. Одан кейінгі орындарда Санжар, Ерасыл, Мирас, Амир (Әмір – арабша «әкім», «бас­тық» деген сөз), Али (Әли – арабша «биік», «заңғар» деген сөз) орналасыпты.
Шынын айтуымыз керек, қазір қазақы болмысты жа­тыр­қайтын әдет таптық. Жо­ғары­дағы әріп­тесіміздің: «ырымдап қоятын аттардан бас тарту» деген сөзі осыған дәлел. Кері­сін­ше, балаларға ат қоюда ертеде бел­гілі дә­режеде ырым мен дәс­түр ерекше орын алып отыр­ған. Мәселен, Телқожа Жан­ұза­­қов­тың «Есіміңіз кім?» атты еңбе­гінде олардың кейбірін сөздің киелі күшімен де бай­ланыс­тырып отырушылық көне дәуірден бар құбылыс екендігі айтылады. Қазақтың дәстүрінде балаларға көз тию­ден және жын-шайтан­нан сақтану мақсатымен: Итбай, Күшікбай, Жаманбай деген елеусіз, оғаш есімдер қойып отыр­ған. Кейбір Барақ, Бөрібай, Аюбай, Қасқырбай деген есімдер тотеммен байланыс­ты беріліп келді.
Әрине, қай заманда да балаларға жарасымды, әдемі есім беруде ешқандай шек қо­йыл­майды. Оған қоса, есімдер тарихында жаңару, ескіру, архаизмге айналу үдерісі болып отырады. Мысалы, бұрын бала дәулетті болсын дегек тілекпен Байбол, Алтынбай, Дәулетбай; ержүрек болсын деген тілекпен Батыр, Қаһарман, Батырбек, Қамбар, Әлібек; ажарлы болсын деген тілекпен Айсұлу, Нұрсұлу, Аққыз, Аппақ, Жамал, Ботакөз; ұзақ жасасын деген ниетпен Ұзақ, Өмірзақ, Мыңжасар; ақылды болсын деп Ақылбай, Ақылбек, Дана, Есбол; жомарт болсын деп Жомарт, Мырзабек, Мәртай деген есімдер берген. Айтыңызшы, бұл есімдерден біз неге бас тартуымыз керек?
Айта кетерлік жайттың бірі, қазақ ешуақытта қыздың шашын ұятты жері деп санамаған. Керісінше, ұзын шашын қыздың бағына балаған ата-бабаларымыз Қарашаш, Сұлушаш, Алтыншаш деп ат қойып келеді. Қазір ұзын шашты қыздар азайған сайын, мұндай аттар да сирек кездеседі. Олардың орнына жаңа қазақтар қыз балаларын Белла, Лурия, Нармин (?) деп атайтын болды. Бұрынғы Жылқыбай, Құлыншақ, Аққозылардың орнын Алан, Ромео басты. Шолпан, Айдай, Күнайлардың орнына София, Эдельвейс, Саммидастаналар келді дүниеге. Жібек, Гауһар, Маржандардың орнына Клео­патра, Алина, Сюзаннавиктория, Венециялар туды. Қыз­ғалдақ, Райхан, Гүлжанның орнына Василиса-Мейірім, Қасиет-Раббым, Нина, Жания, Күляндалар жүр. Қарлығаш, Лашын, Әсемдер аза­йып, олардың орнына Періште, Октавия, Саммитгүлдер көбеюде. Кейбір жаңа қазақтар баласына Абдусаиднұрисламхан деп ат қоятын «сән» шығарып жүр. Бұған не дейсіз?
«Ұл туғанға – күн туар» деп дүниеге торсық шекелі ұл келгенде ата-бабалары­мыз қазақы дәстүрмен ат қойған. Көп ретте есті есімдер әдет-ғұрып, салт-санамызға бай­ла­нысты қойылып отырған. Мысалы, бір ғана «А» әрпінен бас­талатын Арыстан, Аян, Асыл, Асқар, Арбол, Аралбай, Аппақ, Аңсаған, Аңсар, Амангелді, Абзал деген есімдер толып жатыр. Қыздарымыз бо­йжеткенде кө­рікті де инабатты болсын десек, оларға Ажар, Айгүл, Айдай, Айғанша, Айкүміс, Айман, Айнұр, Айсәуле деп ат қоялық.
Менің ойымша, қазақ халқы ат қоюда бөгде біреуден үйре­нетіндей, соның дәстүрін көші­ретіндей ұлт емес. Қаншама ғасырлар бойы өлмей, өшпей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміз бар. Сол ата салтымызды ұстануға тиіспіз. Ендеше, қазақы ат қоюды ұстану ұлттық дәстүрімізді қорғау деп түсінгеніміз абзал.

Төлен ТІЛЕУБАЙ




Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button