Таным

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ: ЕЛДІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ АЛАШ ЕДІ



artleo.com-24374

Қазақ халқының мемлекетшілдік санасы мен саяси институттары әфсаналық Алаша ханнан басталады. Қазақтың «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деген қанатты сөзі бұл көшпелілер әлемі символының тым көне және тұрлаулы екенін дәлелдейді.

Біз Алаша хан шынайы өмірде болмаған деп есептейміз. Қазақ шежіресі оның өмірбаянын әкесі бас тартқандықтан, қаңғырып күн кешкен ханзададан алып шығады: «Қырық ханның бірі болған Қызыл Арыстан деген Бұхарада тұрыпты. Осы күнгі бір өзінде он бес азаншы азан айтатұғын мұнараны сол Қызыл Арыстан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмаған. «Қызыл аяқ» деген елді шауып, ат көтіне салып әкелген бір қызға аяқ салып, онан бір бала сауысқанның аласындай туады. Бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандықтан, іші тарлық қылып, күндеп, «бұл баланы балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр. Мынау өскенде жұртыңды ала қылып ұстайды, еліңді ала тайдай бүлдіреді» деген соң хан қырық жігітке бұйрық беріпті:
– Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңдер. Өлсе өлсін, өлмесе өз бетімен қаңғып күн көрсін, – деп жер аударады. – Зинхар қайтып бұл жұртты мына қатын мен бала да көрмесін, сендер де көрмеңдер, – депті».
«Дәл он екі жасында бала Майқы бидің баласы Үйсінге оқтай ұшырап кез болыпты. Оған бір ауыз тіл қатпайды. Үн-түн жоқ қала береді. Үйсін үйіне барған соң Майқы биге сөйлепті: «Бір ағаштың көлеңкесінде жас баланы көрдім. Ай десе – аузы бар, күн десе – көзі бар, көрген кісі қызығып, бір қасық сумен жұтып жіберерлік. Жалғыз айыбы – тілі жоқ» депті.
Майқы би өзі ақсақ екен. Өмір бойы арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке жектірмей, жаяу кісіге тартқызады екен.
– Мені арбамен алып барыңдар, оны мен көрейін, – депті.
Бала Майқы биді көргеннен-ақ ұшып тұра келіп: «Ассалаумағалайкүм, хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы» деп сәлем беріпті.
– Уағаләйкүмәссәлем, әмсе аман бол, балам. Болайын деп тұрған ұл екенсің, қолына алып салушының жоқтығынан кем болып тұр екенсің. – Кел, балам, қасыма мін, – деп арбасына мінгізіп алып, үйіне алып келіп, төрткүл ошақ қаздырып, ту бие сойдырып, төменгі елді шақырады. Ала бие сойдырып, аймақ елді шақырады. «Ердің ері, егеудің сынығы» деп баласы Үйсінді бас қылып, жүз жігіт қосып береді.
– Қара таудан әрмен қарай асыңдар, Ұлытау, Кішітау деген таулар бар. Қаракеңгір, Жездікеңгір, Құдайберді деген жерлерге барып, ірге теуіп, салық салыңдар. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады. Сендер қараша боласыңдар. «Хан әділ болса, қарашасы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді деген» – деп батасын беріп, жүргізіп жіберіпті.
Ақтау, Ортаудан асып, Шу мен Сарысудан көктей өтіп, Майқы бидің айтқан жеріне келіп, ұйқыны бұзып, жылқы алды, күймені бұзып, қыз алды. Көшкен елді жөнекей алды, ереуіл елді отырған жерінде шапты. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды болды. Кейін бұларды іздеп Қотанұлы Болат жүз жігітпен келеді…
Бұлар келген соң бұрынғы келгендер: «Қайт деген сөзді айтпаңдар, өздерің де қайтпаңдар» дейді.
Аты бестісінде қартаятын,
Жігіті жиырма бесінде қартаятын,
Көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ,
Еркегі – ат, ұрғашысы жат болатын,
Тымақты тақияға айырбас­тайтын,
Тары мен бидайдың нанын жегенге,
Жаумен көженің суын ішкенге құтыратын,
Бөдененің бір санын жегенге күпті болатын,
Сарттың жаз болса – тұзын, қыс болса отыны мен көмірін тасығаннан басқа қызығы жоқ жерде не ақыларың қалды? – деген соң:
– Рас-ау, рас, – деп шақыра келгендер де қайтпай қалып қойыпты».
Бірақ, уақыт өткен соң «Қоға­мұлы Алшын бас болып жүз кісімен тағы келеді. Он үш ақсақал ере келіпті. Есеп саны үш жүз он үшке жетсе, дүние жүзі жиылса да, бетіне шыдамайды деген… Бұлар енді ел болғанымызды жұрт көзіне түсірейік деп, баяғы ала баланы алашаға салып, Ұлы таудың басына алашамен көтеріп шығарып хан сайлапты. Оған «Алаша хан» деп ат қойды». «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда «Алаш-Алаш» деп шабыңдар, «Алаш» демегенді әкең де болса ұрып жыға беріңдер» деп бата қылысты:
– Кеше Алаш, Алаш болғанда,
Алаша хан болғанда,
Үйіміз ағаш болғанда,
Ұранымыз Алаш болғанда,
Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?! – деп айтылған сөз содан қалған.
«Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, жұрт болып көзге көрініп, ауызға ілінген емес. Өз алдына отау тіккен емес. Әр жұртқа қоңсы болып жүрген.
«Болат қожа» дейді, «Ақжол» дейді, екеуі бір кісінің аты. Өзінің шын аты Жанарыс екен. Жұрт алдында Ақжол атанған.
Ұлы жүз ұраны – Бақтияр,
Кіші жүз ұраны – Алдияр,
Орта жүз ұраны – Ақжол.
Қазақтың қазақ болып, көзге түсіп, ауызға ілінгені осы Алаша ханның хан болып тұрған кезі. Қазақтың басын қосып, біріктіріп, орын тептірген де Алаша хан. Сонан бері Алаш ұранды Қазақбайдың баласы жанжал, ұрыс-төбелес болса, «Алаш-Алаш» деп айғай салса, естіген қазақта ес қалмайды».
Шығыстың Алаша хан дәуірі туралы жазба деректері жоғарыда М.Ж.Көпейұлы баяндаған нұсқадан өз негізін алады. Олардың ішіндегі Алаша хан туралы толық мағлұматы бар Рашид-ад-дин жазбасы ерекше: «…түріктер Яфетті Булджа-хан (Алаша-хан) деп атады және қазір де солай атап келеді және осы Булджа-хан (Алаша-хан) Нұқтың не ұлы, не немересі екенін анық біле қоймайды, бірақ соның әулетінен екеніне және уақыт жағынан соған жақын екендігіне келгенде олардың барлығының да жауаптары бір. Бүкіл моңғолдар, түрік тайпалары және барлық көшпелілер (мәтінде: далада өмір сүрушілер) соның әулетінен тарайды. Осы мәселенің анық-қанығын былай түсіндіреді.
Булджа-хан (Алаша-хан) көшпелі болған; оның жазғы жайлауы керемет үлкен және биік таулар болып табылатын Ортау және Казтауы, сол шамада Инандж атты қала болған. Булджа (Алаша)-ханның қысқы қонысы да сол маңайда болған, Бурсук (Борсық – Ж.А.), Какьян и Каркорум (Каракум? – Ж.А.), оны Каракорум деп те атайды, аталатын жерлерде. Осы жерге жақын Талас и Кары-Сайрам сияқты қалалары орналасқан.
Соңғы қала өте көне және тым үлкен. Осы қаланы көргендер оның бір шетінен екінші шетіне жету үшін бір күн жүру керек және оның қырық қақпасы бар дейді. Бүгінгі уақытта онда түрік-мұсылмандар мекен етеді…. Булджа (Алаша)-ханның Диб-Якуй (Диб-Бакуй) аталатын ұлы болған. «Диб» деген сөз сөзжарыс немесе қызмет орыны, ал «якуй» сөзі барлық тайпалардың үстінен қарайтын (адамды) білдіреді…» (Рашид ад-дин. Джами ат-таварих: Сборник летописей. Т. 1. Кн. 1. М., 1952., І-І, 80-81-б.).
Әбілғазы баһадүр ханның «Түрік шежіресі» жоғарыда айтылған әңгімені толықтыра түседі. Оның жазуына қарағанда, Алаша хан Яфеттің замандасы емес, алтыншы ұрпағы (ата санағанда): Яфет – Түрік – Түтік – Елшехан – Диб Бакуй – Киік хан – Алаша хан. Бұл жорамал, біздің ойымызша, шындыққа жақын. Дегенмен, Алаша ханның өмір сүрген уақыты атақты жер бетін топан су басу оқиғасынан тым бері емес екені анық.
Әбілғазы хан Алаша ханның билік құрған әфсаналық заманына келесі сипаттаманы береді: «Алаша хан (көптеген аудармаларда Алынша хан деп берілген-Ж.А.) көп жылдар патшалық қылды. Нұх пайғамдар заманынан Алаша ханға шейін барша Иафес әулеті (көп шежірелерде Яфет-Ж.А.) мұсылман еді. Алаша хан заманында жұрт байып, дәулеті тасыды. «Ит семірсе, иесін қабар» деген өзбек мақалы бар еді. Әр кісі өзінің ең қимас адамы: не ұлы, не қызы, болмаса аға-інісі өлсе соған ұқсатып қуыршақ жасап қояр еді, ас келгенде оның алдына ас қосып, оның жүзін көріп, көзін сүртер еді, оған бас ұрар еді. Бұндай әдет қайталана келе пұтқа табынуға әкелді.
Алаша ханның егіз туған екі ұлы бар еді, бірі – Татар, бірі – Моңғол. Алаша хан қартайған соң елін екі ұлына бөліп берді. Бұл екеуі бір-біріне жамандық ойламай, тату-тәтті, бақытты өмір сүрді» (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы, 1991,17-б.).
Жоғарыда келтірілген Алаша хан туралы әңгіме қазақ шежіресінің белгілі маманы Құрбанғали Халид еңбектерінде өз жалғасын тапқан. Қ.Халид «Алаша хан – жалпы хандардың бабасы, татар мен моңғолдың атасы» дей отырып, өзінің уәждерін дәлелдеу үшін қазақтың тарихи фольклорындағы материалдарға жүгінеді:
Алаш, Алаш болғанда,
Алаша хан болғанда,
Қазақ, қалмақ, ноғайлар,
Бәрі сонда бір болған.
Ынтымағы жарасып,
Жайқұн көлдей бай болған,
Еділ, Жайық, Оралға,
Ортан көлдей жайылған.
(Халид Қ., Тауарих хамса. Алматы, 1992, 55-б.).
Алаша хан туралы аңыздардың бірнеше үлгісін ел аузынан жазып алған Ш.Уәлиханов та оларға өте жоғары баға берген. «Қазақтың шығу тегі» мақаласында Шоқан қазақ аңыздарының тарихи уақиғаларды нақты баяндайтынын, шыншылдығын ерекше атап өтеді және аңыздың бұл нұсқасындағы ерекшелік Алаша ханға қосымша дана қария Алаштың болуы.
Қазақ түсінігінде елдік дәстүр, әдет-ғұрып, адамсүйгіштік пен қайырымдылықтың үлгісі Алашамен байланысты қалыптасқан. Соның ішінде «қонақасы» дәстүрі «Алаштан қалған бөлінбеген енші» деген түсініктерге сүйенеді. «Қонақасыдан» басқа данагөй Алашадан ұрпақтарына қалған тағы бір өсиет, бұл – «жылу», яғни, өртке ұшыраған, жау шабуылына ұшыраған немесе қатал қыста малынан айрылған туыстарына көмек».
ХХ ғ. басында қазақ тарихы туралы тамаша еңбек жазған өлкетанушы А.П.Чулошников қазақтың тарихи аңыздарын зерттей келе, мынадай қорытынды түйеді: «біз өз шыққан тегін баяндайтын халықтық әңгімелер деп түсінетін «тарихи аңыздар» үш бөлікке бөлуге келеді: 1) ұлттық «қазақ» атауын түсіндіруге ұмтылған аңыздар мен қария сөздер…; 2) қазақ-қырғыз халқын арабтар мен исламның алғашқы сахабаларымен байланыстыратын аңыздар мен әңгімелер…3) ең соңында, қарапайым, еш қулықсыз, оны Алланың сүйікті діні – мұсылмандықпен байланыстырмай, оның атауынан бір ерекше мағына іздемей-ақ өз халқының шыққан тегін баян қылатын аңыздар мен қария сөздер…. Осылар негізінен әфсаналық Алаша тұлғасы, қазақтың бірінші ханы туралы айтылатын аңыздар мен қария сөздер біздер үшін ең қымбаттысы болып табылады, себебі, оларда өзінің тым алыс тарихы туралы баяндайтын халықтық дәстүрі орын алған…» (Чулошников А.П., Очерки истории казак-киргизского народа. Ч. 1. Оренбург, 1924, с.218). Тарих ғылымында Алаша ханды ХІV-ХVІ ғасырларда өмір сүрді дейтін пікір кездеседі. Алдымен ­Ш.Уәлихановтың өзі де, оның артынан осы тақырыпқа жазған А.П.Чулошников та шамалап ХІV ғасырдан асыра алмаған.
Қазақ ортасында сақталған Алаша хан туралы аңыз мазмұны алғашқы мемлекеттік құрылымды Еуразия даласында бақташылық тіршілік жаңа басталған кезеңмен байланыстыруға мүмкіндік берілді. Бұл уақиғалардың Еуразия құрлығында алғашқы жылқыны қолға үйрету кезеңімен байланыстылығы күмән келтірмейді. «Алаша» татар, башқұрт, чуваш тілдерінде жылқы деген мағына береді, ал осы сөзден көне славяндардың «лошадь», «лачуга», «алашить» аталатын сөздері бастау алады. Үндіеуропа тілдерінде осы сөзден көшірме «пеку» мағынасы – жылжымалы дүние, байлық, мал, ал осы сөзден шыққан «то алаго» мал – байлық, жылқы, «то аланта» – байлық, ақша түрінде кездеседі (Бенвенист Э. Словарь индоевропейских социальных терминов. М., 1991,с.59-60). Еуропалық – «пеку», орысша «пегий» қазақ тіліндегі ала ұғымының аудармасы емес пе?! Әрине, өз кезегінде жылқыны бағындырудың арғы жағында біздің ата-бабаларымыздың сиыр малын қолға үйретіп, пайдаланған бірнеше мыңжылдық тәжірибесі бар.
Алаша хан туралы қазақ аңызы Еуразия даласында жаңа қалыптаса бастаған мемлекеттілік нышандарына қарай бастайды. Шамасы, аңызға арқау болған заман үнді-еуропалық, орал-алтайлық тайпалардың Ұлы даланы бірге жайлаған мезгілі (б.з.б. IV-III мыңжылдықтар). Ерте бақташылық, жылқыны қолға үйрету, алғашқы шапқыншылықтар, т.б. осы заманның белгілері.
Қола дәуірінде қазақ даласын ария, тур, қиян тайпалары жайлаған б.з.б. ІІІ-ІІ мың жылдықтарда «Алаш» культі одан әрі дамып, кешенді шаруашылықпен айналысқан тайпалардың мемлекет құру және көші-қонына әсер етті. Бір қызығы, бұл дәуірде Қазақстан жерінде, әсіресе, оның орталық өңірінде қола металлургиясы өте қарқынды дамып, Еуразияның шет аймақтарына, көне отырықшы өркениеттерге мыңдаған тонна металл аттандырылды. Тау-кен ісінің осыншама деңгейде жедел дамуы екі түрлі нәтиже берді деп айта аламыз: біріншіден, оңтүстік пен солтүстік арасында ірі сауда жолы қалыптасты және бұл меридиандық бағытта Үндістан, Қытай, Иран мен Грекияны Еуразияның далалық аймағымен байланыстырды. Егер біз тілдік деректерге көңіл бөлсек, осы аталған өлкелердің бәрінде де қазақтың «жез» деген сөзінің еш өзгеріссіз әлі күнге дейін қолданылатынын көрер едік.
«Алаш» ұғымы мыңжылдықтар мен ғасырлар шаңына көміліп қалмай, қазақ тарихының ең шешуші кезеңдерінде қайта жаңғырып отырды. Оның бір дәлелін Қарахан дәуірінде бұл ұғымның көшпелі түркі тайпаларының басын қосатын символ есебінде ұранға қолданылуынан көреміз. Ел жадында ұмытыла бастаған «алаш» ұғымы түркі руларының бас қосуына ұйытқы болғанын Құрбанғали Халид жазбаларындағы деректер растайды.
Алтын Орда дәуірінде ноғайлы ұлысы /суперэтнос/ құрамында «алаш» қауымының болғанын біз бірталай ортағасырлық тарихи шығармалардан кездестіреміз. Солардың ішінде аса бір назар салатын еңбек – Масуд бен Усман Кухистанидің ХVІ ғасырдың алғашқы жартысында жазылған «Тарихи Абу-л-хайр-хани» атты еңбегі. Бұл кітапта айтылатын «юрт Алаша бахадура», «Алаш бахадур и его аймак» ұғымдары тікелей алаш еліне қатысты деп білеміз. Алаш тек дала көшпелілеріне ғана тән этносаяси ұғым болғандықтан, оны Масуд Кухистани да, осы шығарманы орысшаға аударған тамаша шығыстанушы С.К.Ибрагимов те онша айыра қоймағанға ұқсайды.
«Алаш» ұғымы мемлекет идео­л­­­огиясы ретінде ХVІ ғасырдың ортасында Қазақ хандығы ту көтергенде толыққанды қызмет атқара бастады. Ел болу үшін идеа­лды бағдарлама және негіз керек. Қазақ қауымының ішіне енген әртүрлі, әртекті рулар Алаша баласы болып, бірі ағалық, бірі інілік жолмен туыстық жүйе құрады. Осы шешімнің белгісі ретінде Ұлытауда Қазақ хандығының алғашқы хандарының заманында Алаша ханға арналған кесене тұрғызылды. Алаша хан күмбезінің тарихы Қазақ хандығының ту көтерген тарихымен қатарлас, шамалас екенін сәулет өнері саласындағы мамандар да айтады. Алаша ханды мемлекеттің символы қылып алу, туыстық идеологиясын соған бекіту жас Қазақ мемлекетіне мықты іргетас жасап берді. Өте күрделі рулық құрамы бар қазақ халқы үшін Алаша хан таптырмас негіз еді. Бұл – қазақ халқының бірнеше мыңжылдық тарихындағы ең басты ескерткіші, бұл елдіктің, мемлекеттіліктің белгісі.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ
профессоры




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button