Руханият

«Қазақ тілі» қоғамы: Жаңа басшы, жаңа міндеттер



Кеше Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс құрылтайы өтті. Құрылтайға қоғамдық бірлестіктің төралқа және орталық кеңес мүшелері, Қазақстанның барлық аймағындағы делегаттар мен елге танымал тіл жанашырлары, тілші ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Жиында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңа президенті сайланып, ұйымның алдағы жұмыс жоспары талқыланды.

Офлайн және онлайн форматында өткен құрылтайда ұйым президенті, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өткен кезеңдегі қызметі туралы баяндама жасады. Ол 2021 жылдың 26 қарашасында Түркістанда өткен қоғамның VI құрылтайында ұйым басшысы болып сайланды.

– Бір жарым жыл бұрын жұмысымызды бастағанда тек тілге ғана емес, жалпы руханият мәселелеріне көбірек көңіл бөлсек деген мақсат қойдық. Ұйымдастыру жұмыстарына көп уақыт кетті. Өңірлердегі филиалдарды қайтадан жаңғыртып, аудандарда қайтадан құрып, қаражат мәселесін шешу бойын­ша біраз жұмыс атқардық. Қазір қоғамның 135 филиалы  құрылып, бас кеңсесі Астана қаласына көшірілді, – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Оның айтуынша, 2021 жылдың қарашасынан 2022 жылдың басына дейін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Сол жылдың 10 қаңтарында ұйымның жоспары мен бағдарламасы бекітілді. Бірақ «Қаңтар оқиғасы» жоспарды толыққанды іске асыруға кедергі келтірді. Дегенмен, қоғамның Астана қалалық филиалының бастамасымен «Қазақ тілі мен мәдениеті» форумы өткізілді. 1986 жылғы қасіретті оқиғаларға байланысты «Желтоқсан» деп аталатын кітап жарық көрді. «Алтын қыран» компаниясының демеушілігімен музыка сүйер ортада танымал «Spotify» қызметінің қолданба мәзірі мен интерфейсі қазақ тіліне аударылды. Қазақтілді тұтынушылардың қызмет алу құқығын қорғау мақсатында «Көрнекі» жобасы іске қосылды. Жоба кәсіпкерлік нысандардың тілге қатысты заңнаманы қатаң сақтауына ықпал етіп жатыр. Бұған қоса, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдас­тыруымен «Народные восстания в Казахстане в 1920-1930-е годы. Монография в документах» кітабы баспаға дайындалды.

Берік Әбдіғалиұлы өзінің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты қоғамдық бірлестік басшылығына Bilim Media Group компаниясының басшысы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлының кандидатурасын ұсынды.

Кандидатты таныстыру барысында оның бастамасымен интернеттегі қазақ тіліндегі мазмұнды дамыту және оған қолжетімділікті арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асқаны айтылды. Атап айтқанда, 2011 жылы құрылған «WikiBilim» қоғамдық қоры «Қазақша Wikipedia» жобасын іске асырды. Екі жылдық жұмыс нәтижесінде Уикипедиядағы қазақша мақала саны 7 мыңнан 200 мыңға дейін артты. Қазір қазақ тіліндегі Уикипедия бөлімі айына 14-15 миллион рет қаралады. Ал 2014 жылы Рауан Кенжеханұлының ұйымдастыруымен қазақ тілі Google Translate жүйесіне қосылды. Сондай-ақ қазақ тіліндегі кітап қорын, соның ішінде көркем және ғылыми әдебиетті цифрлы форматқа өткізуге бағытталған «KITAP» – Қазақстанның ашық кітапханасы, студенттерге арналған OPEN_U – «Қазақстанның ашық университеті» сынды ауқымды жобалар жүзеге асырылды.

2017-2021 жылдары ­Рауан Кенжеханұлы басқарған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясы аясында әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аударып таратты. Сонымен қатар қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясы БҰҰ-ның 6 тіліне, Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағы әлемнің 10 тіліне аударылып, әлемнің 100-ден аса еліне тарады. 500 мың сөз бен сөз тіркесінен тұратын OXFORD QAZAQ Dictionary (Оксфорд қазақ) сөздігі жасалды.

Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен бірауыздан Рауан Кенжеханұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып сайланып, ұйымның бұрынғы басшысына құрмет көрсетілді. Сондай-ақ қоғамның орталық кеңесі мен басқарма құрамы жаңартылып, толықтырылды. Атап айтқанда, орталық кеңес және басқарма құрамына Цифрлы даму және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусин, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, кәсіпкер-меценат, TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тастекеев кірді.

Жаңадан сайланған қоғам президенті білім беру саласындағы қазақ тілін оқыту сапасы, оқу сауаттылығын көтеру, қазақ тілінің кәсіпкерліктегі, ақпараттық технологиялардағы қолданыс аясын кеңейту, көпшілікке, соның ішінде балаларға қажетті қазақ тілді мазмұнды арттыру, тілді үйренуге және біліктілігін жетілдіруге ниетті ортаға арналған көпшілік жобалар, қазақ тіліндегі мазмұнды цифрлы форматқа көшіру мәселелеріне ерекше ден қоя отырып, қоғам мүшелерімен бірге жұмыс істейтінін айтты. Аталған міндеттерді іске асыруға қажетті ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық шаралар мен жобалар кешені дайындалатын болды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button