Басты ақпаратҚоғам

Қазақ тілін қорлау қашан тоқтайды?



Тарих қойнауына көз жүгіртіп, өткен ғасырдың басындағы жүрегі халқым деп соғып, елі үшін еңіреген арыстарымыздың сөзіне құлақ түрсек, мемлекетті қалыптастыратын, оның нағыз діңгегі болып саналатын ұлттық идея екен. Ұлт болып ірге бекіту үшін осы сөздің маңызы мен мәнін айтып жатудың өзі артық. Бірақ біз қазір ұлттық идеяға қаталап, шөлдеп қалдық.

Соның салдарынан мемлекетті құрау­шы ұлт бола тұра, бүгінгі күнге дейін ұлттық құндылықтарымызды алдыңғы орынға шығара алмаудамыз. Рас, біреулер «ұлттық идея, ұлттық мүдде – өте нәзік әрі күрделі мәселе. Оған бір жақты қарап, асығыстық жасауға да болмайды» дегенді де айтады. Дегенмен, Алаш ардақтылары өсиеттеп кеткен ана тілімізді – мемлекеттік тілді неге отыз жыл бойы төрге шығара алмай келеміз. Төрге шығармақ түгілі, кейінгі кезде бас қаламыз Астананың өзінде мемлекеттік тілде сөйлеп, заңды құқыңды талап етсең, сені тырнақ астынан кір іздеп жүрген даукес санайтындар шыға бастады. Мәселен, елорда тұрғыны, қоғам белсендісі Жандос Өстемір әлеуметтік желіде «Гелиос» мемлекеттік тілге неге түкірді?» деген жанайқайын жариялап, Астанадағы «Гелиос» компаниясынан мемлекеттік тілде жасалған шартты сұрағаны үшін оған қызмет көрсетуден көпе-көріне бас тартқанын ашына жазды.

«Осы мекемедегі Нұрлан ­Қайыпов деген менеджер жігіттен мемлекеттік тілдегі келісімшартты талап етіп едім, ол әрлі-берлі шауып, ештеңе шеше алмады. Алматы қаласындағы басшылығына хабарласты. Бірақ қазақ тілінде рәсімделген құжаттары болмай шықты. «Күтейін, қанша уақытта ұсына аласыздар деп едім», ешқандай жауап болмады.

115 телефоны арқылы Бас прокуратура мен қалалық прокуратураға,  Әділет министрлігіне хабарластым. Біріне-бірі сілтеп, ешкім мардымды жауап бере алмады. Ал Есіл ауданы прокуратурасының кезекші прокуроры Нұрсұлтан Отарбаев: Менің қазақша амандасқаныма «Здрасти» деп жауап беріп «мен бұл жерден ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын» деді. Оның айтуынша, прокуратура қылмыс жасалса, немесе бір «резонансты істер» шығып жатса ғана араласады екен.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетіне хабарластым. Төрағаның орынбасары Бағдат Қожахметов «тек жазбаша шағым жазыңыз, сонда ғана қарастырамыз» деді.

Ал Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің қабылдау бөлмесіне бірнеше рет хабарласқаныммен тұтқаны көтермеді. Осы кезде «Гелиос» кеңсесіндегі 10 қазақтың тоғызы орыс тілінде сөйлесіп, мені ала көзімен атып отырды. Сөйтіп, мемлекеттік тілдегі келісімшарт сұраймын деп өз елімде, өз астанамда жанармай талонын ала алмай еңсем түсіп, кейін қайттым» деп мемлекеттік тілдің мүшкіл халін паш етті.

Бір қарасаңыз, елімізде мемлекеттік тілдің дамуына барлық жағдай жасалып қойған сияқты. Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасы мен мемлекеттік тілді оқытатын арнаулы бағдарламалары да бар. Бірақ бұлар жеме-жемге келгенде дәрменсіз. Қолдарында өкілеттігі жоқ. Сондықтан оларға өкпе артуға болмайтын да шығар?..

Ойыма қоғам қайраткері, саясаттанушы-ғалым Әбдіжәліл Бәкір айтқан мына бір сөздер түсті:

«Шынтуайтында, кейбіреулер қазіргі күні қағаз жүзінде де, іс жүзінде де ұлттық мемлекеттілікті, оны құрап отырған қазақ ұлтын да мойындағысы келмейді. Өзге түгілі, өз қандастарымызға ұлттық тұрғыдан талап қоя алмай отырмыз. Ұлттық мүддеміздің алға шықпай отырғанының бір себебі – осы. Баяғы құлдық психология, өзгеге жалтақтау, басқаға жөн-жосықсыз еліктеу, саяси белсенділігіміздің әлсіздігі, рухани жұтаңдануымыздың бәрі, айналып келгенде, ұлттық мәселелеріміздің шешілуіне тұсау болып келеді. Оның үстіне ескі Қазақстанда «алдымен экономикалық мәселелерді шешеміз, содан кейін басқа салаларға көшеміз» деп жүріп, рухани дүниелерімізді тым кешеуілдетіп алдық. Менің ұғымымда – қоғамның өзі тұтас бір дүние. Сондықтан саяси  қарқынға рухани әлеміміз де қатар ілесу керек еді. Әлемдегі ең ақылды ел саналатын Жапония екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірден адами факторларға мән беріп, халқының білімін көтеріп, жауапкершілігін арттырып, жеке интеллектуалдық әлеуетін нығайтыпты. Олар ұрпақ бойына «ұлттық абыройың болмайынша, ұлтқа пайдаңды тигізбесең, ұлттың ұлы, азаматы емессің» деген қағидатты сіңірді. Соның арқасында жапондар бүгінде алысқа кетті. Биікке жетті. Бізге осылай талап қою жағы жетіспей жатыр. Оны айтасыз, мемлекеттің ұлттық сипатын да әлі айқындай алмай отырмыз. Ол айқындалмайынша, ұлттық мүддеге деген көзқарас та түзелмейтінін естен шығармауымыз керек. Биліктегі қаракөздеріміздің ұлтшылдығы кемшін. Осы ұлтсыздық сана ұлттық ойлау жүйемізді бұзып, ұлттық танымымызды әлсіретті. Бізге рухани серпіліс керек. Біздің «бұл ең бірінші кімнің мемлекеті, алдымен кімнің сойылын соғып, жыртысын жыртуымыз керек, кімнің мүддесін ойлауымыз қажет» деген тұрғыда терең зерделейтін мезгіл жетті» деп еді ғалым.

Мемлекеттік тілдің құрметтелмейтіне тағы бір мысал. Біздің аулада 330 пәтер бар. Мұнда тұратындардың 80 пайы­зы өзіміздің бауырлар – қазақтар. Сөйте тұра кешқұрым аулаға шықсаң, ойын қуған бала-шағадан бастап, тынығып, әңгіме-дүкен құрып отырған кемпір-шалдарға дейін тек орыс тілінде сөйлейді. Бірде мынадай оқиға болды. 1 мау­сым – балалар күніне орай ауламызда іс-шара өткізілді. Ән айтылды, ойын ойналды. Бүлдіршіндердің барлығына дерлігі қаракөздер бола тұра жүргізуші балаларға арналған бағдарламаны тек орыс тілінде жүргізді. Бұған шыдамаған ұлтжанды көршім жүргізушіге «қазақ тілінде де жүргізсейші, менің немерем орыс тілін түсінбейді» деп ескерту жасап еді. Сол тұстағы белсенді екі кемпір (тілі – орыс, түрі – қазақ) «балаларға арналған іс-шараның шырқын бұзды» деп полиция шақыртты. Сөйтіп, полицияға біздің де құқымыз бар екенін түсіндіріп әлек болдық. Сонда келген полиция бізге не айтты дейсіз ғой. «Ағайлар, жоқ жерден тілді ілік етпей, орысша түсінесіздер ғой, үн-түнсіз тыңдай бермейсіздер ме?» деп өзімізді кінәлап кетті.

Астана қаласында 164 білім ошағының 100-і – мемлекеттік мектеп  екен. Ал сол жүз мектептің 35-і – қазақ тілінде, 8-і – орыс тілінде, 57-сі қос тілде оқытатын көрінеді. Міне, біздің болашағымызға қауіптісі – сол аралас мектептер. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, осы аралас оқытылатын балалардың көбі өзінің ана тілі – қазақ тілін менсінбейтіндер болып отыр. Білетіндердің айтуынша, орыс мектептері мен осындай аралас мектептерде қазақ тілі атүсті, немқұрайлы оқытылатын көрінеді.

Әрине, тіліміз өз мәртебесін ала алмай, аяқ асты болып жүргенінің себеп-салдары көп. Ең бастысы – қолданыстағы Заң жұмыс істемейді.  Мысалы, «Тіл туралы» Заңның 23-бабында: «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» делінген. Бұл қағидаттың орындалуын қадағалау арқылы да тілімізді бірталай дәрежеге жеткізуге болар еді. Алайда оны құзіретті органдар мүлде естен шығарды. Оған қоса, бұрынғы орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі деген жетпегендей, негізгі Заңның 7-бабының 2-тармағында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген құқықтық норма онсыз да қауқарсыз қазақ тілін мүсәпір жағдайға ұшыратты.  Соның салдарынан кейінгі кезде жұрттың көбі ресми тілдің жетегінде кетті.

Мұны кейбір ұлтжанды, елдің ертеңін ойлаған азаматтар айтудайын айтып-ақ жүр.  Бірақ Ата заңдағы 7-баптың екінші тармағы алынып тасталмай, оған қоса мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеретін жаңа заң қабылданбай іс оңға баспайтын сыңайлы.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button