Руханият

Қазақстан белестері



  1. 1991 жылы 16 желтоқсанда ­«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Рес­публикасының Конституциялық заңы қабылданды. Қазақстанның тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып Түркия, Америка Құрама Штаттары, Қытай, Ұлыбритания, оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам Республикасы мойындады.2. 1992 жылдың 2 наурызында ­Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйы­мының (БҰҰ) мүшесі атанды. Сол жылы маусымда әлемдік ұйымдағы тұрақты өкілдігі ашылды, қыркүйек айында өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 47-сессиясына Қазақстан Президенті қатысып, сөз сөйледі. БҰҰ-ға мүшелік кезінде Қазақстан әр жылдарда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақырту, Орталық Азия экономикасы үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы бағдарламасын құру, Арал және Семей сынды экологиялық апатты аймақтарды қалпына келтіру, 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні ретінде жариялау, т. б. бастамаларды ұсынды.

3. 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Рес­публикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы Қорғаныс министрі етіп генерал-полковник (1993 жылдың 9 мамырынан армия генералы) С.Қ.Нұрмағамбетовті таға­йындау туралы Жарлықтарға қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып бекітілді. Бүгінде Қазақстанның жеке қорғаныс-өндіріс кешені бар, бітімгерлік қызметі де жақсы дамыған. ҰҚКҰ, ШЫҰ-ның мүшесі және НАТО-ның «Бейбітшілік үшін ынтымақтастық» бағдарламасының мүшесіне айналған Қазақстан ТМД-дағы көптеген параметрлер бойынша ең табысты мемлекеттің бірі бола отырып, үлкен жауынгерлік әлеуеті бар Қарулы Күштерді құрды.

4. 1991 жылы 2 қазанда қазақ ғарышқа ұшты. Бұл – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ» ғарыш кемесімен «Мир» орбиталық кешеніне кеңес космонавт-зерттеушісі ретінде ұшып, ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минут болды. 1994 жылы 1 шілдеде «Союз ТМ-19» кемесімен Талғат Мұсабаев ғарыш сапарына аттанды. Осы сапарда қазақ ғарышкері 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. 126 тәулікке созылған сапарында ол ашық кеңістікте 11 сағат 7 минут өткізген.

5. 1992 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен ­Ниязбеков. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан. Бұрын танымал болған «Менің Қазақстаным» әні Қазақстанның гимні ретінде Президент Нұрсұлтан ­Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.

6. 1992 жылдың 27 тамызында Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Теңгенің дизайнын жасаған суретшілер – Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы айналысқа енгізілді.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерімен мемлекеттік шекараға байланыс­ты халықаралық шарттар қабылдады. Шекараны шегендеу ісі 1998 жылы басталып, 2002 жылғы 10 мамырда Бейжің қаласында Қазақстанның Сыртқы істер ми­нистрі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытайдың Сыртқы істер министрі Тан Цзясюаньнің Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының сызығын демаркациялау туралы хаттамаға қол қоюымен аяқталды. Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының жалпы шегенделген ұзақтығы – 1783 км, оның ішінде құрлық шекарасы – 1215,86 км, су шекарасы – 566,89 км.

7. 1992 жылғы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында қазақтардың 1-інші Дүниежүзілік құрылтайы Алматыда өтті. Түркия, Германия, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Австрия және басқа 33 елден 800-ден астам өкіл қатысқан құрылтайда ҚР Президенті Н.Назарбаев баяндама жасады. 2002 жылы Түркістан қаласында өткен 2-нші құрылтайда тарихи отанына оралуды аңсап жүрген қандастар қатарының толығуы жайында сөз болды. 2005 жылы 27 қыркүйекте Астанада өткен 3-інші Дүниежүзілік құрылтайда шетелде тұратын қандастарды Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқытуда жағдай жасау мәселелері талқыланды.

8. Қазақстан 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы қабылданды. Конституция 9 тараудан, 98 баптан құралды. 1995 жылы 30 тамызда Ата Заң қайта қабылданды.

9. 1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 2019 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 1121800 мың адам тұрады.

10. 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі өтті. Оған ислам, христиандық, иудаизм, син­тоизм, индуизм және буддизмнің беделді өкілдері қатысты. Бүкіл әлемдегі адамзат баласының бейбіт өмірі үшін түрлі діндер өкілдерінің ынтымақтастығы мен бірлігінің өзектілігін көтерген съездің идеясын әлемнің аса ықпалды саясаткерлері қолдады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезі Астанада 2006 жылы 12-13 қыркүйекте, III съезі 2009 жылы 1-2 шілдеде, ал IV съезі 2012 жылғы 30-31 мамырда өтті.

12. 2010 жылы 1-2 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ саммиті өтті. Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 38 мемлекет және үкімет басшысы, халықаралық және өңірлік ұйым­дардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведев, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германияның федералдық канцлері Ангела Меркель, Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони, т. б. болды. Саммитте Еуро-Атлантика және Еуразия кеңістіктеріндегі тұрақты қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстандағы қақтығыстарды шешу жайы талқыланды.

13. 2011 жылы қаңтар-ақпан айларында елімізде тұңғыш рет VII қысқы Азиада ойындары өтті. Азиаданың қарсаңында Астанада «Алау» жаңа мұзайдын сарайы, Алматыда шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы жарысын өткізу үшін шаңғы-биатлон стадионы салынды. Қазақстан қысқы Азиадада 32 алтын медаль иеленді және жалпыкомандалық есепте айқын басымдылықпен бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Жапония, үшінші орынды Оңтүстік Корея, төртінші орынды Қытай иеленді.

14. 2017 жылы «ЭКСПО-2017» көрмесі өтті. Көрме аумағында 4 мың пәтер, жаңа мейманхана, конгресс-орталық, ұлттық павильон, «Нұр Әлем» және корпоративтік павильондар, ойын-сауық және қызмет көрсету нысандары орналасты. Көрме кешенінің жалпы ауданы – 174 гектар. Әлемдік энергияны сақтау, баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа технологияны қолдануға мүмкіндік беретін көрмеге барлық құрлықтың 178 елінен миллиондаған адам қатысып, өздерінің ғылыми жетістіктерін көрсетті.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button