Басты ақпаратЖаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН – ДОСТЫҚ МЕКЕНІ



era_1018-2-asli

Астана қаласының Қазақстан халқы ассамблеясы Алғыс айту күніне орайластырып достықты дәріптеген шара өткізді. 

Елордамызда Достық үйінің болмауына бай­ланысты осы күнге дейін эт­номәдени орталық­тары­ның жұмысын бір жерден үйлес­тіріп, бір жерде бас қосуы­на мүм­кіндік болма­ған еді. Қала әкімдігінің қол­да­уымен «Маржан» биз­нес орта­лы­ғы орна­­лас­қан ғима­раттың бір қабаты этномәдени орта­лық­­­тарына бөлінді. Олардың шығармашылық ұжым­­­дарына арналған кең залы да бар. Алдағы жазда өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі қарса­ңында біздің этно­мәдени орта­лық­тарының күші­мен қойы­латын бірнеше кон­церттік бағдарламамыз жос­­пар­ланып отыр. Қазір кос­тюмдерге тапсырыс беріп, дайындыққа кірісіп те кеттік» деді елордалық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова. Қалалық мәслихат депутаты Зейнулла Шибкенов ассамблея мү­ше­лерін жаңа қонысымен құт­тықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Осында орын тепкен 11 этномәдени бірлестіктер «достық дастарханын» жайды. Әрбір мәдени орталықтардың өкілдері ұлттық ас мәзірін дайындап, бар­шасы бір дастархан басында жиналды.
Астаналық ассамблеяның қадірлі ақ­сақалы, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының жетекшісі Салман Героев өз сөзінде қазақ халқына ықыласын білдірді.
– Алғыс айту күні өткен жылы алғаш рет Елбасының бастамасымен, мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығының жарқын мерекесі ретінде жария етілген болатын. Қазақ жеріне, қазақ халқына ерекше алғысты этностардың бірі – шешен-ингуштер. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде біздерге пана болып, жер ауып келген халық аман қалды. Сол себепті сол ауыр күндерді ризашылықпен де еске аламыз. Қазақстан бүгінде достық мекеніне айналып отыр. Мәдени орталықтар ашып, өз тарихымызды, мәдениетімізді білуге бар мүмкіндік жасалып, қазақ жерінде қазақ халқының арқасында жасап жатырмыз, – деді.
Украин мәдени орталығының жетекшісі Тамара Ширмер де осы тілекке қосылып, қоғамдық келісім мен бірліктің арқасында қол жеткен жетістіктерін баяндады.
Бір қабатқа түгел орналасқан этно­мәдени бірлестіктерінің арасында құрыл­ғанына биыл 10 жыл толып отырған өзбек ағайындардың орталығы да бар. Шерзод Пулатов жақында өткізген шығыс шайыры Әлішер Науаидің мұрасына арналған кеш туралы баяндап берді. Осы кеште қазақ, өзбек, орыс тілдерінде ақынның ғазалдарын оқыған студент жас­тар руханиятқа бойлап, екі елден келген қоғам қайраткерлерінің сұхбаты кешке мән бергенін қуана жеткізді.
Елордалық ассамблея жұмысын жандандырып, жаңа серпін берген оқиға Алғыс айту күні өтті. Оның өнегесі мен сыйластық үлгісі халықты топтастыратынына тағы да көзіміз жетті.

Айгүл УАЙСОВА




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button