Жаңалықтар

Қазақстан-Корея: сенімді серіктес



Оңтүстік Корея Президентінің резиденциясында ресми делегация мүшелерінің қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Мун Чжэ Ин келіссөздер өткізді. Тараптар қазақ-корей стратегиялық әріптестігін одан әрі дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар мемлекеттер басшылары ғаламдық және аймақтық өзекті мәселелерді қарастырып, халықаралық құрылымдардағы өзара ынтымақтастықты талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Мун Чжэ Инге корей жерінде көрсетілген құрмет пен қонақжайлығы үшін ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен кездесудің қазақ-корей қарым-қатынасына тың серпін бергенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея Қазақстанның Азиядағы ең маңызды стратегиялық әріптесі екенін атап өтті.

– Бүгінгі таңда Қазақстанның экономикасына 6 млрд доллардан астам корейлік инвестиция тартылған. Инвестиция тарту ісін бұдан былай да жалғастыра беру керек деп ойлаймын. Мен осыдан екі жыл бұрын өзара байланыстарымызды арттыру үшін ауқымды жоба құру керек екенін Сізге айтқанмын. Қазір Қазақстанда кореялықтар қаржы салған 550 компания жұмыс істейді. Олардың арасында Samsung, Hyundai, Lotte, Posko және тағы басқалары бар. Өте жақсы институционалды база қалыптасқан, үкіметаралық комиссия мен іскерлік кеңес жұмыс істеп жатыр, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы кореялық әріптесіне коронавируспен күресте көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтып, қазақстандық QazVac вакцинасы туралы ақпаратпен бөлісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның жоғары технологиялар мен денсаулық сақтау саласын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытты.

Оңтүстік Корея Президенті пандемия басталғалы бері осындай жоғары деңгейдегі кездесуді ең бірінші болып Қазақстан Президентімен өткізіп жатқанын атап өтті.

Сізді көп күткен аса қадірлі қонақ ретінде қарсы алғаныма ­қуаныштымын. Біздің кездесуіміздің Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Корей Республикасы ­Тәуелсіздігінің 76 жылдығы қарсаңында өтіп жатқаны аса маңызды, – деді Президент Мун Чжэ Ин.

Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин Қасым-Жомарт ­Тоқаевқа және Қазақстан халқына Кореяның ұлттық батырлары, ел тәуелсіздігі үшін күрескен Ге Бон У, Хван Ун Ден және генерал Хон Бон Доның сү­йектерін тарихи отанына жеткізуге ықпал еткені үшін ризашылығын білдірді.

Корей басшысы аймақтық және халықаралық үдерістерде Қазақстанның аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін сыртқы саясатта ашық әрі тығыз байланыс орнатып, белсенділік таныту арқылы Орталық Азиядағы қарқынды дамушы мемлекетке айналды. Сонымен қатар Қазақстан Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес арқылы және Дүниежүзілік сауда ұйымындағы министрлер конференциясының тең төрағасы ретінде де көпжақты ынтымақтастықтың әртүрлі тетіктерінде белсенді көшбасшылық танытып келеді. Қазақстан – Корея Республикасының Орталық Азиядағы ең алғашқы сауда және инвестициялық әріптесі. Елдеріміз арасындағы дипломатиялық байланыстар орнаған 30 жыл ішінде біздің қатынасымыз тек қана достық пен ынтымақтастыққа негізделді. Тіпті, пандемия кезінде де біз барлық деңгейде сырттай байланыс орнатып отырдық. Қазақстан – Кореяның «Жаңа солтүстік саясат» мемлекеттік стратегиясында аса маңызды әріптес. Біздің өзара байланыс­тарымыздың әлеуеті бұнымен де бітпейді деп есептеймін, – деді Оңтүстік Корея Президенті.

 

Ең ірі инвестор қатарында

Мун Чжэ Ин екі елді байланыстыратын ерекше қарым-қатынастарды атап өтті.

– Корей халқының Қазақстан халқына деген ықылас-пейілі ерекше. Біз үшін Қазақстан Еуразия құрлығының орталығы болып саналады. Біздің халықтарымыздың тарихи байланысы сонау Ұлы Жібек жолынан тартып, кейінгі этникалық корейлерді Қазақстанға жер аударумен жалғасты. Біз Қиыр Шығыстан жер аударылып барған корейлерді өзінің ыстық құшағын жайып қарсы алған қазақ халқының кеңпейілдігін ешқашан ұмытпаймыз, алғысымыз шексіз, – деді Оңтүстік Корея Президенті.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мун Чжэ Ин БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасына шақырып, шынайы ықыласпен қарсы алғаны үшін Президент Мун Чже Инге ризашылық білдіріп, бұл мемлекеттік сапарға ерекше мән беретінін атап өтті.

– Екі елдің арасы алшақ болғанмен, халықтарымыз – тағдырлас. Корея – Қазақстанның Шығыс Азиядағы стратегиялық серіктесінің бірі. Қазір сан салалы байланысымыз қарқынды дамып келе жатыр. Біз бүгін осы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру үшін өзара сенім мен қолдауға негізделген келіссөздер жүргіздік. Ықпалдастықтың тың бағыттарын айқындадық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы брифингте өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, негізгі түйткілдерді талқылағандарын, сондай-ақ, бірнеше маңызды келісімге қол қойылғанын айтты.

– Екіжақты байланыстардың өзегі – сауда-экономикалық ынтымақтастық. Корея – жоғары технологиясы мен инновациялық өнеркәсібі дамыған қуатты мемлекет. Қазақстан – экономикалық өсімі тұрақты әрі инвестициялық ахуалы қолайлы ел. Қазірдің өзінде «Таңғы шық елі» Азиядағы сауда серіктестеріміздің ішінде екінші орында тұр. Бұған қоса, Корея еліміздегі ең ірі 10 инвестордың қатарына кіреді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 15 жылда Корея Қазақстан экономикасына 6 миллиард доллардан астам инвестиция салғанын, Samsung, Hyundai және Lotte Group концерндері біздің ірі инвесторларымыз екенін атап өтті.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі елдің сауда-саттық көлемі 5,9 миллиард долларға жетті. Алдағы меже – осы көрсеткішті айтарлықтай арттыру. Бүгін біз пандемиядан кейінгі кезеңде шикізаттық емес тауар айналымын ұлғайтып, оны әртараптандыруға келістік. Сондай-ақ «Самал жел» бағдарламасын жандандыруға уағдаластық. Осы арқылы жаңа инвестиция мен жоғары технологияның елімізге келуіне қолайлы жағдай жасаймыз. Біз түрлі бағыттағы ауқымды жобаларды бірлесе жүзеге асырудың мүмкіндіктерін қарастырамыз. Бұл ретте, ауыр өнеркәсіп пен машина жасау, тау-кен және барлау, баламалы энергетика салаларының болашағы зор. Қазақстанда инновациялық өндірістерге деген сұраныс жоғары. Әсіресе, коммуникация, ауыл шаруашылығы, медицина және фармацевтика жобаларына баса мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беру үшін Корея Республикасының Пусан қаласында Қазақстанның бас консулдығын ашу туралы шешім қабылданды.

– Бұл – серіктестігімізді стратегиялық рухта дамытудың тағы бір жолы. Келесі жылы Қазақстан мен Кореяның дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толады. Осы орайда біз мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтіп, нақты іс-шаралар өткізу маңызды екенін атап өттік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Іскер топтың ықыласы ерекше

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-корей іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты. Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі келіссөздерден кейін Корея мен Қазақстанның ірі компаниялары басшыларының жиынында сөз сөйледі.

Қазақстан Президенті жиынға қатысушыларға Президент Мун Чжэ Инмен өткен мемлекетаралық келіссөздердің негізгі қорытындылары туралы айтып берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның Қазақстан үшін аса маңызды стратегиялық әріптес екеніне тоқталды.

– Соңғы 15 жылда Сіздің еліңізден келетін тікелей инвестиция көлемі 6 миллиард доллардан асты. Қазақстанда кореялық капитал салынған 550-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Samsung, Hyundai, Lotte, Posco, KNOC және басқа да жетекші корпорациялар бар. Осы компаниялардың қатысуымен жалпы құны 2,5 миллиард доллардан асатын 24 ірі жоба жүзеге асырылды. Әсіресе, кореялық SK Engineering & Construction компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан Үлкен Алматы айналма тасжолының (БАКАД) құрылысын айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы автомобиль жасау, тұрғын үй құрылысы, металлургия және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жалпы құны 1,5 миллард доллардан асатын келешегі зор үміт күттіретін 16 инвестициялық жобаның іске асырылатыны туралы айтты.
Президент экономикалық ынтымақтастықты арттыруға жаңа мүмкіндіктердің бар екеніне назар аударды. ­Қасым-Жомарт Тоқаев инновациялар мен жаңа технологияларға негізделген экономиканы қалыптастыруға басымдық берілетінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жер қойнауын пайдалану саласының зор мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды. Қазақстанда жер аумағының 25 пайызына ғана геологиялық зерттеу жүргізілгенін айтты. Бұл ретте, Мемлекет басшысы асыл және түсті металдарды өндіру бойынша бес дайын жобаның бар екенін атап өтіп, корей компанияларын Қазақстанның жер қойнауын бірлесіп игеруге шақырды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1,7 миллиард АҚШ доллары болатын 34 келісімге қол қойылды. Оның 21-і – коммерциялық және 13-і – коммерциялық емес құжат. Корей технологиясын тартуға басымдық беретін бірлескен инвестициялық жобаларда жоғары тиімділігі мен өндірістің экологиялық тазалығына басты мән берілген.

Пан Ги Мунмен кездесті

Қазақстан Президенті Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапарын Жаһандық жасыл даму институты (GGGI) Ассамблеясының төрағасы, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесумен түйіндеді.

Тараптар жаһандық климаттың өзгеруі, экономиканы көміртегінен ада ету, «жасыл технологияларды» енгізу мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пан Ги Мун халық­аралық күн тәртібіндегі мәселелер мен заманауи сын-қатерлер туралы пікір алмасты.

Пандемияға қарсы күресті күшейтуге және Ауған мәселесін реттеудің перспективаларына ерекше назар аударылды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button