Елорда тынысы

Қазақстан мұнайы Әзербайжанға жөнелтілді



Осы аптада Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің елімізге ресми сапармен келгенін газеттің өткен санында жаздық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесімен келіссөздер жүргізіп, Жоғары мемлекетаралық кеңес құру туралы хаттамаға қол қойды.

Бұл құжат бауырлас елдердің қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығарады деуге болады. Жалпы, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналым көрсеткіші жақсы, былтыр 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жуықтады. Президент бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға жеткізуге болатынын айтты. Екіжақты келіссөздер аясында мынадай келісімдер жасалды:

– Биыл Қазақстан мұнайының алғашқы партиясы Әзербайжанға жөнелтілді. Ол Әзербайжан арқылы әлемдік нарыққа жол тартады. Бауырлас ел арқылы экспортталатын мұнай көлемі арта түседі.

– Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыс­тары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мақсат – әлемдік интернет желісіне балама жолдар арқылы қосылып, оның жылдамдығын арттыру.

– Транскаспий халықаралық көлік бағытын жетілдіріп, отандық тауарларды әлемдік нарыққа шығару жұмысы жалғаса береді.

– Әзербайжанның кабельдік операторлар желілерінде қазақстандық телеарналардың хабары таратылады, сондай-ақ анимациялық фильмдер дистрибуциясы іске асады.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Астананың орталығындағы Гейдар Әлиев атындағы көшені салтанатты түрде ашты. Мемлекет басшысы былтыр Әзербайжанға ресми сапары барысында Ильхам Әлиевпен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісімге келгенін еске салып, бұл, ең алдымен, екі елдің дос­тық қарым-қатынасын бекемдей түсу үшін өте маңызды қадам екенін айтты. «Гейдар ­Әлиев секілді әлемдік деңгейдегі тұлғаның атын ұлықтау – біздің парызымыз. Астанада оның есімімен аталған жаңа көшенің ашылуы – біздің осы игі іске қосқан маңызды үлесіміз. Әзербайжан халқының ұлы перзентіне деген зор ілтипатымыз әрі шынайы құрметіміз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде Гейдар Әлиевтің күрделі кезеңде ел билігін қолға алып, Әзербайжанның мемлекеттілігін нығайтуда зор рөл атқарғанын атап өтті. «Гейдар» есімі «алдыңғы шепте жүруші» деген мағына береді. Мұның символдық мәні бар. Оны қазіргі қарқынды даму жолына түскен Әзербайжанның архитекторы десек, артық айт­қандық емес. Оның салиқалы басшылығымен Әзербайжанда елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгеріс­тер жасалды. Ел қиын кезеңдерді еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесі болды. Шын мәнінде, Гейдар Әлиев есімі Әзербайжанның нағыз брендіне айналды. Оның өмір жолы – ұлт­қа адал қызмет етудің жарқын үлгісі» деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев біздің елімізге ресми сапары аясында осындай керемет тарихи сәтке куә болып отырғанына қуанышты екенін жеткізіп, Гейдар Әлиевтің тәуелсіз Әзербайжан мемлекетінің қалыптасуындағы тарихи рөліне тоқталды.

Сонымен қатар Ильхам ­Әлиев Қазақстан Президенті мен халқын әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен құттықтап, еліміздің халықаралық аренадағы беделі зор екенін атап өтті.  Кездесуде Ильхам Әлиев Физули қаласында Қазақстанның қаржыландырылуымен салынып жатқан Құрманғазы атындағы шығармашылықты дамыту орталығы және еліміздің сыртқы саясаттағы бейбіт ұстанымы үшін алғыс айтты. Салтанатты рәсімнен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Астана қаласындағы Ботаникалық бақта ағаш отырғызды. Одан кейін екі ел басшылары «Астана» халықаралық қаржы орталығын аралап, Халықаралық соттың жұмысымен танысты.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button