Жаңалықтар

Қазақстан құрамасы Олимпиаданың тағы төрт жолдамасын иеленді



Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан азиялық лицензиялық турнирдің үшінші күні Қазақстан құрамасы Рио-де Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына тағы төрт лицензия жеңіп алды.

Атап айтқанда, әйелдер күресінен жеңіл салмақтағы (48 келі) Жұлдыз Ешимова ширек финалда  өзбек қызы Жақсымұратованы 10:0 есебімен, ал жартылай финалда үндіс аруы Винешті 5:4 есебімен ұтты. Сонымен қатар, 63 келідегі Екатерина Ларионова да жеңіс тұғырынан көрініп, лицензияны қанжығасына байлады, деп хабарлайды Қазақпарат.

Ал еркін күрестен 86 келіде күрескен Аслан Кахидзе жартылай финалда жапондық палуанды 6:3 есебімен ұтып, жолдамаға қол жеткізді. Сондай-ақ, еркін күрестен аса ауыр салмақтағы (125 келі) Дәулет Шабанбай жартылай финалда қырғыз Аял Лазаревті 10:8 есебімен жеңіп финалға шықты. Осылайша ол екінші мәрте Олимпиада ойындарына бару мүмкіндігіне ие болып отыр.

Өкініштісі, грек-рим күресінен палуандарымыздың жолы болмады. 66 күрескен  легионер Магомед Чухалов жартылай финалда жапон балуанына есе жіберді. Ал 98 келіде белдескен еліміздің он дүркін, Азияның екі мәрте чемпионы Марғұлан Әсембеков те уысындағы жолдаманы жіберіп алды. Ол жартылай финалда үндіс балуаны Хардеептен 11:2 есебімен жеңілді.

Айта кетейік, келесі іріктеу турнирлері Ұлан-Батырда (Моңғолия) 22-24 сәуірде және екінші іріктеу Стамбұлда (Түркия) 6-8 мамыр күндері болады.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button