Жаңалықтар

Қазақстанда халықтың 64 пайызы екпе алды



Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында COVID-19 вирусына қатысты санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі індетпен күрес бойынша қазіргі жағдай және қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады. Министр­дің айтуынша, әлемде тәулігіне 480 мыңнан астам ауру жұқтыру жағдайы тіркеледі. 4,4 млн-нан астам адам қайтыс болды. Жағдай әлі де күрделі. ДДСҰ-ның алты аймағының төртеуінде шілде айының екінші онкүндігінен бастап сырқаттанушылықтың өсу үрдісі байқалады.

«Соңғы аптада аурудың ең көп өсуі Әзербайжанда байқалды, онда бір апта ішінде ауру 63 пайызға, Жапонияда 34 пайызға және Израильде 33 пайызға өсті» деді А.Цой. Оның айтуынша, Қазақстанда өсім бір апта ішінде 7 пайызға төмендеді. Қазақстан 1 млн тұрғынға шаққандағы әлемдік рейтингте сырқаттанушылық пен өлім-жітім саны бойынша 222 елдің ішінде 101-ші орында тұр.

24 тамыздағы ахуал бойынша Қазақстанда COVID-19 оң нәтижесімен 748 851 науқас және КВИ теріс нәтижесімен 67 870 жағдай тіркелген. Өткен аптадағыдай, Түркістан облысын қоспағанда, барлық өңірлер қызыл аймақта орналасқан. «Соңғы екі апта ішінде Қазақстанда коронавирус инфекциясы жағдайларының саны біртіндеп төмендегені байқалады. Соңғы 2 аптада сырқаттанушылық деңгейі 10 пайызға төмендеді» деп мәлімдеді А.Цой.

1 тамыздан бастап елімізде коронавирус инфекциясының таралу индексі 1,11-ден 0,93-ке дейін 1,2 есеге төмендеді. Емдеу мекемелерінде инфекциялық төсек-орындар бүгінгі күні 49 пайыз, реанимациялық төсектер 46 пайызға толы. Соңғы екі аптада инфекциялық төсектердің жүктемесі 12 пайызға төмендеді. Инфекциялық төсек-орындар көбіне Ақтөбе облысында – 68 пайыз, Алматы қаласында – 61 пайыз және Алматы облысында 59 пайыз қолданылуда. Халықты вакциналау жұмысы жалғасуда. Бүгінгі таңда министрдің айтуынша, вакцинаның 1-компонентін 6,5 млн жуық адам алды, тиісті халықты қамту 64 пайызды құрады, 2-компонентін вакцина алуға тиісті халықтың 50 пайызын қамти отырып, 5 млн-нан астам адам алды. Ең көп қамту 9 өңірде тіркелген: Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола және Атырау облыстары. Өткен аптадағыдай, вакцинаның бірінші дозасымен қамтудың ең аз пайызы Маңғыстау облысында байқалады – 38 пайыз. Егу пункттерінде барлығы вакцинаның 1 млн 400 мың бірінші компоненті және 940 мың екінші компоненті бар. Оны жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

«Ауру-сырқауға жүргізілген талдау індетті ауыр өткізіп жатқан науқастардың негізгі үлесі вакцина алмағандар екенін көрсетті» деді А.Цой. Мәселен, 1 ақпаннан бастап тіркелген індет жұқтырған, вакцина алмаған науқастардың салыстырмалы салмағы 97,5 пайыз­ды құрайды, ал вакцина алған азаматтардың тек 2,5 пайызы ауырған. Министрдің айтуынша, реанимация мен өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған науқастардың 95 пайызы да – вакцина алмаған азаматтар. Ұсынылған мәліметтер вакцинаның тиімділігін тағы дәлелдеп отыр.
«Осыған байланысты айтарым, осы уақытқа дейін вакцина алмаған азаматтарды дұрыс шешім қабылдап, екпе алуға шақырамын. Бұл бәрімізге өз денсаулығымызды ғана емес, жақындарымыз бен әріптес­теріміздің де денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді» деді А.Цой. Алдағы айлардағы эпидемиологиялық жағдайдың болжамдарына келер болсақ, министрдің айтуынша, пессимистік сценарий бойынша қыркүйек айында тіркелетін жағдайлардың орташа тәуліктік саны 6 300-ге дейін, қазан айында 2 400-ге дейін жетеді. Реалистік сценарий бойынша қыркүйек айында 5 300-ге дейін, қазан айында 1 800-ге дейін вирусты жұқтыру жағдайы тіркеледі. «Оптимистік сценарий орындалса, қыркүйекте тәулігіне 4 200 жағдайға дейін, қазанда 1 300 жағдайға дейін тіркеледі» деп сөзін түйіндеді А.Цой.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button