Жаңалықтар

Қазақстандық волонтерлер қайда даярланады?



Қазір Birgemiz атты еріктілердің республикалық фронт-кеңсесінде «Жазғы волонтерлер мектебі» жобасы өтіп жатыр. Оған еліміздің әртүрлі өңіріндегі волонтерлік қозғалыстардың көшбасшылары қатысуда, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Онда жоба қатысушылары тұлғалық және көшбасшылық машықтарын дамытып, тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен волонтерлік саласындағы жобалық менеджменттің негіздерін үйренуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сабақтар  Zoom платформасында онлайн форматта жүргізіледі.

Волонтерлік саласында тиімді жұмыс атқарып келе жатқан ұйымдардың бірі «Тренерлер мектебі» деп аталады. Жуырда ашылған бұл мекеме волонтерлермен жұмыс істейтін және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырумен айналысатын мамандардың мықты командасын құруға бағытталған, онда Қазақстанның түкпір-түкпірінен әртүрлі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері оқытылады. Еліміздегі алғашқы тренерлер мектебінде жобалық менеджмент, фандрайзинг, қаржылық аудит, журналистика және электронды БАҚ, PR, сондай-ақ психология саласында тәжірибесі мол отандық және шетелдік мамандар сабақ береді.

Пандемия уақыты халықтың денсаулығы ең басты байлық екенін көрсетті. Сондықтан медицина саласында да волонтерлік қызметпен айналысатын азаматтар көптеп керек екені даусыз. Бұл тұрғыда былтыр Шымкентте жұмысын бастаған «Медициналық волонтерлер мектебі» атты тұңғыш әлеуметтік жобаны айтпай кетуге болмас. «Qolda 2.0» төтенше көмек беру бағдарламасы аясында құрылған бұл мектепте медициналық ұйымдарға волонтерлік көмек көрсету, халықтың медициналық сауатын арттыруға көмектесу, алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйрету, бұқара арасында қан донорлығын насихаттау, COVID-19-дың алдын алу және денсаулық нығайту бағыттары бойынша дәріс өткізіледі. Былтырдан бері жер-жердегі медициналық волонтерлер мектебінде оқытылып шыққан еріктілер артық жүктемемен жұмыс істеп жатқан ауруханаларға көмектессе, қазіргі таңда коронавирусқа қарсы егу пунктерінде қолғабыс жасап жүр.

Биылдан бастап елімізде волонтерлерді төтенше жағдай кезіндегі дағдыларға үйрететін мектеп өз жұмысын бастайды. Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Ұлттық волонтерлік желісі» бірлесе мұрындық болған бұл жоба шеңберінде төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою, іздестіру іс-шаралары мен зардап шеккендерге алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсету бойынша волонтер-шәкірттер даярланады.

Нұр-Сұлтанда волонтер болам десеңіз…

Жоғарыда аталған республикалық деңгейдегі волонтерлер мектептерінен бөлек, әр қалада волонтерлікпен айналысатын ұйымдар жанында да кішігірім мектептер құрылған. Мәселен, елордада бірнеше жылдан бері әлеуметтік, денсаулық сақтау, ағартушылық, қайырымдылық салалары бойынша көңіл толтырарлық істер атқарып келе жатқан бірнеше ұйым бар. Мәселен, әлеуметтік осал топтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, халықты коронавирус жайлы ақпаратпен құлақтандыру, қаланы қоқыстан тазарту секілді игі істердің ұйытқысы болып жүрген волонтерлердің бір тобын «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы оқытып, үйретеді.

Одан бөлек, балалар үйінде тәрбиеленетіндерді әлеуметтік бейімдеу бойынша «Best For Kids», мүмкіндіктері шектеулі балаларды оңалту бойынша «Океан-Арт» арт-терапия шығармашылық орталығы, есту қабілеті шектеулі адамдарды қолдау бойынша «Үнсіз әлем/Безмолвный мир», ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау және мүдделерін ілгерілету бойынша «ДОС» тәуелсіз өмір орталығы, қайырымдылықты насихаттау бойынша «Нұр Әлем Қазақстан» қоғамдық қайырымдылық қоры секілді бірқатар ұйым жемісті жұмыс атқарып келеді.

 

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button