Елорда тынысы

Қимылы ширақтың өмірі ұзақ



Елордадағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мекемесінде гериатрия мәселесі бо­йынша бірлескен халықаралық жобаның нәтижелері талқыланды. Қанатқақты жобаны отандық «Өмір сапасы» қалпына келтіру медицинасы және кешенді оңалту ұйымдары қауымдастығының гериатр дәрігерлері таныстырды.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының медициналық-профилактикалық бөлімі «NeiroClinic Astana» консультативтік-диагностикалық медициналық орталығының гериатр дәрігерлерімен, ресейлік жоғары оқу орындарының түлектерімен бірлесіп, егде жастағы адамдардың денсаулығын сақтап, нығайту мақсатында ­гериатрия бойынша ғылыми-практикалық зерттеу жүргізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған егде жастағы адамдарға кешенді көмек көрсету тұжырымдамасы негізінде скрининг жасалды. Оның негізінде емделушілер сауалнамаға қатысып, өздеріне қажет ұсыныстар алды. Сауалнамаға жауап бергендердің 53 пайызында есте сақтау қабілеті нашарлаған, 30 пайызында қозғалыс белсенділігі азайған. Қартаюдың белгілерін алдын алу үшін гериатр дәрігерлер когнитивті тренинг өткізуді, орталықтың тақтайшалары мен материалдарына үлкен жазулар жазуды ұсынды. Скринингтен өткен 91 адамның 85-і әйел адам болса, 6-уы – ер адам. Орташа жас 69 бен 72-ні құрады.

Жобаның негізгі мақсаты – адам ағзасының өмір сүруін ұзарту, когнитивті ауру түрлерін азайту, Альцгеймер, Паркинсон аурулары сияқты неврологиялық бұзылулардың алдын алу.

Жиынға қатысқан «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мекемесінің басшысы Мұхтар Еркетаев осы жобаның бастамашыларының бірі болды. Оның айтуынша, аталмыш жоба тек қарттарға ғана емес, барша адамға өмір сүру сапасын жақсарту маңызын жете түсінуге бағытталады. Зерттеу жұмысының қорытындысы Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жеткізіледі.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button