Басты ақпаратҚұқық

Қитұрқылық қармағы



Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жыл басынан бері 20-ға жуық қаржы пирамидасының жолын кесті. Алайда адамнан айла артылған ба? Осы тұрғыда өзінше бизнес жасап, қалтасын қалыңдатып жүргендер қарапайым халықты алдаудың тағы бір тәсілін меңгеріпті. Бүгін соны тарқатып айтпақшымыз.

«Ортақ қазан» орға жықты

Ұзақ жыл құқық саласында қызмет істеген, бүгінде доғарыс­тағы полковник Тасемен Әсетов әңгімесін өзі көріп, таңғалып жүрген жайлардан бастады.

«Бүгінде алаяқтықтың неше түрі шықты ғой. Ал кейінгі кезде көзіңді бақырайтып қойып қалтаңдағы ақшаңа қол салатындарды көргенде заманның да, адамның да өзгергеніне куә боласың. Бала кезімізде ата-анамыз «ешкімнің ала жібін аттама, адал, әділ бол» деп құлағымызға құятын еді. Қазіргі әке мен шеше перзентін қалай үйрететінін білмеймін. Алайда кейбір 20-30 жас арасындағы қыз-жігіттердің ақша десе неден болса да тайын­байтынын күнделікті өмірде көріп жүрміз.

Оңайлықпен келетін ақша болмайды. Дегенмен олар оңай ақша табу жолында жанталасып бағуда. Өзім куә болған мына бір келеңсіз оқиға осылай тұжырым жасауыма мәжбүр етіп отыр.

Қазіргі мен білетін жастардың ұстанымы «ақша болса, бәрі болады. Сондықтан қандай жолмен болса да байып қал» дегенге саяды. Осы негізде көпшілікті өзінің оң жамбасына келетін қитұрқы бір ойынмен елітіп жүр. Ойын ережесі де қарапайым, 4 кезеңге бөлініп ойналады. Біріншісі – қызғылт сары, екіншісі – сары, үшіншісі – жасыл, төртіншісі – көгілдір. Қызғылт сарылар – ақша салушылар. Екінші сөзбен айтқанда, ойынға жаңадан кірісіп, тиісті жарнасын төлеушілер. Ал көгілдірлер – толысқандар. Олар ақшасын алады да, ойыннан шығады. Осы кезде қызғылт сарыдағылар бір саты көтеріліп, келесі кезең сарыға өтеді. Бұл жердегі әр адамның міндеті – көгілдір кезеңге жеткенше ойынға кем дегенде екі адамды тауып, қосып отыру. Ал одан көбірек адам тапсаң, ақшаңды тезірек алып, қаласаң, келесі ойынға қатысуыңа болады. Ойын атауы «ортақ қазан» («котёл») деп аталады. Өзінше ереже түзіп, соны қатаң сақтауға әр мүшесін міндеттеп отырады. Қанша бүркеп, атауын өзгертіп, жасырғанмен, бұл – қаржы пирамидасы. Мұнда ұтысқа шығатын тек ұйымдастырушылар ғана. Қалғандарыныкі – ақша шашу. Ал алғашқы болып ақша алатындар да ұйымдастырушының өз адамы (не жақыны, не туысы, не інісі).

Көздеген межеге жетіп, қомақты ақша жиналған кезде ұйымдастырушы бүкіл ақшаны алады да, көзден ғайып болады. Мінеки, «ортақ қазан» ойынының барлық мәні – осы. Бұл ойынға қазір әсіресе ауылдық жерлердегі мектеп, балабақша қызметкерлері көбірек ұрынып, бармақ тістеп қалып жатыр. Өте сақ болмаса, аса қауіпті» деді доғарыстағы полковник.

OLX-тен опық жегендер

Кейінгі кезде көптеген азамат OLX арқылы затын сатамыз деп алаяқтықтың тағы бір түріне ұрынып қалып жатыр. Елорда тұрғыны Әсем Байтасова 7-сыныпта оқитын қызының сумкасын OLX арқылы сатқысы келіп, хабарландыру береді. Көп кешікпей оның Whats App-ына «сумкаңызды сатып алғымыз келеді» деп жай-жапсарын сұраған хабарлама келеді. Жауап бергеннен кейін «Ақшасы төленді. Мына сілтеме бойынша көз жеткізуіңізге болады» деген екінші хабарлама келеді. Міне, осы жерде Әсем көрсетілген сілтемеге өтіп, өзінің оңбай қателесіп тұрғанын білген жоқ. Ал алаяқтар сол арқылы бұл кісінің бүкіл мәлімет-дерегіне қол жеткізіп, өзіне мүмкіндік ашқан.

Мұндай айла-тәсілден бөлек, алаяқтар OLX-те заттарын сататын адамдарды мынадай жолдармен де тақыршаққа отырғызып кеткені анықталып отыр. Мәселен, сіздің өніміңіз оларға қатты ұнап қалғанын, алайда өздерінің басқа қалада екенін жазады. Сізге «Қазпош­таның» жаңа қызметі туралы айтып, оның жай-жапсарын түсіндіреді. Сол арқылы олар тауарға ақы төлейді, сіз сілтемеге өтіп, төлем аласыз, содан кейін курьер тауарды алады. Міне, қитұрқылық осы жерде жатыр. Есіңізде болсын, «Қазпош­та» OLX-пен жұмыс істемейді және төлемді қабылдамайды. Сілтемені басқан кезде бәрі сатып алушының нақты төлемі сияқты болып көрінеді де, сіздің шотыңыз пен қаражатыңыз салынған картаңыздың мәліметі, CVV-кодыңыз алақандағыдай басқа адамның көз алдына келе қалады. Одан кейінгі мәселе қаскөйлердің барлық қаражатыңызды сыпырып алумен аяқталады.

Қазір ардан безгендердің картаңыздағы ақшаны алуы оп-оңай болып кеткен. Бірінші сіздің қартаңызға өп-өтірік шатасқан болып белгілі бір соманы аударып жібереді де, «тегіңіз қаржы аударуым тиіс адаммен ұқсас екен, қателесіп кетіппін» деп мәймөңкелей қалады. Тіпті олардың шектен тыс сыпайылық танытып, асқан ізетті бола қалатынын қайтесіз?! Жүрегі жұмсақ көп адам мұндайда алаяқтың айтқанына көне қалатыны сөзсіз. Содан кейін оларға сіздің PIN-кодыңызды бұзу көп қиындық келтірмейді екен.

OLX-те затын сатамын деп опық жегеннің бірі – елордалық Қазура Сырымбек. Үйіндегі басы артық дүниелерін сатуға қойғаны сол еді, ұялы телефоны безілдеп қоя берді. «Осы заттарыңыз маған өте қажет еді. Жақсы болды, қуанып кеттім. Ақшаңызды қазір сілтемемен жіберемін, көріңіз. Сосын картаңызға түскенін білесіз» дейді. Қазура көрсетілген сілтемеге өтіп қарайды, ақша әлі түспепті. Қайта телефон соғады. Бірақ жаңа ғана байланысқа шығып, бұлбұлша сайрап, іші-бауырына кіріп тұрған адамның телефоны байланыс аясынан тыс жерде болып шығады. Сәлден кейін есеп шоты мен картасындағы қыруар қаражаттың жоқ болып кеткенін сонда бір-ақ біледі.

Қашанда есте болсын!

Қаржы пирамидасының негізгі белгілері:

* ақша тартуға рұқсатының болмауы;

* нарық деңгейінен анағұрлым жоғары, адамның түсіне кірмейтін табыс туралы қайта-қайта пәрменді жарнамалауы;

* жаңа салымшылар есебінен қатысушыға ақша аудару;

* өздерінің негізгі қаражатының болмауы;

* қызметі мен тұрақты мекенжайын жалған көрсетуі;

* сізден жаңа салымшылар тартуды сұрап, сол үшін үстеме төлеуі.

Егер осы белгілердің бірі кездессе, бұл ұйымды, сөзсіз, қаржы пирамидасы деп түсінуге болады.

Кейінгі кезде алаяқтар кейбір банктердің қашықтан PIN-кодсыз төлем жасау технологиясын білгендіктен адамдардың, әсіресе жасы ұлғайған кәрі кісілердің карточкаларын ұрлап алып, қаржысына қол жеткізіп жүр. Міне, осындайлардан сақ болу үшін қашықтан төлем жасау қызметін пайдаланбаңыз.

Осы ретте қаржы (инвестиция) пирамидасын құрған және оның қызметіне басшылық жасаған тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын да айта кеткен жөн. Сондай-ақ қызметін жарнамалаған адамға әкімшілік жаза да қарастырылған. Жеке тұлғаға 150, ірі кәсіпкерлік субъектісіне 600 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл белгіленгенін еске салғымыз келеді.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button