Басты ақпаратЕлорда тынысы

Елорданың ерекше күні

Есілдің жағасына елорда қонғалы ширек ғасырдан асты. 1997 жылдың 10 желтоқсан күні бұрынғы Ақмола қаласы ел астанасы мәртебесін алды. Осы күні мемлекеттік басқару органдары жұмыс күнін жаңа елордада бастады.

1997 жылғы 10 желтоқсан. Бұл – бүгінгі таңда Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Астана қаласының тарихындағы ерекше күннің бірі. Дәл осы күні қаланың орталық алаңында салтанатты іс-шара өтті. Жиналған қауым алдында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгіннен бастап Ақмола – Қазақстанның жаңа астанасы» деп жария етті. Осылайша, ел астанасын көшіру туралы бастама ресми жағдайда жүзеге асырыла бастады.

Осы күннен бастап қала тұрғындары үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін тарихтың жаңа беті ашылды. Сарыарқаның сары аязы шытынап тұрса да, қаланың орталық алаңына жиналған ел-жұрттың жүзінен қуаныштың лебі сезіліп тұрды. Алаңда орнатылған биік мінбердің айналасына қала жұртшылығы ағылып келіп жатты… Сол кезде «Ақмола ақиқаты» (қазіргі «Astana aqshamy») аталатын газетіміздің тапсырмасымен біз де ертелетіп алаңда болған едік.

Президенттің сол кездегі ордасынан (бүгінгі елорда әкімдігі) Мемлекет басшысы бастаған Парламент және Үкімет басшылары, қала әкімі мінберге көтерілді. Арқаның аязына қарамай, жандары марқайып тұрған жұрт шапалақ соғып тұрды.

Бір сәтте Республикалық ұланның оркестрі асқақ әуенді бастап, ер тұлғалы жауынгерлер көк байрақты желбіретіп, елтаңба мен Президент штандартын көтеріп, алаң ортасына келді. Елдіктің осы үш символын ұстаған айбынды сарбаздар алаңның дәл ортасына жетіп тоқтаған сәтте мемлекеттік әнұранымыз жаңа елордамыздың аспанында асқақтап сала берді. Жүрек тұсына қолын қойып толқыған жұрт марқайып тұрды.

Нұрсұлтан Назарбаев осы бір тарихи сәтте «Бүгіннен бастап Ақмола қаласы тәуелсіз Қазақстанның астанасы болады» деп жария етті. Бұл ақжолтай жаңалықты тағатсыздана күткен біз болсақ, аяздың қарығанын елемей-ақ қол соғып жатырмыз.

Осы салтанат барысында есте қалған бір көрініс – соғыс пен еңбектің бейнеті мен зейнетін қатар көрген Мұқат Мейірманов пен Нұрғожа Оразов бастаған бір топ қария Мемлекет басшысына жаңа астананың символдық кілтін табыс етті.

Иә, кезінде біреуге жалған болған, біреуге арман болған Астана бүгінгі таңда төрткүл дүниеге танылған әсем қалаға айналды. Аумағы да, адамдары да еселеп өсті.

Global Peace Index зерттеуі бойынша Астана қаласының негізгі тартымдылығы былайша сипатталады.

Біріншіден, Астана қауіпсіз қала ретінде бағаланады. Бүгінгі таңда біздің елорда Орталық Азиядағы ең қауіпсіз қалалардың бірі болып саналады.  Көшелер мен қоғамдық орындардағы бейнекамералар арқылы бақылау жүйесі қалыптасқан.

Екіншіден, қаланың экономикалық әлеуеті жоғары. Астана 2017 жылы миллионер қала мәртебесін алды. Қала экономикасы серпінді және белсенді дамып келеді. Әсіресе, құрылыс  саласы қала экономикасының негізгі өзегіне айналды. Қаланы  салу және дамыту белсенді түрде жалғасуда. Астана инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпті дамыту жағынан республика бойынша өте жоғары көрсеткіштер көрсетіп келеді. Aстана Халықаралық Қаржы Орталығы да әлемдегі дамыған елдердің мүддесіне сәйкес мега жобалардың біріне айналды. Сонымен қатар қала маңындағы арнайы экономикалық-индустриялық аймақ қала экономикасын өркендетуге мүмкіндік беріп отыр.

Үшіншіден, Астана білім мен ғылымның орталығына айналып отыр. Қалада Назарбаев Университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан заң университеті және басқа да республиканың жетекші жоғары оқу орындары бар. Сонымен қатар, Астанада Физиология және іргелі медицина институты, Ядролық физика институты және басқа да көптеген ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары жұмыс істейді. Елорданың білім және ғылым саласындағы басты жетістіктерінің бірі – әлемдік деңгейдегі олимпиадалардан жүлделі орындар иеленіп, халықаралық ЖОО-на тегін оқуға түсуге мүмкіндік беретін инновациялық, IT, физика-математикалық мектеп-лицейлер бар. Астана мектептерінің оқушылары Қазақстан бойынша бірнеше жыл бойы үздік танылып келеді.

Төртіншіден, Астана мәдени ошақтарымен, сондай-ақ халықаралық және республикалық іс-шараларды өткізетін ауқымды алаңға айналды. Астанада Қазақстанның тарихын көрсететін Ұлттық мұражай, Опера және балет театры, Астана қаласының бас мешіті, Ботаникалық саябақ, «Бәйтерек», «Хан Шатыр» секілді ғажайып ғимараттар, бұлардан бөлек, көптеген айрықша театр, спорт сарайлары, ойын-сауық орталықтары түрлі халықаралық форумдар мен жарыстарды өткізуге, халықтың көңілді уақыт өткізуіне мүмкіндік ашып отыр.

Бесіншіден, Астана жыл өткен сайын экологиялық таза әрі тұрғындарына қолайлы қалаға айналып келеді. Қалада қайта өңдеудің бірнеше бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі уақытта қала тұрақты даму индексі бойынша Қазақстанның ірі қалаларының арасында бірінші орында тұр. Сонымен қатар, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар инновациялар бағдарламалар іске қосылған. Осы іс-шаралар тұрғындар үшін таза ауа мен жайлы өмір сүретін қалаға айналуына мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, соңғы жылдары қала ішінде 100-ден аса қоғамдық кеңістіктер мен саябақтар пайда болды.

Алтыншыдан, Астана жаңа жұмыс орындары көп ашылатын қала болып отыр. Бұл ретте «Бос жұмыс орны жәрмеңкесі», «ЖОЛТАП», жастарға арналған арнайы бағдарламалар тиімділігін көрсетті. Соның нәтижесінде  Астанада түрлі салаларда көптеген жаңа жұмыс орындары пайда болды. Ақпараттық-технология­лық индустрия бағытында Google, Microsoft, Cisco, Астана хаб, АХҚО және басқа да ірі технологиялық компаниялардың жаңа кеңселері ашылды. Бұл компаниялар жергілікті университеттермен серіктесіп, жергілікті білім беру мекемелеріне ғылыми-зерттеу қондырғылары мен жабдықтарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Жаңа жұмыс орындары тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер туғызып, жаңа инвесторлардың назарын аударып отыр.

Жетіншіден, қалада ыңғайлы инфрақұрылым қалыптасып отыр. Қоғамдық көлік саны жыл сайын көбейіп келеді. Қалада велосипед, самокат, скутерлердің де еркін қозғалуға мүмкіндік берілген. Сонымен қатар ыңғайлы және тұрақты такси желісі дамыған. Қалада сонымен қатар халықаралық және ішкі рейс­терге қызмет көрсететін әуежай мен екі теміржол вокзалы бар. Бүгінгі таңда  ЛРТ жол үсті метросының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button