Басты ақпаратРуханият

«Руханияттың» рухты әлемі

немесе ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мекеме

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» ­мемлекеттік мекемесінің басты бағытының бірі – ұлттың рухын, ­ар-намысын асқақ та бекем ұстап, біртұтас ұлт болып ұйысып, баянды болашаққа бағыт алу.

Ұлтымыздың жарқын тарихын, тілін, дінін, салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын дәріптеуде үлкен маңызға ие болған, елорда төсінде еңсесін тіктеген «Руханият» мемлекеттік мекемесі ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосып келеді.

2018 жылдың 7 тамызында Астана қаласы әкімінің тікелей қолдауымен мемлекеттік-коммуналдық ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға мәртебесіне ие болған «Руханият» мекемесінің басты атқаратын қызметі – елорда халқының салт-дәстүрлерге, тарих пен мәдениетке деген қызығушылығы мен құрметін жандандыру, Астана қаласының аумағында тілдер мен ономастиканы дамыту және қолдау саласында шығармашылық, ғылыми және оқыту қызметін жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін дәріптеу. Сонымен бірге еліміздің «Тіл туралы» заңын іске асыру, Астана қаласының мемлекеттік қызметшілеріне, мемлекеттік емес мекемелері мен кәсіпорындарының қызметкерлеріне арналған тіл курсын ұйымдастыру, тіл саясатын іске асыруға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік және мемлекеттік емес органдармен, шығармашылық одақтармен, бірлестіктермен өзара байланыс жасау.

Бүгінгі таңда халық игілігі үшін маңызы үлкен іс-шаралардың жан-жақты ұйымдастырылуы, өзге ұлт өкілдерінің және қала тұрғындарының қазақ тілін терең меңгеруі барысында қазақ тілі курсын оқыту жұмысын нәтижелі зерделеуді негізгі бағыттың қатарында алып жүруді нық қолға алған Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» мекемесінің атқарып отырған еңбегі зор. Мемлекеттік тілді дамыту барысында қазіргі күні бұл мекеменің мұрындық болуымен қазақ тілін оқыту курсын өзге ұлттың өкілдері және қазақ тілін тереңдетіп оқығысы келетін қала тұрғындарын 4 түрлі деңгей бойынша: бастауыш, базалық, орта және ортадан жоғары деңгейде тегін оқыту курсы ұйымдастырылған. Үстіміздегі жылдың ақпан айында 800-ге жуық қала тұрғыны мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тілді құрметтеу, оны үйренуді қолға алып өз деңгейіне сәйкес оқып, өздерінің тиісті нәтижелері бойынша сертификат алды. Ал 2023 жылдың тамыз айынан басталған екінші жартыжылдықта қазақ тілін оқушылар тобы одан әрі толығып, 850 қала тұрғыны қамтылып отыр. Қазақ тілін үйренушілер мемлекетімізден бөлінетін арнайы қаржының есебінен тегін оқулықтар мен жұмыс дәптерлерімен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бағдарлама негізіндегі деңгейлер бойынша тыңдаушылардың оқу процесінде алған білімін бақылау, мемлекеттік тілдің барлық салада ресми іс-құжаттардың қазақ тілінде жазылуын негізге алып, қазақ тілінің мәртебесін одан әрі асқақтату, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету, қала тұрғындарын мемлекеттік тілдің оқытылуымен қамтамасыз ету мәселелерін нақты қолға алып, белсенді түрде асқан жанашырлықпен жұмыс істеп келеді.

– Ақпан айынан бастап мамыр айына дейін «Руханият» мекемесінде қазақ тілі курсының бастауыш А1 деңгейі бойынша мемлекеттік тілді үйрендім. Мұнда қазақ тілінің орфография, ­орфоэпия заңдылықтарынан бастап, фонетика, лексика, морфология салаларындағы ерекшеліктерді де бойыма сіңірдім. Әсіресе ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастырып, мемлекеттік тілде – қазақ тілінде сөйлеуді өзіме аса қажет деп санадым, – дейді А1 тобының тыңдаушысы Клавдия Щербинина.

Рухани байлықтың ордасы саналатын бұл мекемеде 3 бірдей бөлім – идеология және жобаларды жүзеге асыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және ғылыми-­танымдық жұмыстар, тілдерді оқыту және әдістемелік жұмыстар жөніндегі бөлім қызметкерлері, білікті мамандар өздерінің жылдар бойы жинақтаған іс-тәжірибелерімен бөлісе отырып, бұқара халыққа сөз маржанын тізбектеп, шешендік өнер, мақал-­мәтелдеріміз, әдеби тіліміздің мол құнарын насихаттау, ұлттық киімдерімізді, салт-дәстүрлерімізді бағалау, дәріптеу, қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында тегеурінді қызмет атқарып келеді.

Осы жылдар ішінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптей отырып, айбынды ана тіліміздің беделін көтеретін, рухымызды асқақтататын қаншама жобаны іске асырып та үлгерді.

Адамның рухани мәдениетін қалыптастыруда ұлттық дәстүрлеріміздің орны ерекше. Ұлттық руханиятымыздың өзегі – тіл екені де белгілі. Ана тіліміздің құнарынан сусындаған жас өрендерді тәрбиелеу де басты парызымыз.

«Рухани мәдениетіңнің өрісі басқаларға да ортақ болу дәрежесіне жету – халық жасампаздығының кепілі» деп қоғам қайраткері Сағатхан Әшімбаев айтқандай, рухани байлық – адамның өмірін қоршаған орта, тіршілік аясымен тұтастыратын және оның мақсат-­мүддесін игі істермен ұштастыратын асыл құндылықтар. Адамның рухани дамуы мәдениетте үлкен рөл атқарады. Жеке адамның рухани дамуы халықтың санасымен, психологиясымен, саяси белсенділігімен ұштасып жатады.

Руханият – адам жанының азығы. Әрбір ұлттық мәдениет өзінің дамуында адамның жан дүниесіне, рухани байлыққа сү­йенеді. Жоғарыда айтылған үш ­қасиет – ұлттық рух, ұлттық болмыс, ұлттық мәдениеттің қалыптасуы үшін керек дүниелер.

Ал ұлт руханиятының құндылығын жоғалтпауымыз үшін не істей аламыз? Тілімізді дамыту, оның саф алтындай қаймағы бұзылмаған асыл діңгегін сақтау барысында қандай іс-шаралар жүргіземіз? Осы сұрақтардың аясында «Руханият» мекемесі ерекше серпіліс, тың күш-қайратпен ұлтымыздың жарқын тарих қой­науымен байланысты әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін насихаттау, әсіресе болашақ жастардың бойына сіңіру мақсатында табанды іс-шаралар жүргізуді нақты қолға алған, рухани байлықтың ордасында отырған бірден-бір мекеме болып отыр. Ол үшін ұлтымыздың алтын қазығы, тәрбие көзі – отбасы құндылығы өз дәуірінде ардақталып, ата-­бабадан әулетке мұра боп қалған дәстүрлерімізді сақтап, өзіміз берік ұстасақ, келер ұрпақты да адамгершілікке, отансүйгіштікке, имандылыққа, еңбекқорлық пен тәртіпке тәрбиелейміз. Сонау «Жеті жарғыдан» бастап салт-дәстүрлеріміз бұған дейінгі талай ұрпақтың теңдесі жоқ, тәрбиелік маңызы зор адамгершілік кодексі болды. Салт-дәстүрді санасына сіңірген әр азамат еңбекқор, адал, әділ, мейірімді боларына кәміл сенуге болады.

Осындай мақсаттарды өне бойына топтастырып, адам жанын ізгілендіруге, олардың қоғамдағы рухани байлығының айрықша орнын айқындауға бағытталған «Руханият» мемлекеттік мекемесінің қазіргі таңда халыққа, жастардың бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық, бауырмалдық қасиеттерді топтастырып, салтымыз бен дәстүрлерімізді насихаттап, қалың жұртшылыққа тәрбиелік мәні зор, зердеге құяр іс-шараларды ұйымдастырып отырғаны, халық жүрегіне қуаныш пен ұлтымызға жанашыр болып жүрген іс-қимылдары көпшіліктің көз нұрына айналған. Маңызды іс-шаралардың қатарында «Руханият» мемлекеттік мекемесінің тарапынан ұйымдастырылған Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Алаштың жарық жұлдызы» әдеби-танымдық кеш, Алаш зиялыларының қазақ тіл білімінің негізін қалап, тарихын зерттеп, қалыптасуына сара жол салған, қазақ тілінің әліпбиін жасап, емлесін түзумен бірге, Алаш қайраткерлерінің тіл тазалығы, тіл мәдениеті жолындағы күрескерлік еңбектері таныстырылды. Мұндай іс-шаралардың қатарында «Абай – қазақ болмысының айнасы», «Салт-дәстүрлер – ұлтымыздың айнасы», 5 қыркүйек – Тілдер мерекесі күніне орай «Тіл – ұлт қазынасы» мәдени-танымдық шаралары, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты Астана қаласындағы «халық жауы» деп айыпталған белгілі мемлекет, саяси және қоғам қайраткерлері жұбайларының өткізген бейнетті күндері мен әрбірінің сарқылмас ерік-жігері жайлы сыр шерткен «АЛЖИР» мемориалды кешенінде ұжым тарапыпан өткен тарихымыздан мол мәлімет алып, рухани сапар жасалды. Қазақстан халқы тілдерінің 25-қалалық фестивалінің аясында «Қазақстан Жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалымен бірлесе отырып, «Тіл – ұлттың жаны» тақырыбындағы Қазақстан тілдер күні мерекесінің қарсаңында қазан айында қала мектептері, колледж, университеттерде білім алып жүрген жастарға семинар-­форум өткізіп, ана тіліміздің қадір-қасиетін құрметтеу, оны ұрпақтан-ұрпаққа таза күйінде жеткізу мәселелері талқыланды.

Осы бағытта белсенді қызметтер атқарып отырған мекеменің қалың жұртшылықтың арасындағы рухани байлықтың, таным мен тағылымның үлгісіндей үрдістерді танытуды, өз тіліміздің дамуына ерекше үлесін қосып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясының өркендеуі турасындағы жұмысы алдағы уақытта да халық жүрегінен жол тауып, жанданатыны сөзсіз. Осындай табанды, қажырлы істерді атқаруға бел байлаған «Руханият» мекемесінің алар асу, шығар белесі әлі алда, еліміздің, қоғамның дамуы мен өркендеуі үшін шамшырақтай жануға әзір.

Айжан СЕРІКҚЫЗЫ,

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі

басқармасы «Руханият» мемлекеттік мекемесінің

баспасөз хатшысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button