Елорда тынысы

Қоғамдық кеңістіктер қаласы

Есілдің оң жағалауында 130-ға жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

«Биыл Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы аудандарындағы 130-ға жуық аула мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандырамыз. Бүгінге дейін 50-ге жуық аулалар мен кеңістіктер пайдалануға берілді. Бұған мысал, Ақбұлақ өзенінің жағалауы (Амман көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейінгі бөлігі) абаттандырылды. Ал көпірлердің астында Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ клас­терін жалғайтын жаяу жүргіншілер өткелдері ашылды. Сәтбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының (Мұңайтпасов көшесінен Петров көшесіне дейінгі бөлігі) бірінші бөлігін аштық» деді қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, Есіл өзенінің жағасында Шабал Бейсекова көшесінен Көктал елді мекеніне қарай қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жоба екі кезекке бөлінген. Бірінші кезегі аяқталды. Қоғамдық кеңістіктер амфитеатр, спорт алаңдары, серуендейтін орындар, ойын алаңқайларымен және т.б. жабдықталған.

«Сонымен қатар, қаланың ескі орталығындағы Желтоқсан, Бейбітшілік, Бұқарбай батыр, Әзербайжан Мәмбетов сияқты тарихи көшелерін көркейтеміз. Бұл жұмыс жаңа қоғамдық кеңістіктерді осыған дейін құрылған «Demalys Promenade» жаяу жүргіншілер көшесімен, «Театральный» бульварымен, қалалық алаңмен және тағы басқалармен жалғауға мүмкіндік береді. Осылайша қоғамдық кеңістіктердің тұтас кластері құрылады» деп түсіндірді Ж.Қасымбек.

Сондай-ақ қала басшысы Ақан сері – Фахд бен Абдул Азиз (Агроқалашық елді мекені), Кенесары – Бейсекбаев, Кенесары – Егемен Қазақстан, Қордай – Н.Ахметбеков көшелерінің қиылысындағы, Абылай хан даңғылынан Құдайбердіұлы даңғылына дейінгі жағалауда, К.Әзірбаев көшесі, 10, Храпатый көшесі және т.б. орындардағы қоғамдық кеңістіктер абаттандырылғанын атап өтті. «Алматы ауданында барлығы – 66, Байқоңыр ауданында – 32, Сарыарқа ауданында 30 аула мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылады. Абаттандыру кезінде көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді» деп сөзін түйіндеді қала әкімі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button