Басты ақпаратМәдениет

Алаштың сөнбес жұлдызы

«АЛЖИР» мемориалды музей кешені мен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы бірлесіп, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай «Алаштың сөнбес жұлдызы» тақырыбында дәріс ұйымдастырды. Жиында музей маманы Қайыржан Күзембаев ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталып, әртүрлі деректер айтты.

Мағжанның атасы Жұмабай қажы болғанын, ал әкесі Бекен саудамен айналысып, сол заманда дәулетті адамдардың қатарына жатқанын айтып өткен ол ақын сауатын ауыл молдасынан ашып, кейін Қызылжардағы №1 мешіт жанынан ашылған медреседе оқығанын жеткізді. Бұл медресені белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы үшін күрескен Мұхамеджан Бегишев ашқан еді. Медреседе Мағжан Бегишевтен шығыс халықтарының тарихынан дәріс алып қана қоймай, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Хайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының шығармашылығымен танысты. 1909 жылы шыққан Абайдың кітабынан өлеңдерін оқып, «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға» деген өлең жазды. Мағжанның ақын болып қалыптасуына Абай мен шығыс поэзиясы үлкен әсерін тигізді.

Мағжан 1910–1913 жылдары Уфа қаласындағы
«Ғалия» медресесінде білім алды. Одан кейін Омбы мұ­ғалімдер семинариясында, 1923-1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқыды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болды.

«Ғалиядағы» ұстазы, татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтің көмегімен 19 жасында Қазан қаласында «Шолпан» атты тұңғыш жинағы жарық көрді. Мағжан аудармамен де айналысқан. Максим Горькийден аударған «Сұңқар жыры» мен Дмитрий Мамин-Сибиряктан тәржімалаған «Ақбоз ат» Мәскеуден кітап болып шықты. Ал отыз жасында «Педагогика» атты әйгілі еңбегін жазды. Бұл кітаптың жарық көргеніне биыл 100 жыл.

Қайыржан Күзембаев осындай деректерді айтып, Мағжанның Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, басқа да Алаш қайраткерлерімен байланысын сөз етті. Мағжан тұлғасын ұлықтау туралы көзқарасын білдіріп, оның еңбектерінің маңызы мен шығармаларының ерекшеліктері жайында баяндады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button