Басты ақпаратМәдениет

Әдебиеттану әлемінің білгірі

Әдебиеттанушы-филолог ғалым, фольклортанушы, білім беру ісінің үздігі Серік Негимов мерейлі 75 жасқа толып отыр. Қажырлы еңбекқорлығының арқасында филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері сияқты атақтарға ие болды. Ғалымның аты елімізден тыс басқа мемлекеттерде де кеңінен танымал.

Серік Нығметоллаұлының шығармашылық жолына үңілер болсақ, оның үнемі ізденіс үстінде, ақырын жүріп, анық басып келе жатқандығын айқын аңғаруға болады. «Өлең өмірі», «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі», «Өнерпаздық өрнектері», «Шешендік өнер», «Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты», «Қазақ өлеңдерінің көркемдігі», «Ақын-жыраулар поэзиясы: Генезис. Стилистика. Поэтика», «Қазақтың сал-серілері» және тағы басқа көптеген монографиялары мен ғылыми еңбектері халық ауыз әдебиеті тақырыбына арналған. «Ақын-жыраулық поэзиясының бейнелілік-көркемдік жүйесі» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған, 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы.

Оның зерттеу тақырыбы әр ­алуан. Қазақ ауыз әдебиетінен бастап, тіл, лингвистика, әдебиет теориясы, шешендік өнер, сал-серілер поэзиясы мәселелеріне қатысты айтқан құнды ой-пікірлері өміршеңдігімен, маңыз­дылығымен ерекшеленеді. Ол түркі мәдениетінің, Жамбыл Жабаев, Мәшhүр Жүсіп Көпей, ұстазы әрі ағасы Мәлік Ғабдуллин мұраларының білгірі саналады. Ғылым мен ұстаздық қызметті тығыз ұштастыра білген сан қырлы талант иесінің ұлттық әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі ұшан- теңіз. Ұлттық өлең өрімін, ақын-жыршылар тілін кешенді қарастырған ғалымның «Шешендік өнер» атты зерттеу кітабы тәуелсіздік кезеңіндегі ұлт әдебиеттануы мен мәдениеттануының жаңаша қырын ашты.

«Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дегендей, Әлкей Марғұлан, Бейсембай Кенжебаев, Ісмет ­Кеңесбаев, Мәлік Ғабдуллин, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Сейіт Қасқабасов сынды кілең марқасқалардың алдын көрген Секеңнің халық ауыз әдебиетіне зейін қоюына бірден-бір себепкер ұстазы әрі ғылыми жетекшісі, Кеңес Одағының Батыры, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиет зерттеуші, академик Мәлік Ғабдуллин болғанын ерекше мейіріммен жиі еске алып, мақтан тұтады. Ұстазының бойындағы кішіпейілділік пен бар жақсы адами қасиеттерді жанына ұялата біліп, заман өзгерсе де, бойынан осы асыл құндылықтарды жоғалтпаған Секеңнің сүйегіне біткен тектілігі мен табиғи даралығы да осында. Қай тақырыпқа қалам тартса да, ғылыми оқшау ойларымен, табанды пікірлерімен тәнті етеді, ғылымның қия жолында өз соқпақ-сүрлеуін тапқан ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым.

Мәдениетті қолдау жылы болып белгіленген 2000 жылы Қарағанды қаласында республикалық ақындар айтысы өтті. Осы ізгі шараның қазылар алқасында Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Сәкен сері Жүнісов, Ақселеу Сейдімбек, Жүрсін Ерман бастаған ақын-жазушылар бас қосқан еді. Қаламгерлерге қонақасы беріліп, ас желініп болып, дастарқанға бата қайырарда кешті басқарып отырған Ақселеу аға: «Сіздер айып етпесеңіздер, тап бүгін сақал сатыспай-ақ қояйық. Атам қазақта «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа ғой, жасы кіші демеңіз, елге жақса аға ғой» деген аталы сөзі бар еді ғой. Мен осы дастарқан батасын қазақтың шешендік өнерін зерделеп, сүбелі еңбек жазған талантты ғалым інім Серік Негимовтен сұраймын» деді. Мен Секеңнің жанында отырған болатынмын, мұндайды күтпеген ол абдырап қалды. Қадыр аға өзіне тән маңғаздықпен «жөн сөз» деді. Тез бойын жинап алған Секең бұрын біз естімеген бір керемет дастарқан батасын өлеңдетіп, түйдек-түйдегімен жібергенде үлкендер жағы «Өркенің өссін!», «Көсегең көгерсін!» деп ақ тілектерін жаудырып жатты.

Ақселеу аға жүрген жерінде үнемі Секеңді көтермелеп, нағыз ғалым деп отыратын. Иә, Секең – өзінің бекзаттығымен, маңғаз, ақ жарма кіршіксіз көңілімен халықтың шынайы алғысына бөленген азамат. Адал жар. Үлгілі әке. Жұбайы Кенжекей жеңгеміз екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған бақытты отбасы. Осы күнге дейін көптеген ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарын тәрбиелеген Серік Негимовтей ұстаздың арманы жоқ шығар, сірә!

Серік Оспан,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button