Елорда тынысы

Қоғамдық көлік қызметінде кінәрат бар ма?



Кеше Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Жиынға қатысқан қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев күн тәртібіндегі негізгі мәселе елорда тұрғындарына қоғамдық көлік қызметін көрсету бойынша шаралар кешенін іске асыру туралы баяндады.

Оның айтуынша, бас қалада қоғамдық көлік қызметін жетілдіру үздіксіз және кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Қазір қала тұрғындарының 48 пайыздан астамы автобуспен қатынайды. Оларға 99 бағдар бойынша 6 автобус паркі қызмет көрсетеді. 1110 автобустың 1500-ден аса жүргізушісі бар.

Өткен жылы қоғамдық көлік желісін дамыту бойынша істелген жұмыстар туралы баяндаған қала басшысының орынбасары тұрғындардың сұранысына сай жаңа бағдарлар іске қосылып жатқанын айтты. Соның ішінде тұрғын алаптар тұрғындарына ерекше көңіл бөлінген.

iKomek қызметіне қоғамдық көлік қызметі бойынша ай сайын 3 мыңнан астам өтініш келіп түсетінін айтқан ол соның ішінде ең көп шағым автобус­тардың келу интервалының сақталмауына байланысты (34 пайыз) болып отырғанын жеткізді. Тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов жыл сайын жолақы төлемейтін жолау­шылардың шығыны 2,8 млрд теңгені, ал кадр тапшылығы – 1000 маманды құрайтынын айтып өтті.

– Соңғы рет автобустарды сатып алу 2019 жылы жүргізілді. Биыл Астана қалалық мәслихатының қолдауымен 400 автобус сатып алу туралы шешім қабылданып, оның 55-і келді. 6 жаңа автобус бағытын ашу мәселесі қарастырылуда. Осыған байланысты халықаралық тәжірибені ескере отырып, айналма маршруттарды енгізуді қарастыруды, аялдамалардың соңғы пункттерін ретке келтіруді, бір мандатты округтер бойынша депутаттардың пікірін ескере отырып, елорда аудандарындағы маршруттарға жаңа автобустардың бөлінуіне талдау дайындауды тапсырамын, – деді мәслихат төрағасы.

Ерлан Каналимов сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамдық көлікте қатынауға жайлы болуына ерекше назар аударуды тапсырды. Ал сессия қорытындысы бойынша қоғамдық көлік жұмысындағы ескертулерді, шағымдар мен кемшіліктерді жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылып, жыл соңында жауапты азаматтар атқарылған жұмыстар туралы есеп беруі керектігі айтылды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button