Басты ақпарат

ҚОРҒАЛЖЫН ҚОРЫҒЫ



Елордамыз Астананың оңтүстік-батысына қарай 130 шақырым жерде орналасқан Қорғалжын қорығы – әлем картасында айрықша орын алатын сулы да нулы аймақ. Аймақ дейтініміз, қорық көлемі 259,9 мың гектар жерді алып жатса, оның 198 мың гектары акваторий саналады. Қорық аумағында Теңіз және Қорғалжын көлдері бар.

Бұл қорықтың негізін құрайтын Теңіз көлінің ұзындығы 85 шақырымды құраса, ені 35 шақырымға жетіп жығылады. Көл суы минералды саналады. 2000 жылдан бастап «Тірі көлдер» халық­аралық ұйымына кірді. Әлемдегі ерекше бақылауды талап ететін Рамсар Конвенциясының «А» тобында тіркелген. Сондай-ақ 2012 жылы Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы ЮНЕСКО ұйымының биосфералық резерваттар жүйесіне қабылданды.

«ҚҰСТАР БАЗАРЫ»


Қорғалжын қорығының ең басты көрсеткіші мұнда 340 түрлі құстар мекендейді. 126 құс осында ұя басады. Өте сирек кездесетін құстарды да Теңіз көлінен көруге болады. Олар, әрине, ерекше қорғауға алынып отыр. Атап айтқанда, қорықты мекендейтін 37 құс түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілсе, 26 құс түрі халықаралық «Қызыл кітап» тізіміне тіркелген. Ғалымдардың пайымдауынша, Қорғалжын қорығының табиғи ресурсы 15 миллион құсты асырауға мүмкіндігі бар.
Қорықтың климаты шұғылконтинентті, яғни мұнда жазда ыстық, қысы аязды, ақтүтек боран жиі болады. Солтүстікке жақын болғандықтан, қараша айында түскен қар сәуірдің соңына дейін жатады. Сондықтан да қаздар мамырда ғана мамырлап, басқа құстар мамырдың жартысынан аса ұшып келе бастайды. Дәл осы кезеңде құстардың дауысы көлдің басын азан-қазан қылып жібереді. Осы жағдайға қарай «Құс базары» деген атау қалыптасқан.

«ҚЫЗҒАЛДАҚТАР ФЕСТИВАЛІ»
Қорғалжын қорығы сулы-нулы жерде тұрғандықтан мұнда өсімдіктің сан түрі өседі. Табиғат зерттеуші мамандардың дәйектері бойынша мұнда өсімдіктің 500-ге жуық түрі бар. Олардың ішінде кейбірі ерекше қорғауға алынған.
Қызғалдақ гүлі қорық даласының сәні десе болады. Ал мұнда сол қызғалдақтың бірнеше түрі өседі. Ерте көктемде шығатын бәйшешектен бастап, мамыр айының соңына қарай құлпыратын қызыл-күрең қызғалдақ, сары қызғалдақтар дала төсін ерекше көркем етіп жібереді. Алайда осы мезгілде гүлге құмар адамдар қарасы да көбейіп, сұлу өсімдікті оңды-солды жұлып, таптап жүретіндері кездеседі. Қызғалдақтар ерекше қорғанысқа алынған өсімдік болғандықтан оларды бей-берекет жұлғандарға әкімшілік жаза қолдану қарастырылған.
Табиғаттың, даланың органикалық тепе-теңдігін сақтауға әсер ететін қызғалдақ гүлдерін қорғау және көбейту мақсатында қорық аумағында «Қызғалдақтар фестивалін» ұйымдастыру дәстүрі қалыптас­қан.

ҚҰС ТӨРЕСІ – ҚОҚИҚАЗ


Қорғалжын қорығының басты бренді – қоқиқаздар. Біле білсек, бұл құсқа деген елдің ықыласы ерекше. Айрықша сұлулығымен ерекшеленетін қоқиқаздар үшін Қорғалжын қорығы солтүстікте қоныстанатын соңғы мекен саналады. Бұл құстар жыл сайын көктемде Африканың шығыс-батысынан, Иран, Үндістан және Пәкістан елдерінен ұшып келіп, осында ұя басып, балапандарын қанаттандырып, қара күздің салқыны түсе бергенде келген жолдарымен жылы жаққа бет түзейді.
Қоқиқаздың негізгі қорегі – артемия құрты. Мұндай құрттар тек тұзды көлдерде болады. Ал Теңіз көлінің тұздылығы әлемдік мұхиттардан 5-6 есе артық.
Табиғат қорғаушы мамандарының айтуынша, ертеректе Теңіз көліне келіп қонатын қоқиқаздар саны 100 мыңнан асып жығылатын болса, соңғы жылдары 25-30 мыңнан аспайтын болыпты. Бұған басты себеп ретінде Азия құрлығындағы кейбір елдерде орын алатын әскери іс-қимылдар аспан кеңістігіндегі құстардың миграциялық жолдарын тарылта түскені айтылады.
Қорғалжын қорығының мақтанышына айналған қоқиқаздар өте тәкәппар әрі сақ құс болғандықтан адамдарға тым жақындамайды. Солай болғанымен саяхатшылар осы құсты көру үшін ғана Қорғалжын қорығына жиі барады. Әсіресе, дәстүрлі «Қоқиқаздар фестивалі» өткенде мұнда келушілер саны еселеп артады.

Балығы тулап, аңдары жорытқан…
Қорғалжын қорығы аңдар мен жабайы жануарлар мекендейтін аймақ ретінде де танымал. Сонымен қатар мұндағы көлдерде тулаған балықтың сан-алуан түрі бар.
Қорғалжын даласының сәні саналатын ақбөкендер ерекше қамқорлыққа алынған жануарлар тізіміне енгізілген. Жыл сайын саны азайып бара жатқан бұл жануарды қорғауға және күтуге айрықша мән беріліп отыр. Сондай-ақ Теңіз көлінің қорысында мекендейтін жабайы қабандар, жер бауырлап жүгіретін борсықтар мен суырлар, түлкілер мен қасқырлар да қорықтың табиғи байлығына баланады.
Қорық құрамындағы өзен-көлдерде сан-алуан балық тіршілік етеді. Олардың ішінде мөңке, аққайран, алабұға, шортан және торта балықтары өте көп саналады.
Балықшылар мен аңшылар қорық аумағына арнайы рұқсат арқылы ғана кіре алады. Ал олардың балық аулау және аңшылық жасауына тиісті бақылау жүргізіледі.

…1968 жылы мемлекеттік қорық ретінде ұйымдастырылған Қорғалжын қорығы Қазақстанның киелі картасына кіретін бірден-бір маңызды нысан екені айқын. Демек, Қорғалжын қорығы – тек қана Қазақстанның емес, бүкіл Орта Азиядағы аң-құсқа мейірлі мекен болып отырған ерекше табиғат маржаны.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ




Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button