Басты ақпаратРухани жаңғыру

Қоянды жәрмеңкесі



Халқымыздың тарихында ғана емес, саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік өмірінде аса зор рөл атқарған, даңқы кезінде қазақ даласынан шалғай өңірлерге де жеткен Қоянды жәрмеңкесінің ашылғанына биыл 170 жыл толды.

ҚАЗАҚ АУЫЛДАРЫНА ҚОЛАЙЛЫ БОЛДЫ

1848 жылғы жаздың басында Ялуторск көпесі Варнава Ботов Талды өзенінің Қарасор көліне құятын сағасындағы, Тоқпан тауының бауырындағы кең жазыққа өндіріс бұйымдары тиелген керуенін тоқтатып, еру жасайды. Мақсаты – Қызылжар базарында мал айдап бара жатқан қазақтардың алдын тосып, олар үшін қат дүниеліктерді тірі тауарға айырбастау болатын. Ойға алған жоспары артығымен орындалып, шаш етектен пайдаға батқан саудагердің әрекеті шеттен келген басқа пайдакүнемдердің де аранын ашты. Бұл, екінші жағынан, таяу маңдағы қазақтар үшін де қолайлы болды. Олар ит арқасы қияндағы Қызылжар, Омбы сияқты қалаларға мал айдау бейнетінен құтылды. Өздеріне қажетті бұйымды әуре-сарсаңға салдырмай, жақын жерге әкеп берген саудагерлер жергілікті халық үшін тегін дүние таратқандай еді.
Жыл өткен сайын дәстүрлі сипат алып, біртіндеп дамып отырған сауда орны көп ұзамай-ақ әйгілі Қоянды жәрмеңкесіне айналды. Ресей империясының ресми құжаттарында ол 1869 жылдан бастап «Ботов жәрмеңкесі» деп аталғанымен, қазақтар оны Қарасор көлінің терістік беткейіндегі Қоянды тауымен байланыстырып, осы атаумен әйгілі етті.

САУДА-САТТЫҚ ЖАНДАНДЫ

Жыл өткен сайын қанатын жая түскен Қоянды жәрмеңкесі қазақ даласының шегінен шығып, Сібір мен Орта Азияға, Жайық сыртындағы елдерге ықпалын тигізді. Ресей көпестері мұнда астық дақылдарын, еуропалық зауыт пен фабрика бұйымдарын, Бұқара мен Самарқанд саудагер­лері бау-бақша өнімдерін, Қытай алыпсатарлары жібегі мен шыны ыдыстарын, шайын әкеліп, малға айырбастады.
Қоянды жәрмеңкесінің қарыш­тап дамуына бірнеше қолайлы жағдай әсер етті. Ең алдымен, ол Семей губерниясы сыртындағы Қарқаралы оязының теріскей бетінде орналасты. Оған Ақмола облысының, Торғай өңірінің шаруалары еркін қарым-қатынас жасай алатын. Екіншіден, сол кездегі суы мол Талды өзені жер қайысқан малды шөлден тарықтырмауға еркін жететін. Оның үстіне, саудаға түскен ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсіп шикізатын Ресейдің еуропалық бөлігіндегі кәсіпорындарына жеткізуге өте қолайлы Қарқаралы – Кереку көлік жолы Қоянды жәрмең­кесінің үстін басып өтетін-ді. Осының нәтижесінде әңгіме болып отырған сауда орны тауар – ақша айналымы бойынша қазақ жеріндегі ең ірі базарға айналды және уақыт өткен сайын үдемелі түрде ұлғайып отырды.
1910-1913 жылдар аралығында ғана жәрмеңкеде әр алуан түлік түрінен 567 920 мал сатылыпты. Сонымен бірге аса ірі көлемде мал өнімдері де базарға түскен екен. Мал шикізатын көтерме саудада сатып алып, оған қосымша баға қосып Ресейдің ішкі аймақтарына өткізу саудагерлерді белшесінен байлыққа кенелтті. 1905 жылғы дерек бойынша тері мен жүнді, ешкі түбіті мен киізді, жылқы қылы мен елтіріні, т.б. шикізатты мол-молынан сатып алумен ғана 14 адам айналысқан екен. Жиналған шикізат арнаулы қоймаларда қатталып, одан соң Қызылжар, Қазан, Нижний Новгород қалаларына жөнелтілген.
Жәрмеңкеде мал және мал өнімдеріне қоса мануфактура, бакалея тауарлары, Еуропа мен Ресей зауыттарының бұйымдары сатылды. Жергілікті халық темір мен шойыннан, жезден жасалған қазан, самаурын, балта, пышақ, қайшы, шәйнек сияқты заттарды, ауыл шаруашылығын жүргізуге қажетті қарапайым құралдарды сатып алды. Көпестер берген мәліметтер жыл сайын Қояндыда 200 мың пұт әртүрлі мата, 50 мың пұт шай, 10 мың пұт қант, т.б. бұйымдар саудаға түсетінін айғақтайды.
Қазақстан мен Оңтүстік-Батыс Сібірдің шаруашылық жағдайы үшін, сайып келгенде, Ресей им­перия­сының экономикасы алға басуына Қоянды жәрмеңкесінің маңызы ерекше екендігіне патша үкіметі сол кезеңнің өзінде үлкен мән берді. «Онымен Жетісудың, онымен шекаралас Қытайдың, Ташкенттің, Ақмола облысының, Том және Тобыл губернияларының саудагерлері мен базарлары есептеседі» деп жазыпты «Сибирьская жизнь» газеті 1890 жылғы 9 шілдеде жарық көрген санында («Восточная Сарыарқа. Каркаралинский район в прошлом и в настоящем», Алматы. 2004).
Қоянды жәрмеңкесі қазақ жұртының, соның ішінде сауда орталығына жақын орналасқан елдің тек мал өсірумен ғана шектелмей, алуан түрлі кәсіппен айналысуына әсерін тигізді. XIX ғасырдың соңына таман өңірде егіншілікпен айналысатын, жартылай отырықшы түтін саны көбейді. Өткен ғасырдың басында малдың қысқы азығы үшін шөп шабу жалпылама сипат алды. Ірі байлар жем-шөп әзірлеу үшін сол кездегі озық жұмыс тәсілі мен технологияны жаппай пайдалана бас­тады. Соның ішінде ат жегілетін шалғылар мен тырнауыштар үлкен сұранысқа ие болды.
Қоянды жәрмеңкесі жаз тоқ­са­нының басында бір-ақ ай жұмыс істеп, маусымдық сипат­қа ие болғанымен, ондағы сауда дүкендері мен әкімшілік-әлеу­меттік қызмет көрсету мекеме­лерінің саны ұдайы өсу үстінде болды. 1876 жылы 16 дүкен ашылып, 120 киіз үй тігілсе, арада ширек ғасыр өткенде мұнда 30 үлкен сауда үйі, 276 шағын дүкен жұмыс жасап, 707 киіз үй шаңырақ көтерді.
1885 жылы жәрмеңке жанында пошта бөлімшесі ашылса, көп ұзамай телеграф байланысы жетті. 1894 жылы мемлекеттік банкінің, алғашқы дүниежүзілік соғыс қарсаңында сыртқы сауда жөніндегі орыс банкінің бөлімшелері қызмет көрсете бастады. Сауда орталығын жәрмеңке комитеті басқарды. Дүкендермен қатар мейманханалар, қырықтан астам тұрғын үй, қойма ғимараттары салынды. Қылмыс жасағандарды уақытша қамайтын орны бар сот үйі, ояз бастығының уақытша жұмыс істейтін кеңсесі «Ақсүйектер орамында» орналасты. Жәрмеңкедегі тәртіпті сақтау үшін 15 атты және 20 кіші шенді күзетші қызмет жасады. Медициналық және мал дәрігерлік мекемелердің жұмысы жолға қойылды. Қазақтар үшін әлеуметтік-қоғамдық маңызы бар іс-шараларды – жер дауын және жесір дауын, рулар арасындағы қақтығыстар мен барымтаны, салық жинау, қарызды қайтару мәселелерін шешу үшін билер мен болыстардың бас қосатын, съездер өткізетін жері де осы болды. Жәрмеңкенің бір қанатында азық-түлік дүкендері мен қымыз­ханалар, шайханалар мен моншалар орналасты.

ӨНЕРДІҢ ОРДАСЫ

Арқада алты айға созылатын «кәрі құда» қыстан арып-ашып, бір-бірін сағынысып, жылына бір мәрте бас қосатын базарлы орын болғандықтан, жәрмеңке киіз туырлықты қазақ жұртының мәдениеті мен өнерінің салтанаты жарасқан орталыққа айналды. Небір дүлдүл әнші-күйшілер, ақындар мен балуандар, он саусағынан өнер тамған шеберлер мен зергерлер осында жиналып, Қоянды өңірін ұлт рухының Меккесіне айналдырды. Мұнда әншілер сайысы мен ақындар айтысы, балуандар күресі мен халық циркі әртістерінің өнері қатар жүріп жатты. Бұрынғы Шортанбай, Қалдыбай, Нарманбет, Жанақ ақындардың ізін ала Шөже, Балта, Кемпірбай, Әсет тәрізді дүлдүлдер шықты. Мұнда қазақ ақыл-ойының алыбы Абай бірнеше мәрте болды. Тәттімбеттің тәтті күйі тербеткен далада «Тамсантып Орта жүзді әнмен қырған» Біржан сал, аспандағы аққуға үнін қосқан Айтбай, өршіл рухты Жаяу Мұса, сыршыл да сырбаз үкілі Ыбырай, әр әні әнұрандай Мәди, «жанына ерген жігітке олжа салған» Иманжүсіп, сырнайын үзілдіре сызылтқан Майра тәрізді бұлбұлдардың әні қалықтады. Бертінірек базаршы жұрт Ғаббас пен Әміренің, Қали мен Жүсіпбектің үнін тыңдады. Балуан Шолақ пен Қажымұқан сияқты бұла күш иелерінің, сиқыршы һәм акробат Зәрубай, Қара Омар, артист Қаллеки, суырып салма ақын Иса сияқты тарландардың өнеріне тәнті болды. Қазақтың ғасырлар тереңінен жеткен мәдени мұрасын талмай зерттеген өнертанушы, Қазақ КСР-ының тұңғыш халық артисі Александр Затаевич француздың даңқты жазушысы Роман Ролланға жазған хатында Сарыарқаның сұлу табиғатын тамсана сипаттай отырып, осы аймақ әншілерінің орындаушылық шеберлігі деңгейін әлемдік өнер жұлдыздарымен шендестіреді.
Батыс пен Шығыстың әр алуан ұлттары мен ұлыстарының өкілдері бас қосқан жер болған­дықтан, жәрмеңкеде түрлі-түрлі мәдениет үлгілері тоқайласты. Қазақтың қоңыр домбырасы мен қара қобызына орыстың балалайкасы, татардың сырнайы үн қосып, шығыстың сұлу әуеніне Қап тауын жайлаған жұрттың қанды қыздыратын биі ұласып, ұлан даланы думанға бөлеп жатты.
Қоянды жәрмеңкесінде қазақ тіліндегі жарнаманың алғашқы үлгілері, ауызша газет пайда болды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін радио желісі тартылып, Семейде шығып тұрған «Степная правда» газетінің «Ярмарочный вестник» атты қосымшасы жарық көрді. Қазақ тілінде спектакльдер қою жүзеге асырылған халық ағарту үйі шын мәнінде кейін, 1925-29 жылдары республика астанасы болған Қызылордада ашылған кәсіби өнер ордасының, қазір М.Әуезов есімін иеленген академиялық драма театрының негізін қалады десек, ақиқаттан аулақ кетпейміз. Өйткені аталған театрдың тұңғыш актерлерінің көпшілігі, тіпті режиссері Жұмат Шанин да ең алдымен Қояндыдағы халық ағарту үйінде сахнаға шыққан өнерпаздар-ды.
Қоянды жәрмеңкесінде 1928 жылы Орталық Қазақстан көле­міндегі тұңғыш жылжымалы киноқондырғы орнатылып, ақ пердеге түскен сағым арқылы заманауи техника өңірге өнердің жаңа түрі келгенін паш етті. Сонымен қатар, мұнда оқырмандар залы бар кітапхана және балалардың ойын алаңы қызмет көрсетуге кірісті.
Қоянды жәрмеңкесінің қызық­тары, соның ішінде мәдени өмірі, қымызханалар мен ашық аспан астындағы дүбірлі думандар Мұхтар Әуезов пен Сапарғали Бегалиннің, Николай Анов пен Сәбит Мұқановтың, т.б. қаламгерлердің көркем шығар­маларына, деректі еңбектер мен кинофильмдерге, телехабарлар мен радио бағдарламаларына арқау болды. Олардан халқымыздың талай буыны рухани қуат алып, ұлттық өнерге деген іңкәрлігі оянды. Бір ауыз сөзбен айтар болсақ, қазақ мәдениетінің өркен жаюы­на, оның үздік үлгілері әлемнің бірегей туындылармен үндесуіне Қоянды жәрмеңкесінің қосқан үлесі өлшеусіз.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button