Елорда тынысы

Құқық саласының сардары



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнінде генерал-полковник Қайырбек Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағын берді. Елдің құқық қорғау саласына ерен еңбегі сіңген азаматты құттықтап, сөзге тарттық.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құқық қорғау саласында жоғары қызмет атқарып, саланы реформалауға дем берді. Мәселен, 1991-1992 жылы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, 1992-1995 жылы Мемлекеттік кеңесшісі, 1995-2003 жылы Ішкі істер министрі, 2003-2008 жылы Ішкі әскерлерінің қолбасшысы, 2008-2009 жылы Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін атқарды. 2009-2012 жылы – Ардагерлер кеңесінің төрағасы, 2012-2016 жылы Мәжіліс депутаты болды.

Бүгінде «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы, «Қазақстан халқы» қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде еңбек етуде.

Елдік істе ерен еңбегімен танылған тұлғаның балалық шағы, өскен ортасы қызықтыратыны сөзсіз. Алғашқы сұрақты осы бағытта қойдық.

– Новосібір қаласында жұмысшы отбасында туып-өстім. Ата-бабам ұжымдастыру жылдарында Павлодар облысынан Сібірге көшеді. Мектепті бітіріп, құрылыс саласында еңбекке араластым. Одан кейін өрт сөндіруші болдым. Сосын партия қатарына өтіп, заң факультетінің кешкі бөліміне оқуға түстім, – деп бастады әңгімесін ол.

Институтты бітіріп Новосібір облысы Куйбышев қаласының прокуратурасында тергеуші болып жұмысқа кірісіп, онда үш жыл қызмет етеді. 1975 жылы тарихи отаны – Қазақстанға келеді. Сөйтіп, Алматы қаласы Фрунзе аудандық прокуратурасында тергеуші болып жұмысын жалғастырады.

– Жұмысқа алғаш кіріскен кезде өмір бойы есіңізде қалатын жағдай болды ма?

– Өте көп. Менің өміріме жиі қауіп төнетін. Әсіресе қатардағы өрт сөндіруші және полиция қызметкері болып қызмет атқарған кезде. Мен бұл туралы айтқанды ұнатпаймын.

– Қазақ полициясының қалып­тасуы қалай жүзеге асты, қай елдің тәжірибесі негізге алынды?

– Тәуелсіздікті жариялаған кездегі Қазақ КСР полициясының өзіндік бай тәжірибесі болды және біреудің тәжірибесін көшіріп алудың қажеті жоқ еді.

Қарулы күштер, ҰҚК, т. б. құрылған жоқ. Негізгі мәселе кадр мәселесі және қызмет тәртібін реттейтін егеменді заңнама болды.

ХХ ғасырдың 90-жылдары қылмыс он есе өсті. Оның ішінде бандитизм, рэкет, есірткі саудасы, т. б. ерекше атауға болады.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жоғары кәсібилікті, тәулік бойы жұмыс пен шыдамдылықты қажет етті.

Күш құрылымдарына Президент пен Үкімет тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп, біздің іс-әрекетімізге сенім артты. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге әкімдер қатысқан жергілікті атқарушы билік орасан зор үлес қосты.

– Президент құқық қорғау саласын реформалаудың маңызын атады. Ішкі істер министрлігі жүйесіне реформалар қажет пе? Қалай ойлайсыз?

– Уақыт ағымына сай дамуда барлық саланы реформалап отыру маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған әділеттіліктің ең маңызды қағидасы барлық билік құрылымдарын реформалаумен тікелей байланысты. Әділеттілік қағидаттарын заң үстемдігі мен тыңдаушы мемлекетпен ұштастыру – реформалардың стратегиялық бағыты.

Қазір құқық қорғау және сот жүйе­сіндегі реформалардың көпшілігі өте дәйекті.

Реформаны көзбояушылық үшін емес, саланың бәсекеге қабілетті дамуы үшін жүргізу керек.

– Қылмысқа қарсы күрестің қандай әдісі тиімді деп ойлайсыз?

– Қазір қоғамның талғамы өсті, саяси белсенділігі артты. Барлық сала цифрланған заманда құқық қорғау саласындағы атқарушы органдар жариялықты, ашықтықты ұстануы тиіс. Полиция қызметкерінің адалдығы мен ар-ожданы, дүниетанымы, адамға деген құрметі, т. б. тұлғалық қасиеттері алдыңғы қатарға шығады.

Қылмысқа қарсы күрес әдістерін, техникалық арсеналды, заңнаманы жетілдіру жеткіліксіз. Қызметкердің психологиясын, біліктілігін жетілдіру – маңызды міндет.

P.S: Отандық құқық қорғау саласының қалыптасып, дамуына еңбек сіңірген тұлғаға мемлекеттің ең жоғары атағы берілуі бұл тұтас құқық қорғау саласына берілген үлкен баға деп білеміз.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button