Басты ақпаратМәселе

Мақташылардың мұңын кім тыңдайды?

Өткен жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы заңының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған еді. Қабылданған заң мақта саласына қаржы институттарын тартуға және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды ұлғайтып, саланың негізгі көрсеткіштерін көтеруге, артық әкімшілік кедергілерді жоюға оң серпін береді деп күтілген еді. Алайда содан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, салада серпіліс жоқ, керісінше, кері кеткен күйі өзгермей тұр.

Мақта атызы азайып барады

Қазақстан Орталық Азиядағы азық-түлік өнімдерінің ірі өндірушісі және экспорттаушысы саналады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылғы дерегіне сүйенсек, елімізде ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін жердің жалпы ауданы 22,7 млн га құрайды екен. Мұның ішінде 125800 гектар аумаққа мақта егіледі. Мақта алқаптары, негізінен, Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай аудандарына шоғырланған. Дегенмен ирригациялық ресурстар мен басқа да жағдайлардың әсерінен Қазақстанда соңғы жылдары мақта егілетін аумақ жылдан-жылға азайып барады. Мәселен, 2004 жылы елімізде мақта егілетін аумақ 224000 гектарға дейін ұлғайса, 2005 жылдан бастап бұл көрсеткіш үздіксіз төмендеп, 2021 жылға жеткенде еліміздегі мақта егілетін аумақ 109970 гектарға дейін азайды.

Мақта егілетін егістік жер көлемінің 20 жылға жетпейтін уақыт ішінде еселеп азаюына бастысы оңтүстік аймақтағы судың тапшылығы, жердің сортаңдануы, мақта өңдейтін зауыттардың көнеріп, тозуы, жиналған мақтаның ел ішінде толық өңделмей, экспортқа кетуі, мақта-тоқыма өнеркәсібінің дамымауы себеп болғаны жасырын емес. Бірақ мақта өндірісінің дамуына тұсау болған осы түйіндердің бәрі күрмеуі көп, шешілуі қиын мәселелер емес. Билік мән беріп, Үкімет кешенді шара қабылдап, шаруалар мен мақта өнімдерін өңдеу­шілерге қуатты қолдау көрсетсе, бірер жылда тұралаған өндіріске қайта жан кіріп, маталған мақта саласының адымы ашылар еді.

Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Оспановтың айтуынша, биыл облыста мақта дақылы 126,3 мың гектарға егіліп, 345 мың тонна шитті мақта жиналған. Демек, билік басындағылардың сөзіне сенсек, түсім жаман емес. Мақта егілетін аумақ та былтырғыдан ұлғайған. Бірақ жылда мақта жиналатын мезгілдегі «әләулай» биыл тағы басталды. Яғни мақтаның тұрақты бағасы жоқ. Осы жағдайға байланысты мақта егетін шаруалар облыс әкіміне дейін барды, олар «бұл мәселе жуық арада шешіледі» деп уәде еткенімен, алаңдаған шаруалардың көңілі байыз табар емес. Біздің жаңадан құрылған «Zhanassyl» зауытымыз қазір мақтаның келісін 330 теңгеден қабылдап жатыр. Бірақ өңірдегі басқа зауыттар мөлшерлемелік бағаны бұдан төмен қойғандықтан, шаруалар біздің бағаға сенімсіздік танытып, мақталарын тездетіп өткізбей отыр. Демек, мақта бағасының шықпауы тек шаруаларға ғана емес, мақта өңдеумен айналысатын зауыттардың өндірісіне де салқынын тигізуде.

Баға қалай белгіленеді?

Ендеше неге бізде мақта бағасы тұрақсыз? Неге мақта бағасын өзіміз белгілей алмаймыз? Оның басты себебі біздің мақта өндірісінің негізгі бағыты экспорт болғандықтан, ішкі нарық халықаралық нарықтың демімен толқиды. Мәселен, өткен жылы Түркістан облысы бойынша 290,4 мың тонна мақта жиналып, 90 мың тонна мақта талшығы өңделді, оның 30 мың тоннасы Қытайға, қалған бөлігі Түркия, Еуропа, Ресейге экспортталды. Шамаман 20 пайызын ғана отандық өндірушілер сатып алып мәнерледі. Қалған 200 мың тонна өнім шикі мақта күйінде экспортқа кетті. Ал мақтаның халықаралық биржадағы бағасы 2200-3200 доллар, алайда біздің шаруалар 1950-2750 доллардан сатты. Мұның басты себебін мынадай бірнеше түйінге жинақтауға болады.

Біріншіден, біздің елде, шын мәнінде, мақта өндірісін дамытуға мемлекеттік деңгейде мән берілмейді. Соның кесірінен біздің елде мақта мәнерлейтін, өңдейтін желілес өндіріс ошақтары қалыптаспаған. Яғни біздегі зауыттардың дені тек мақта талшығын өңдеп сатумен ғана айналысады. Жиналған мақтаны өңдеп, жіпке, матаға айналдырып, одан киім-кешек өндіретін деңгейге жете алмай отырмыз. Былайша айтқанда, мақтамызды шикізат күйінде арзан бағамен шетелге сатып, қымбат бағаға мақтадан жасалған бұйымдарды сатып алып отырған елміз. Ал көршілес Өзбекстан бұл жағынан бізден көш ілгері. Желілес өндіріс айналымы қалыптасқан. Олар біздей емес, халықаралық нарыққа көп жалтақтамайды, биылдың өзінде мақтаның келісін 415 теңгеден жинап жатыр.

Екіншіден, мақтаның сапасы мен тазалығы мәселесі де бағаға қатты әсер етіп тұр. Мұнда мақтаның сапасы оның тұқымына байланысты болса, ал оның тазалығы бапталуы мен жиналуына тікелей қатысты. Әсіресе тұқым мәселесі жағында елімізде тұқымның сапасын және қорын бақылайтын арнайы жүйе жоқ, мақта тұқымын Өзбекстаннан сатып аламыз. Олардың да мақта тұқымының сапасы төмен болғандықтан, біздегі мақта талшығының сапасы мен көлеміне тікелей әсерін тигізіп отыр.

Үшіншіден, мақтаның логистика мәселесі де оның бағасына орасан зор ықпал жасайды. Яғни мақта сатып алушыға логистикаға қатысты мәселелерді толық түсіндіріп бере алмаймыз.

Төртіншіден, мақта өндірісіне ықпал жасап отырған тағы бір мәселе – мақта өңдейтін завод-фабриканың, сондай-ақ мақта жинайтын техниканың көбі ескі.

Демек, мақта егетін шаруа­лардың жанайқайын естіп, мақта өндірісін дамытамыз десек, осы мәселелерге түбегейлі өзгеріс жасау керек. Отандық өндірісті дамытып, арзан бағамен шетелге мақта сатқаннан оны өзімізде өңдеп, мақтадан жасалған бұйымдарды шетелге шығарудың экономикалық кірісі жоғары екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, отандық өндіріс өркендесе, күннен-күнге асқынып бара жатқан жұмыссыздық мәселесін шешуге де тиімді болар еді.

Тапшылық та тақымдап тұр

Сонымен қатар мақта өсіруге бағытталған мемлекеттік қолдауды күшейтіп, мақта тұқымын өндіру ісін қолдау, минералды тыңайтқыштардың, гербицидтердің, сумен жабдықтау қызметтерінің құнын төмендету, инвестициялық субсидиялар, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, мақта егуге және жинауға арналған несиелер, сондай-ақ қайта өңдеуге тапсырылған мақтаның тоннасына қосымша қаражат беру жағын да қарастыру керек.

Біздің елде мақташылар кірісінің мардымсыз болуына үш үлкен себеп бар екенін де айта кеткен жөн. Ол – су, селитра және тұқым.

Сонымен қатар дәстүрлі тәсілмен мақта егу тәсіліне де өзгеріс жасау керек. Қазір біздің шаруалардың мақтадан тапқанынан шашқаны көп. Көп еңбек зая кетіп жатыр. Дамыған елдермен салыстыр­ғанда біздің мақтаның түсімі олардың жартысына да жетпейді. Мақта мәнерлеу кәсібімен айналысатын маман ретінде біздің мақта шаруашылығының жалпы жағдайынан осындай ой түйдік.

Жұман ҚАЛЕЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button