Басты ақпаратҚала мен Сала

Тұрғындар тұрмысының жайлылығы – басты міндет

Бүгінде елордадан сыртқарырақ орналасқан тұрғын алаптарды дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Жақында газетіміздің тілшісімен болған әңгіме барысында Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Мақсат Саматұлы, әңгімені қазіргі кездегі ең өзекті мәселелердің бірі – шеткі аймақтарды газдандырудан бастасақ. Қала әкімі алдағы жылдары елорда толығымен газдандырылатынын атап өтті. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Иә, елорданы газдандыру қаладағы экологиялық жағдайды едәуір жақсартады, өйткені енді жеке сектор үйлерді көмірмен жылытуды тоқтатады. Бұл ретте қала билігі үйлерді газға қосуды жеңілдету үшін бірқатар шаралар қабылдады. Бірінші, газға қосылу үшін қажетті құжаттар тізімі қысқартылды, халықтың мұқтаж санаттарына бөлінетін сома екі есе ұлғайды, есептегіштер, яғни газды есепке алу құралдары тұрғындарға тегін таратылуда. Пайызсыз несиелеу бағдарламасы қолданылып жатыр. Сондай-ақ Алматы ауданының әкімдігі күн сайын тұрғындармен үйлерді газға қосу мүмкіндіктері туралы ақпараттық-үгіт жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.

Жалпы, «Железнодорожный» тұрғын алабында барлығы 633 абонент бар, оның ішінде 278 үй газға қосылған және тұрғындар қосымша 445 өтінім берген. «Промышленный» тұрғын алабында 985 абонент болса, оның 361-і газға қосылған, ал 575 тұрғынның өтінімі қарастырылуда.

Оңтүстік-шығыс шағын ауданының оң жағындағы абоненттердің жалпы саны – 1955, оның 808-і газ жүйе­сіне қосылған. Шағын ауданның сол жағында тұратын абоненттердің жалпы саны 1505 болса, оның 609-ы газға қосылған. Жалпы, шағын ауданның барлық тұрғындары газбен жабдықтауға рұқсат алды.

Бүгінгі күні «Интернациональный» тұрғын алабында 1084 жеке үйге газ тартылып, газға 364 абонент қосылды, тұрғындардан 632 өтінім түсіп, 419 адамға техникалық шарт берілді.

«Мичурин» елді мекенінде 199 жекеменшік үй, яғни тұрғын үйлердің 100%-ы газбен қамтамасыз етілді, 91 абонент газға қосылды, тұрғындардан 122 өтінім түсіп, 90 техникалық шарт берілді. Күйгенжарлықтар да толықтай газдандырылды.

– Қатты жаңбыр кезінде қаланың кейбір аумақтарын су басып кететіні бар. Тұрғын аудандарда нөсерлі кәріз мәселесі қалай шешілуде?

– Күрделі құрылыс жүргізіліп жатқан Оңтүстік-шығыстағы сегіз көше бойынша жолдардың құрамында барлық инженерлік желілер: сумен жабдықтау, тұрмыстық, нөсерлі кәріз мәселесі қарастырылған. Бұл ретте Балбырауын, Балқантау, Ақсу-Аюлы, Зеренді, Жанкент көшелерінде су басатын проблемалық учаскелер бар. Қазіргі уақытта нөсерлі кәріз желілерінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Бөрілі, Баянтау, Мойынты, Түлкібас көшелерінде бұрын салынған желілер жұмыс істемейді, өйткені перпендикуляр орналасқан Талғар және Обаған көшелерінде нөсерлі кәріз желілері жоқ. Қазіргі уақытта Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы аталған учаскелердегі проблемаларды шешу үшін жоба әзірлеуде. Жоба уақтылы қаржыландырылған жағдайда оны іске асыру мерзімі 2023-2025 жылдарға жоспарланып отыр.

«Железнодорожный» тұрғын алабында Екібастұз көшесі бойындағы жолдарды салу шеңберінде ұзындығы 930 м нөсерлі кәріз желілерін жайластыру жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 2022 жылы «Интернациональный» тұрғын алабында инженерлік желілерді, атап айтсақ, шаруа­шылық-тұрмыстық кәріздерді, нөсер-су құбырын төсеумен Армандастар көшесінің ­(720 м)­ күрделі құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілді. 135-көшеде кәріз сорғы станцияларын монтаждау жұмыстары аяқталды. Көкжиде тұйық көшесінде (420 м) асфальттың төменгі қабатын төсеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілер тартылды. Мереке көшесі мен Ұлан тұйығында инженерлік желілерді жабдықтау жұмыстары ішінара басталды. Бірақ жаяу жүргіншілер жолын салу, көгалдандыру мен жарықтандыру және асфальт төсеу жұмыстары 2023 жылға жоспарланып отыр.

Егінді тұйық көшесінде жолды жөндеу және нөсер кәрізінің құбырлары мен жаңбыр қабылдайтын құдықтары, шаруашылық-тұрмыстық кәріз желілері мен кәріз сорғы станцияларын жайластыру жүргізілуде. Желілерді толыққанды іске қосу үшін 135-көше мен өзен аллеясындағы төсемді аяқтау қажет. Бұл жұмыстарды қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«Күйгенжар», «Интернациональный» және «Мичурин» елді мекені тұрғындарын толғандыратын мәселе көп. Әсіресе, бұл жерлерде электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау желілері әбден тозған, олар сонау 1960 жылдары салынған. «Интернациональный» тұрғын алабында 2021 жылы сегіз көше бойынша, нақтырақ айтсақ, Жағажай, Көксай, Мереке, Армандастар, Аралқұм, Алтындала, Нұрлыжол, Құрылысшылар көшесінде 9 шақырым сым ауыстырылып, 2 апаттық қосқыш орнатылды.

«Мичурин» тұрғын алабында 26 толық трансформаторлық қосалқы станция (ТҚС), 13,2 шақырым кабель орналасқан. Биылғы жылы ұзындығы 1,57 шақырым жалаңаш сымды ауыстыра отырып, үш ТҚС-ге күрделі жөндеу және техникалық қызмет көрсету жүргізілді, сондай-ақ бес ТҚС және бір қосқыш монтаждалды. Күйгенжарда инвестиция­лық бағдарлама бойынша 2023 жылға толық трансформаторлық қосалқы станция мен жалаңаш сымды өзін-өзі қамтамасыз ететін оқшауланған сымға ауыстыру жұмыстары жоспарланып отыр.

– Алматы ауданының аумағында орналасқан тұрғын алаптардағы жолдардың жағдайы қалай?

– Тұрғындармен кездесулер кезінде елді мекендердің тұрғындары жолдарды асфальттау мәселесін жиі көтереді. Бұл ретте біз, әрине, елордалық көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударамыз.

2021 жылы әл-Фараби даң­ғылының жүріс бөлігін кеңейту шеңберінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қошқарбаев даңғылы мен әл-Фараби даңғылының қиылысында орналасқан жол айрығынан Иманақ көшесіне дейінгі учаскеде жалпы ұзындығы 781 м теміржол жолдарын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілді. Яғни, екі жолақты ені 7 м жолымыз ені 14 м төрт жолақты жолға айналды. Ағымдағы жылы Ақтасты, Горький, Екібастұз көшелерінің жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ биыл 399 қолданыстағы ЖКУ шамдарын жарықдиодты шамдарға ауыстыру бойынша жұмыс жүргізілді. 40 «Сергек» камерасын орнату қажет. Бұл мәселе Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасымен бірлесіп пысықталуда. Қазір Оңтүстік-шығыс шағын ауданында 22 көшені жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан аумағындағы Балқантау, Қордай көшелерінде, Қошқарбаев даңғылындағы көпірде, Сартау тұйығында жөндеу жұмыстары аяқталды.

– Әрбір адам өзінің тұр­ғылықты жерінің жайлы және ыңғайлы болғанын қалайтыны белгілі. Бұл рете аудан аумағында тағы қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?

– Өте дұрыс айтасыз. Аудан аумағын абаттандыру – жол құрылысының ажырамас бөлігі. Жолдар мен тротуарларды асфальттау, жолдарды жөндеу, нөсер кәрізін орнату, балалар мен спорт алаңдарын салу және т.б. жұмыстар жыл бойы жалғаса береді. Сонымен бірге экологияны жақсарту және қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орындарын құру мақсатында ауқымды көгалдандыру жұмыс­тары да жалғасуда. Соңғы кезде қалада жаңа жасыл аймақтар мен адамдар көп жиналатын демалыс орындары, нақтырақ айтсақ, қоғамдық кеңістіктер көптеп пайда болды. Жазғы кезеңде 1000-нан астам ағаш, айтап айтсақ, терек, үйеңкі, алма, қарағаш отырғызылды. Мәселен, биыл «Интернациональный» тұрғын алабында – 400, «Мичурин» елді мекенінде – 380 және «Күйгенжарда» 220 көшет егілді.

Тұрғын алаптардың санитарлық жағдайына да назар аударылып келеді. Күзгі экологиялық айлық барысында «Отау» шағын ауданында 300 ағаш, ал «Железнодорожный» тұрғын алабында 200 ағаш отырғызылды.

Ағымдағы жылы Оңтүстік-шығыс шағын ауданында үш қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Тұрғындарға «Халық қатысатын бюджет» жобасы туралы еске салғым келеді, соның арқасында, мысалы, Қобыланды батыр көшесінде шағын сәулет нысандары, балалар ойын және спорт алаңдары, сондай-ақ демалыс аймақтары орнатылып, сквер орнатылды. Осы жылы «Интернациональный» тұрғын алабында жоба аясында Сүткент, 30, 30/1 көшелеріндегі екі аула абаттандырылды, жаяу жүргіншілер жолы ауыстырылып, 80-нен астам ағаш пен көгал отырғызылды, балалар шағын архитектуралық формалары, футбол алаңы орнатылды.

– Балалар жылы аясында көптеген арнайы жобалар қолға алынып, әр баланың әлеуетін ашуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Аудан аумағында бұл бағытта қандай шаралар жүзеге асырылды?

– Балалар жылы аясында іс-шаралар кешені жоспарланып, іске асырылуда. Жыл басынан бері теміржол, өнеркәсіптік тұрғын алаптарында «жігерлі театрлар» мен аниматорлардың қолдауымен «Балаларға базарлық» жобасы аясында 10 іс-шара өткізілді, онда 4 000-нан астам бала қамтылды.

Оңтүстік-шығыс шағын ауданындағы «Достық аллеясы» орналасқан жерге «Жерұйық-2» саябағы салынды және Халық­аралық балаларды қорғау күніне орай қалалық қуыршақ театры «Алдар Көсе және оның достары» спектаклін ұйымдастырды. Сонымен қатар, «Темірлан» аула клубы жас шахматшылар арасында аудан әкімінің кубогына шахмат турнирін өткізді. Құрбан айт мерекесі қарсаңында саябақта «Тәп-тәтті» кондитерлік желісі ұйымдастырған қайырымдылық іс-шарасы барысында балаларға палау ұсынылып, тәттілер таратылды.

Қоғамдық кеңістік ашылған күні Қошқарбаев даңғылы мен Қордай көшесінің қиылысында аниматорлардың қатысуымен «көңілді старттар» ұйымдастырылды. Балаларды қорғау күніне орай «Интернациональный» тұрғын алабында Мереке көшесі мен Речный тұйық көшесінде екі гүлзар ашылды. Достық үйінде Паралимпиада ойындарының жеңімпаздарымен кездесу өткізіліп, шара аясында қуыршақ театры «Тазша бала және оның достары» шоу-бағдарламасын ұсынды.

– Тұрғын алаптардағы мектептердің жағдай қандай?

– Біз өз ауданымызда балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алулары  үшін барынша жағдай жасауға тырысамыз. Бірақ кейбір тұрғын аудандарда әлі де тығыздық бар. Осыған байланысты 2023-2024 жылдары «Промышленный» тұрғын алабының «Отау» шағын ауданында 2000 орындық мектеп құрылысы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 1982 жылы салынған №13 орта мектеп 400 оқушыға арналған, ал іс жүзінде мұнда 800 оқушы білім алуда. Сондықтан 600 орындық қосымша ғимарат салу қажеттілігі туындады. №44 орта мектепте «Интернациональный» тұрғын алабында 600 орындық қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл мектепте 1029 оқушы оқиды, ал ол 540 оқушыға арналған. Осы шаралардың барлығы сабақ кестесін және оқытушылар құрамына жүктемені түсіруге мүмкіндік береді.

Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының аумағында 5 мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру нысаны және 41 жеке меншік балабақша орналасқан. Сондай-ақ әрқайсысы 1200 орындық 5 жалпы білім беретін мектеп және 4 жекеменшік мектеп бар.

– Пандемия кезінде оқушылар үйде онлайн оқыды. Сол кезде көптеген бала интернет желісінің дұрыс жұмыс істемеуінен біраз қиналды. Қазір қаланың шеткі аймақтарындағы интернет қалай жұмыс істеп тұр?

– Интернет байланысын нығайту және оның үздіксіз жұмыс істеуі  тұрғысынан әрқашан тиісті шаралар жүргізіліп келеді. Бұл байланыссыз өмірді елестетудің өзі қиын.

Алматы ауданы бойынша 2020-2021 жылдар аралығында интернетті күшейту және жақсарту үшін 5 антенна-діңгек құрылыстары орнатылды. Оңтүстік-шығыс шағын ауданында Бурабай және Ата-Қосай көшелерінің қиылысында бір ғимарат орнатылды, ағымдағы жылы қосымша елшілік қалашығы ауданында антенна орнату жоспарлануда.

Тұрғын үй алаптары, мысалы, теміржол алабында, А-1 кө­ше­сіндегі әскери қалашық және Жабаев көшесі, 12/2 үй талшықты-оптикалық жүйе бойынша интернетке қосылған. Уәкілетті орган – цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы 12 көппәтерлі тұрғын үйлердің желілерін жаңғыртуды, яғни талшықты-оптикалық желіге көшуді көздеді. Бұлар: Ақтасты, 12, 12/1, Маяковский, 2, 3, 3а, 3/1, 4а, 5а, 4, 5, 6, 7 көшелері. Жеке сектор «Транс­телеком» АҚ қызметінде және мыс кабельдер желісі бойынша қосылған.

Талшықты интернет көптеген жылдар бойы әртүрлі елдерде белсенді қолданылып келеді. Ғаламторға қосылудың бұл әдісі деректердің желіге жылдам және сапалы берілуіне байланысты ең тиімді болып саналады. Талшықты-оптикалық кабельдің қасиеттері пәтерді де, жеке үйді де жоғары жылдамдықты интернетке қосуға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, «Интер­национальный», «Мичурин», «Күйгенжар» тұрғын алаптарында барлығы сымды интернетпен қамтамасыз етілмеген. Бұл массивтерде мобильді операторларға арналған антенна-діңгек құрылыстары орнатылған.

Ауданымыздағы тұрғын алап­тардың әрқайсында бас инспекторлар бекітілген, олар тұрғындарға барлық мәселелер бойынша кеңес бере алады. Жалпы, тұрғындар тұрмысының жайлылығы – біз үшін басты міндет. Бүгінге дейін ауданымызда біраз іс тындырылды, алда одан да көп жұмыстар күтіп тұр.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button