Басты ақпарат

«ҚҰРСАҚ АНАНЫҢ» ҚҰНЫ ҚАНША?



Тоғыз ай көтеріп тапқан баласын туа сала биологиялық ата-анасына бергісі келетін жастар күн санап көбейіп келеді. Жатырын «жалға» беруді мақсат еткендердің көптігі сонша, бір ғана kazakh.ru форумында жыл басынан бері жүзден астам бойжеткен хабарлан­дыру қалдырған.

Осыдан он шақты жыл бұрын суррогат ана туралы ілуде бір хабар кездестірсек, қазір ашық түрде жарияланатын болды. Себебі сол, осы мәселеге қатысты барлық мән-жай заңмен реттеліп қойған. Нақты айтқанда, еліміздің «Неке және отбасы туралы» заңында суррогат ана дегеніміз – суррогат ана мен ықтимал ата-ана арасындағы шарт бойынша бойға бала бiтiру, оны көтеру және тууды айтады. Ал балалы болуды қалайтын адамдар мен бойға бала бiтiрудiң жасанды әдiсiн немесе эмбрион имплантациясын қолдануға келiсiмiн берген әйелдiң арасындағы өзара байламды «суррогат ана келiсiмшарты» дейді. Аталмыш шарт азаматтық заң талаптарын сақтай отырып, жазбаша түрде жасалады және де міндетті түрде нотариалды куәландырылуға жатады. Ал бүгін оны қалта қамын күйттеген, денсаулығы бар кез келген әйел бизнеске айналдырып, жатырын жалға беретіндей жағдайға жетті.

Бақыттың ең үлкені – бала сүю
Десек те, сәбидің үніне жете алмай жүрген отбасылар көп. Сарапшы мамандар Қазақстанда бедеулік көрсеткіші жыл сайын 15 па­йызға артып отыратынын айтады. Осыдан үш жыл бұрын бала сүю бақытынан айырылған 350 мыңнан астам отбасы тіркелген екен. Ал бейресми деректер қаншама?! Отбасын сақтау үшін ерлі-за­йыптылар балалы болудың ең соңғы жолы – суррогат анаға жүгінеді. Мұндай тәсіл еліміздің бірнеше медициналық орталықтарында жүргізілетінін ескерсек, «құрсақ ана» көмегімен осы уақытқа дейін 20 мыңнан астам бала дүниеге келген.
Шынында, ерлі-зайыптылар құрсақ ананың қыз­метіне амалдың жоғынан жүгінеді. Мұндай қадамға, әсіресе, туа бітті немесе жүре келе бедеулікке ұшырағандар барады. Мәселен, жатырдың болмауы, жатыр қуысының деформациялануы әйелді, амал жоқ, осы әдіске итермелейді.

Тапсырыспен құрсақ көтеру 20 мың доллардан басталады
Астананың сол жағалауында орналасқан «Суррогат ана» орталығына кіріп-шығып жатқандар сирек. Күту залында бір сағаттай тосып отырдым. Орталықтан енді шыққан бойжеткенге өзімді «суррогат ана» іздеуші ретінде таныстырғаным сол, әңгімеміз жараса кетті.
«Жасым – 29-да. Салмағым – 54, бойым – 165. 2016 жылы бағдарлама бойынша өмірге бала әкелдім. Қазір денсау­лығым қалыпты. Жаман әдеттен аулақпын, салауатты өмір салтын ұстанамын. Енді тағы да суррогат ана болғым келеді. Алдағы шілде-тамыз айында бала сүйгісі келетін ерлі-за­йыптыларды іздеймін. Менің гонорарым – 25 мың АҚШ доллары. Ал тоғыз ай бойы төлейтін соманы келісуге болады» дейді Инабат есімді бойжеткен. Инабатпен әңгімелесе отырып, біз біле бермейтін біраз мәліметтерді естідім. Инабаттың айтуынша, қазір делдал орталықтар көп. Өтініш тастасаңыз болғаны, биологиялық ата-ана іздеп әуре болмайсың. Олар сені іздеп келеді екен.
«Негізінде, мұны бағдарлама дейді. Кез келген әйел суррогат ана бола алмайды. Жасы 35-ке дейін және мықты денсаулығы болу керек. Мәселен, өзім бала көтеруге мүмкіндігі жоқ әйелмен келісімшарт жасастым. Алдын ала іздестіру барысында небір отбасыны кездестірдім. Тым аз ақша ұсынғандар болды. Мәселен, астаналық отбасы небәрі 3,5 млн теңге беретінін айтты. Мен әрі кетсе 2 бала туып беруге ғана жараймын, сондықтан үзілді-кесілді қарсы болдым. Барлығы заңды түрде жүргізіледі, дәрігермен ақылдасамыз. Ерлі-зайыпты жұппен талқыланған шарт нотариус­пен бекітіледі» дейді ол.
«Өзің туған баланы біреуге көзің қиып қалай бердің?» деп қойған сауалға Инабат саспады. «Әрине, маған да оңай емес. Баланы берерде қатты қиналдым. Бермеуге де болмайды. Өйткені келісімшартты бұзсам, заңға сәйкес жауапқа тартылатынымды білемін» дейді суррогат ана.
Заң демекші, суррогат ана туған баланы өзiмен шарт жасасқан адамдарға беруден бас тартуға, сондай-ақ, өзге адамдарға беруге құқы жоқ.
Білікті заңгер Нұржан
Пірмағанбетұлының айтуынша, егер ерлі-зайыптылар кенет баладан бас тартса, оған ана болуға суррогат ананың өзі құқылы. Бірақ ол да баладан бас тартса, нәресте мемлекеттің қамқорлығына алынады екен.
«Шарт жасасқан адамдар баланы қабылдамаған жағ­дайда, белгіленген мөлшерде өтемақы төлейді. Ал суррогат ана баланы ерлі-зайыптыларға бергеннен кейін осы балаға арналған барлық құқықтан айырылады. Бала мен ата-анасына жасаған кез келген іс-әрекеті үшiн суррогат ана қолданыс­тағы заңға сәйкес жауапқа тартылады. Бала дүниеге келгеннен кейін берілетін туу туралы куәлікке тапсырушы ерлі-зайыптының аты-жөндері жазылады» дейді заңгер.

«Суррогат ана іздеймін…»
Мұндай хабарландыру ғаламтор бетінде шарлап жүр. Жеке адамдардың хабарла­масынан бөлек, тұрақты ай­налысатын мекемелер де бар. Сондай хабарландырудың біріне біз де хабарласып, суррогат анаға қойылатын талаптармен жеке таныстық.
«Дәл қазір іріктеу жүріп жатыр. Жасы 20 мен 35 жас аралығындағы әйелдер қатыса алады. Суррогат ана бұған дейін босанған болу керек, әрине, табиғи жолмен. Қан тобының оң көрсеткіші, түрлі аурулардан ада, 9 ай біз ұсынған қалада тұруға келісімін беруі міндетті. Ал гонорарға келсек, 4 млн теңгеден басталады. Қосымша 300 мыңдай керек заттары мен киіміне беріледі. Егер егіз туып беретін болса, баға екі еселенеді, яғни 8 млн болады. Ал медициналық көрсеткіштері бойынша кесарь тілігі жасалатын болса, қосымша 500 мыңдай төленеді. Өзіңізден жалпы және арнаулы гинекологиялық зерттеу, кіші жамбас органдарының ультрадыбыстық зерттеуі, қан тобы мен резус-факторды анықтау, денсаулығының жағдайы және жүктілікті көтеруге қарсы айғақтардың жоқтығы туралы терапевтің қорытындысы, ЭКГ, кеуде жасушасы флюорография­сы, қанның клиникалық, биохимиялық талдауы, мерезге, АИТВ-ға, В және С гепатиттерiне қанның талдауы, түрлі жұқпалар мен онкоцитология талдауы, сонымен қатар психиатр, нарколог және маммологтың қорытындысы талап етіледі» дейді. Егер анық шешім қабылдасаңыз, кездесуге дайын екендіктерін жеткізді. Айта кетерлігі, Құрсақ ана бағдарламасын жүргізуге қажетті тексеру көлемі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №627 (30.10.2009 ж.) бұйрығымен бекітілген.

ҚМДБ: Шариғатта рұқсат жоқ!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы келіп түскен көптеген сұрақтар мен өтініштерге байланыс­ты жылдың басында құрсақ ана болудың шариғи үкімін берген еді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің XV мәжілісінде қабылданған пәтуаның қысқаша мәтіні мынадай: «Құрсақ ана (суррогат ана) қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл әдіс бойынша ерлi-зайыптылардан алынған аталық ұрық пен аналық клетканы арнайы түтiкшелерде сырттай ұрықтандырып, құрсақ ана (суррогат) қызметiн ақылы немесе ақысыз түрде атқаруға ризашылығын бiлдiрген бөтен әйелдiң жатырына салады. Мұндай жолмен бала табуға шариғатта рұқсат жоқ» дей келе, оның себебін және үкімін толық түсіндіріп берді.

Руслан ҚАМБАРОВ, исламтанушы: ДЕМОГРАФИЯҒА ДЕМ БЕРМЕЙДІ

 

Қыз-келіншектер арасында бедеу­ліктің белең алғаны жасырын емес. Бірақ ана деген атты арсыз жолмен иелену дұрыс па? Тектілікті ту еткен ұлт ретінде ұрпақ сүйем деп тексіздікке жол берген дұрыс па?
Ана – қасиетті ұғым. Отан – Ана, Жер – Ана, әйел – Ана. Жоқ, әлде ананың құрсағы сынақ өткізетін полигон алаңы болды ма? Бүгінгі елімізде өріс алып отырған осынау қасіретті оқиғаға қарап, осылай деуімізге тура келеді. Жалға алып, сынақ өткізетін жерден қандай ұрпақ пайда болады? Ертеңгі күні мұның нәтижесі қандай болады? Осы жағын ескеріп жатқан жоқпыз.
Менің ойымша, ана болудың ұзақ болса да ұтымды жолын қарастыру қажет. Дертті емдегенше, оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Бедеу­лікке себеп болатын ең көп кездесетін жайттар тікелей қыз-келіншектердің өзіне қатысты. Перзент сү­йіп, ана болам деген қыз, ең алдымен, етек-жеңін жауып, тұрмысқа де­йінгі жыныстық қарым-қатынас дегенді ойына да алмауы керек. Сән қумай, денсаулық күтіміне мән беру де маңызды. Бала армандаған әйел, бейкүнә бала, құрсақ ана. Бұл тұйық үшбұрыштан шығудың жолы жоқ. Мұның ең дұрыс жолы – әке-шешеге мұқтаж жетім балаға ана болу. Жетімнің басынан сыйпау. Өзімшіл болмаңыз. Сіз балаға, бала анаға мұқтаж. Суррогат ана болуды демографияға дем береді деп жүргендер қателеседі, оның жемісін де ойлауымыз керек.

 

Лимана Қойшиева, психолог: ОЛАРДА ҰРПАҚ БОЛМАУЫ МҮМКІН

Суррогат ана жатырындағы біреу­дің баласын жақсы көрмейді. Мейірім болмайды. Тек «ақшаның көзі», бизнес немесе зат түрінде қараса, бала асырап алушы ата-ана да ұрпақ жалғастырушы деп қарайды. Тек отбасын сақтап қалу үшін өз мүдделерін ойлайды. Ал баланы ойлап жатқан ешкім жоқ. Ешқандай мейірім, махаббатсыз туған бала, шын мәнінде, ұрпақ жалғастыра ала ма?
Осы ретте айтайын. 30-40 жыл бұрын суррогат анаға рұқсат берген Германия, Франция секілді елдер бүгінде тыйым салуда. Себебе неде? Шетелдік психологтармен әңгімелескенімде, олар бұл кезеңнен өтіп қойғанын айтты. Суррогат анадан туған балалардың нәтижесін көргендіктен, тыйым салу дұрыс қадам екенін алға тартты. Ең қауіптісі – оларда ұрпақ болмауы мүмкін. Елдегі бір жыныстылардың, қызтекелер мен гейлердің көбеюі – соның дәлелі. 40 жыл бұрын қолданған әдіс ұрпақтың азғындауына әкелуде. Бұл тығырықтан шығу үшін аталмыш елдерде енді бала асырап алу кеңінен насихатталуда. Өздеріңіз де білесіздер, елімізге келіп ауру балаларды асырап, соларды емдеп, мейірімін төгіп, Алланың қалауымен кейіннен балалы болып жатқан қаншама шетелдікті білеміз. Сондықтан Батыс көрген тәжірибені қайталамаған жөн. Бұл туралы біздің медицинада көп айтыла бермейді. Дер кезінде тыйым салынса екен деймін. Құдайға қарсы шығып, біреудің жатырын жалдап бала туғызғанымен, ертеңгі күні ол баладан ұрпақ сүйе алмайтын болса, оның қажеті қанша?! Одан да жетімдер үйінен бала асырап алып, өз баласындай мәпелеп өсірсе, құдіреті шексіз Алла бірнеше бала беруі мүмкін ғой. Суррогат анада ең алдымен мейірім болмайды. Ол іште жатқан шаранаға тікелей әсер етеді. Тіпті жеткіншектердің көбі ауыспалы кезеңде суицидке жиі ұрынатыны белгілі. Оның ең басты себебі – анасының балаға аяғы ауыр кезде «Осы баладан қалай құтылсам екен?», «Алдырып тастасам не болады?» деген жаман ойлардың баланың санасында сақталуы. Бала жеткіншек болғанда мұны бейсаналы түрде қайталайды. Ал
табиғи туған балалармен салыстыр­ғанда олардың бо­йында психология­лық ауытқушылық, үрей, ашушаңдық басым болады. Бұл – дәлелденген
дүние. Сондықтан ертерек ойланғанымыз жөн.

Гүлмира Аймағанбет




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button