Басты ақпаратРуханият

Құртты қалай шақырған?



Қазіргідей тіс емханалары жоқ заманда қазақ тіс қақсағанды әртүрлі жолмен өзінше емдеді. Сол емнің бірі – құрт шақыру.

Бұл емді кез келген адам жасай алмайды. Көпті көрген аналар, қазақы дүниетанымына жүйрік апалар болмаса, қарапайым қазақ әйелдері шақырғанмен, құрт түспейді. Естіген құлақ, көрген көзде айып бар ма?! Үлкендердің солай деп айтқаны құлағымда қалыпты.

Біздің ауылда Бәтіш деген кемпір болды. Қарғысы қатты еді, жарықтықтың. Жалпы ел ішінде қарғысы қатты адамдар болатыны шындық. Қазақта әйелдің аузында дуа болмайды деген ұғым бар. «Әке қарғысы оқ, шеше қарғысы боқ» деген сөз соған қаратылған болса керек. Әйелдің қарғыс айтуға, біреуді лағнеттей салуға болмысы да, тілі де жақын тұратындықтан, Алла әйелдің аузы­нан дуаны алып тастаған дейді ғұламалар. «Дуалы ауыз әйел» деген тіркестің болмауы да осы ұғыммен қатысты. Дегенмен, сол әйелдердің арасында да қарғысы қатты адамдар болады. Әсіресе, әйелдің қара тілдісінің  қарғысы өте қатты болады. Бәтіш апаның аузын кім аштырып көріпті, бірақ «қарғысы қатты» деп көп адам именетіні рас. Сол Бәтіш кемпір құрт шақырады деп еститінбіз.

Бірде Бәтіш құдағи біздің үйге келе қалды, шай үстінде шешем «баламның тісі қақсап жүр, шақырып бересіз бе?» деп еді, Бәтіш апа: Оның түк те қиындығы жоқ, меңдуана әкел де шақыра бер, құрт болса өзі түседі, – деді. Шешемнің айтуынша, менің нағашы апам Ажар да құрт шақырудың хас шебері болған. Шешем құрт шақырудың әдісін бала күнінде сол кісіден көрген.

Сонымен сол түні тісі қақсаған ағамды етпетінен жатқызып қойып құрт шақыруға кірістік. Алдымен ешкінің майын кесеге ерітіп алдық та, оған меңдуананы араластырып, жалпақтап жыртып алынған ақ шүберекті шыладық. Әбден май сіңіп, меңдуана жабысқан соң оны шиге орап шырақ жасадық. Содан үш шырақты тұтаттық. Тісі қақсаған адам мұрнын шырақтан шыққан түтінге таятып, басын бүркеп аузынан сілекейін үзіліссіз ағызып отыруы тиіс. Ал қалған балалар шешемнің айтуы бойынша ыдыс-аяқты салдырлатып:

Ақсарбас құртым гөй-гөй,

Қарабас құртым гөй-гөй.

Барар жерің қалмады,

 Басар тауың қалмады.

Түспеген енді нең қалды?!

Ақсарбас құртым түсе ғой,

Қарабас құртым түсе ғой… деп шулап жөнелдік.

Бір жағынан, қызық көріп, енді бір жағынан шынымен құрт түсе ме екен деген таңданыспен ыдысты даңғырлатып, тамағымыз жыртылғанша айғайладық. Ешкінің майы қандай жақсы жанады, матаға жабысқан меңдуана қосылып, бытыр-бытыр етіп жанып жатты. Ал ағам алдындағы табаққа (құрт түссе көрейік деп әдейі ақ табақ қойып қойдық) сілекейін ағызып мүлгіп отырды. Үш шырақ жанып біткенде табаққа аққан сілекейге қарасақ, сіздерге өтірік, маған шын, сілекей ішінде 5-6 ақ сарбас, қарабас құрт жүр. Өте ұсақ, анықтап қарамаса көзге көрінбейді. «О, түсіпті» дедік. Бірақ ағамның тісінің қақсағаны аз басылғандай болды да, ертесі қайта қақсады. «Мүмкін түспей қалған құрттар болса керек» деп топшыладық. Мен осы әңгімені көрші үйдің балаларына айтып едім, Секен дейтін жігіт сенбейтін сыңай танытты.

– Адамның аузындағы      қайдағы құрт? – деді ол.

– Ойбай, құрт болады екен, біз шақырғанда ағамның аузынан 5-6 құрт түсті ғой, – деп мен де бой бермедім.

Келесі жылдың күзінде Секен ентігіп жетті.

– Мен әлгі құрттың қайдан келгенін білдім, – деді.

– Қайдан кепті? – деп үдірейдік біз.

– Ол құрт адамның аузынан түскен жоқ, керісінше майға шыланған меңдуанадан шыққан. Сенбесеңдер, ақ матаны жайып ортасына меңдуананы өртеп көріңдер, ақ матаның үсті ақ сарбас, қара бас құртқа толып кетеді екен, – деді. Секенге сенбей сынап көрдік. Рас боп шықты. Оның үстіне, қазақ тісі қақсаса, тісі шірісе, «тісімді құрт жеп» немесе «тісіме қанқұрт түсіп» деп айтқанымен, оның құртпен қатысы жоқ, қанның бұзылуынан, тістің шіруінен болатын ауру екенін де кейін білдік.

Бір қызығы, құрт шақыру қазақ даласында бұрыннан бар екенін Ахмет Байтұрсынұлы да жазып, мынадай мәлімет қалдырыпты:

«Құрт шақыру – тісі ауырған адамның тісін құрт жейді деп, сол құртты түсіру үшін емшілердің айтатын сөздері болады. Сол құрт шақыру сөздері деп аталады. Мысалдар:

Тойғын-тойғын түйе кел,

Төңірегін жия кел!

Ақ желегін сала кел!

Ағайыныңды ала кел!

Сарбас тұйғын, күйіт, күйіт!

Қара бас тұйғын, күйіт, күйіт!

Жайлаған жерді жау алды,

Қыстаған жерді өрт алды.

Жайлаған жерден қашып кел!

Жайнаған жауды басып кел!

Қыстаған жерден қашып кел!

Қаптаған жауды басып кел!

Жетер-жетер, күйіт, күйіт!

Басар-басар, күйіт, күйіт!

Арқадағы алты құрт,

Арқаласып келер құрт.

Желкедегі жеті құрт,

Желкелесіп келер құрт.

Ауыздағы алты құрт,

Азуласып келер құрт.

Басар, басар, кә, кә!

Басып келер, кә, кә!

Жетер-жетер, кә, кә!

Тұйғын-тұйғын, кә, кә!

Түйінсеп келер, кә, кә!».

Құрт шақыру жайлы Мұхтар Әуезов та жазған. Бірақ ол кісі мұны арбау ұғымымен байланыс­тырып, «Тісті құрт жейді деген ұғым дүние жүзі халықтарының көбінде-ақ кездеседі. Құртты орналасқан жерінен шақырып алса, қуып түссе, не өлтірсе, тіс жазылып кетеді деген сенім арбау­дың магиялық күшін үстемелей түскен» деп жазады.

Қысқасы, байырғы қазақтарда жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру сынды ғұрыптық әдеттер болған. Бұл күнде оның бәрі ұмытылған. Айтсаң күлкілі. Оның үстіне, әсіре діншілдік асқынған бүгінгі қоғамда оны «шірк қосу» деп қарап, ұлт ұғымынан шеттеткісі келетіндер де жоқ емес.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button