Жаңалықтар

Құтты орданың ҚҰРДАСЫ



_50A5818

Бас шаһардың басты басылымы саналатын «Астана ақшамы» газетінде қызмет атқара жүріп, тағдыры қызық түрлі адамдармен, талай танымал тұлғалармен танысып-тілдесудің, кейбірімен достасып, туысқандай араласып кетудің сәті түскені анық. Солардың бірі – елордалық Шыныбековтер отбасы.

Шәмкен ақсақалдың шаттығы шалқыған шаңырағында дүниеге келген шекесі торсықтай ер бала мына өмірдің есігін іңгәлап ашқан сәттен бастап біздің басылымның сүйікті кейіпкерлерінің біріне айналды. Себебі, ол құтты орда үшін ерекше есте қалар қуанышты кезеңде, Сарыарқаның дәл кіндігіне алып шаһардың қазығы қағылған күні, нақтырақ айтсақ, Астананың ресми тұсаукесерінде, яғни 1998 жылғы 10 маусымда дүниеге келген болатын. Бұл жөнінде «Астана ақшамы» газетінің сол жылғы 17 маусымдағы №20 (484) санында, бірінші беттің жоғарғы жағынан «Астана қойдық атыңды» деген мақала суретімен жарық көрген еді.
Көп ұзамай шаңырақтың үлкендері ақылдаса келе, бас қаланың құрдасына Нұр-Астан деп ат қойып, дүрілдетіп той жасайды. Араға жыл салып тұсауы кесілген сол сәбидің тәй-тәй басқан алғашқы қадамынан бастап былдырлап сөйлегенін, мектепке барғанын, қысқасы, әсем шаһармен бірге есейіп, алаңсыз өсіп жатқаны жөнінде газет бетінде жиі-жиі жазып тұрдық.
Енді, міне, басылымның ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында сол баяғы бүлдіршіннің тағдырынан тағы да сырт айналып кете алмадық. Көзі қарақты оқырманды «көне» кейіпкерімнің қазір қайда жүргенінен, қандай азамат болып ер жеткені мен нені армандап, неге қол жеткізгісі келетінінен хабардар ету ниетімен Болат пен Арай Шыныбековтердің есігін қақтық…
Қарсы алдымнан шыққан орта бойлы, бидай өңдес баланы бірден таныдым. Күні кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған тойына куә болып едік, көзді ашып-жұмғанша ат жалын тартып мінер жасқа жетіп қалыпты. Қайран, уақыт!
Кішкентайынан көпшіліктің арасында, жақын-жуық, туыстың ғана емес, дүйім жұрттың ықыласына бөленіп өскендіктен бе екен, көптен көрмесе де, бізді еш жатсынбады. Жылы шырай танытып, төрге шығуымызды өтінді. Кейіпкерімді сұрақтың астына алдым. Ол болса әр сөзін байыппен түйіндеп, тосылмай жауап беріп жатыр.
– Астананы жанымдай жақсы көремін. Ол – мен үшін ең сүйікті, әлемдегі ең әдемі қала,- деп бастады ол әңгімесін. – Әлі есімде, кішкентай кезімнің өзінде ата-анаммен бірге Алматыға не Талдықорғанға барсақ, үйге қайтқанша тынышсызданатынмын. Сол әдетімнен күні бүгінге дейін арыла алмай келемін. Сыртқа шықсам, Астананы сағынамын. Бұл менің туған қалама деген шексіз сүйіспеншілігімнен болса керек. Ажарлы Астананың көрікті жерлерін аралағанды, әсіресе Есілдің сол жағалауындағы жаңа қалада қыдырғанды ұнатамын. Тынбай, талмай оқу арқылы үлкен жетістіктерге жетіп, бас қала секілді мен де аз ғана уақыттың ішінде биік белестерді бағындырғым келеді.
Ерекше күнде дүниеге келген Нұр-Астанның әңгімесінен оның бойымен бірге ойының да өсіп, жігіт болып қалғанын аңғардым.
Бүгінде Астанадағы № 57 орта мектептің 11 «ә» сыныбына көшкен Нұр-Астан еліміздің мәңгілік бейбітшілікте, бірлікте өмір сүргенін, болашақта біздің елді күрделі мамандықтарды меңгерген білімді азаматтардың басқарғанын, ел игілігі жолында өзі де аянбай еңбек етіп, тер төгуді қалайтынын, ал келешегін елорданың ертеңімен байланыстыратынын, қарқындап дамып келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның кемелденгенін көзімен көргісі келетінін, соған өзі титтей де болса үлес қосқысы келетінін, ол үшін мықты біліммен қарулануы керектігін жақсы сезінетінін жеткізді. Қабанбай атамыздың «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмейік!» деген сөздерін ескере отырып, бабаларымыздың аманатын ақтауға ұмтылады. Білімі арқылы басқа елдермен бәсекеге түсе алатындай қабілетті, білімді болуға күш салып келеді.
Әкесі Болат Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, анасы Арай Қазақ ұлттық музыка академиясында дәріс береді. Соңынан ерген бауырлары Жаңғас, Сұлтан, Дарын да ағаларын мақтан тұтады. «Кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін ерекше тағдыр сыйына құрметпен қараса екен деген ниетпен Нұр-Астанның ақылды, әдепті, білімді азамат болып өсуіне анасы екеуіміз қолымыздан келгенше тер төгіп келеміз. Ол біздің ғана емес, елдің баласы болады деген үміттеміз және сол үмітімізді ақтайды деп сенеміз» дейді Болат Шәмкенұлы.
Нұр-Астан болса, дамылсыз даму үстіндегі әсем шаһармен бір күнде туғанына, көз ілеспес қарқынмен салынып жатқан сұлу Астанамен бірге өсіп, бірге есейіп келе жатқанына қуанады. Қуанышы ұзағынан болғай!
Құтты орданың құрдасынан елінің де күтері мол. Тек, тіл-көзден аман болғай!

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button