Басты ақпаратҚала мен Сала

Қыс маусымына сақадай сай



Бас қала биылғы жылыту маусымына қызу дайындық үстінде. Жақында қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов және Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев осы аудандағы арнайы техникалардың қыс маусымына дайындығын тексерді.

Байқоңыр ауданының жылыту маусымы кезінде жиналатын аумағының жалпы ауданы 14,3 млн шаршы метрді құрайды. Алдағы қыс маусымында ауданды санитарлық тазалау жұмыс­тарын барлығы 14 мердігер ұйым жүзеге асырады.

Қысқы кезеңде жауын­-шашын мен қар көп жауған жағдайда кемінде 411 бірлік мамандандырылған техниканы, оның ішінде: 30 бірлік ПМ, 13 бірлік құм таратқыш, 13 автогрейдер, 48 фронтальды тиегіш, 252 бірлік самосвал, 28 МТЗ, 13 табанды тиегіш, 4 шнекоротор, 10 шағын тиегіш және 500 жол жұмысшысын тарту жоспарлануда. Бұдан бөлек, аудандағы жалпы ауданы 80 га құрайтын қар полигоны қарды қабылдауға дайын.

Ағымдағы жылы қар полигондарын орналастыру үшін орындарды дайындау шеңберінде қар полигонының аумағына кіреберіс пен ішкі өткелдерді кеңейту жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі күні белгі пункті орнатылып, электр қуаты тартылды, қажет болған жағдайда жолдарды толтыру үшін жалпы көлемі шамамен 50 тонна инертті материал дайындалды.

Полигонда 4 сыртқы бақылау камерасы орнатылып, іске қосылды.

Алдымыздағы қыста аудан көшелерін қардан 512 бірлік арнайы техника тазартатын болады. Техникалар қысқа толық дайын.

Елордадағы Алматы ауданы да қысқы жылыту маусымына сақадай-сай. Аталмыш аудан әкімі Мақсат Саматұлы жақында Индустриалды парк аумағында болып, көрсетілімге қойылған техниканың алдағы қысқы маусымға дайындығын бағалап, жол жұмысшыларымен сөйлесті. Сондай-ақ аудан басшысы 120 техникадан тұратын «Транстехсервис» автопаркін аралап көрді. Кәсіпорын ауданы 2,7 млн шаршы метр жолдарды күтіп ұстау бойынша бас мердігер болып табылады.

Жалпы аудандағы тазартылатын жолдардың ауданы шамамен 29 млн шаршы метрді құрайды. Аудан көшелері мен кварталішілік аумақтарды жинауды 18 мердігерлік ұйым жүзеге асырады.

«Жасыл ел» мердігерлік ұйымының шебері Меруерт Қошқарбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта қызметкерлер саны жұмысты екі ауысымда ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте кезекшілік тәулік бойы жүргізілетін болады.

Қазіргі кезде жолдарды өңдеу үшін көктайғаққа қарсы 3 мың тоннадан астам материал сатып алынды. Барлық машиналарда GPS маяктары орнатылған, олар техниканың қозғалысы мен жұмыс уақытын бақылауға мүмкіндік береді.

Дайындық жағдайын аралық тексеру қазан айының ортасында ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда жинау техникасы жұмысының маршруттық картасы бекітіліп, жүргізушілер мен жол жұмысшыларына нұсқау берілді.

Ауданда негізгі қар полигоны «Железнодорожный» тұрғын алабында анықталды, онда орындалған рейстер туралы автоматтандырылған тіркеу жүргізіледі. Бұл қалыпты қар жауған кезде жеткілікті болады. Ауа райының күрт нашарлауы жағдайында «Интернациональный», «Мичурин», «Күйгенжар» тұрғын алаптарында қар жиналатын қосымша орындар ұйымдастырылды.

Қыс мезгілінде қаланың коммуналдық қызметтері көшелерді, әлеуметтік нысандарға кірер жолдарды, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды, аялдамаларды және т.б. тұстарды тазалауға ерекше назар аударады. Ал аудан әкімдіктері аулаішілік аумақтарды жинау бойынша жекеменшік пәтер иелері кооперативтері мен меншік иелерінің бірлестіктері жұмысын бақылауда ұстайды.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button