Жаңалықтар

ҚЫЗ НАМЫСЫН ҚОРҒАҒАН бір мақала тарихы туралы



гулжан

Бүгінде әлем танып, Алаштың асқақ айбарына, ұлттың үлкен мақтанышына айналған елордамыздың Арқа төсіне қоныс аударуы қазір 25 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында тұрған «Астана ақшамы» газетіне де тың серпін, соны леп әкелді.

Сол кезде шығармашылық ұжымға уақыт талабына сай қарқынды қимыл танытып, батыл байыптамалар жазуға машықтанған Атыраудан – Темірхан Рамазанов, Шығыс Қазақстаннан – Бекен Қайратұлы, Жезқазғаннан – Айтқадыр Тілеуов, Торғайдан – Өріс Яшүкірқызы, Тараздан – Мақсат Жанқұлиев сияқты қаламы қарымды әріптестер қосылды. Әрі республиканың сан аймағынан жиналған осы журналистерде жұмыс істеуге деген құлшыныс керемет еді. Әсіресе, Жұмагүл Саухат, Жанболат Аупбаев, Дидахмет Әшімханов, Талғат Батырхан, Ерғазы Әсембеков сияқты елге кеңінен танылып қалған мүйізі қарағайдай, талғамы биік, тәжірибелі қаламгерлердің басшылығымен бір шаңырақтың астында еңбек ету кім-кімге де абырой болатын. Осы жетістікті малданған газет қызметкерлері еркін жазып, батыл сөйледі. Қандай да бір әділетсіздікті көрсе, өрекпіп, өре түрегелді. Қаламын кезеп, қоғамдық өмірден қалыс қала алмайтынын аңғартты. Содан болса керек, газет тілшісі кез келген мекемеге именбей кіріп, оның басшысымен терезесі тең сөйлесе алатын еді. Ілуде олай болмаған жағдайда басшыңыз ертеңгі күні газет бетінен өзінің теріс қылығы жөніндегі мақаланы оқып, оған жауап жазуына тура келетін.
Бір ғана мысал. Ол кезде қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі Өнербек Құрамысов деген шенеунік болды. Содан тілші Бекен Қайратұлы сұхбат алуға бармай ма? Сөйтсе, ол кергіп, «қолым тимейді» депті. Журналист «қашан келейін, қай кезде қолыңыз тиеді» деп қайыра сұрамай ма? Ол да бір өз буына өзі піскен адам екен, «2030 жылы кел» деп бірақ қайырыпты.
Келесі күні газетке «2030 жылы кел!» деген тақырыппен жарық көрген мақала бірден дүрбелең туғызды. Қалалық білім бөліміндегілер абыр-сабыр болды да қалды. Есесіне, тілшіге ризашылығын білдіріп, қоңырау шалған оқырмандар саны аз болмады.
Ақыры, кеше арыстандай айбат шеккен білім бөлімнің басшысының салы суға кетіп, жүні жығылған мысықтай ертең күні редакцияға өзі келіп, кешірім сұрады.
Газеттің осындай беделінің арқасында басшыларынан қиянат көрген, өмірден әділет іздеген адамдар араша сұрап, редакцияның табалдырығын жиі аттайтын болды.
Солардың бірі – сол кезде осы қалада құрылыс жүргізуші «Окан-холдинг-Исот» атты түрік фирмасының бригадирі Тұран-бейдің қиянатына шыдамай қолындағы шелегі мен қалағын атып ұрып, «Астана ақшамына» келген сылақшы-сыршы Гүлжан Тайжан еді.
Әдеттегідей қарбалас жұмыс кезі болатын. Бөлмемізге жылай-жылай көзі домбығып ісіп кеткен қара торы, әдеміше келген қазақ қызы енді. Амандық-саулықтан кейін: «Ағай, маған көмектесетін тілші керек. Өз елімде жүріп жат жұрттық адамның зорлық-зомбылығына ұшырадым» деп еңіреп жіберді. Асықпай тыңдағанда ол мәселенің мәнісін былай баяндады:
«Күнделікті жұмысыма келіп, керекті құрал-саймандарды алу үшін бригадир Тұран-бейдің бөлмесіне бардым. Ол маған жұмыс құралдарын беріп жатып, «о-о сен якши қызсың» деп беліме қол жүгіртті. Онысымен қоймай денемді сипалай бастады. Мен әлгінің арам ойын байқап қойдым да қолын қағып жіберіп, «сен шалдың менің денемді ұстауға қандай қақың бар?» деп бар даусыммен айғайлап, құрал-саймандарын лақтырып тастап, шығып кеттім».
Оқиға, расында да, кеудесінде ұлттық намысы бар адамның ашу-ызасын туғызатындай еді. Ол кезде бас редактордың бірінші орынбасары, белгілі жазушы, марқұм Дидахмет Әшімханов еді.
Мән-жайды түсінгеннен кейін «мұны аяқсыз қалдыруға болмайды, өзіңіз айналысыңыз» деп маған тапсырды.
Гүлжанды ілестіріп, қазіргі Бөгенбай батыр даңғылының бойындағы жиырма бес қабатты қос үйді салып жатқан «Окан-холдинг-Исот» фирмасына келдік. Фирма президенті Озджан Түркяр әуелі қабылдағанымен, әңгіме ауаны Тұран-бейге ауысқанда аудармашысына айғайлап, бізді кабинетінен қуып шықты.
Не істемек керек? Біраз ойлана келіп: «Әрбір түрік ағайынның аузында – Алласы бар. Ал, Аллаға сенген адам Гүлжан қарындасымыз баяндағандай оспадарсыз дөрекілікке, имансыздыққа, арсыздыққа барды дегенге сенгің келмейді. Біз оны әлі де жаманшылыққа қимаймыз. Сондықтан, мәселенің ақ-қарасын анықтағымыз келеді. Егер, фирма басшылары мәселенің мәнісімен танысып, ашық әңгімелескенде, істің анық-қанығына көз жеткізуге әбден болар еді. Амал не, олай болмады» деп болған жайды түгел баяндап «Гүлжанға сенсек – Тұран-бейден түңілесіз» деген мақала жаздық.
Мақаланың серпін туғызғаны соншалық, келесі күні жұмыс уақыты басталар-басталмастан сол кезде атынан ат үркетін «Хабар» агенттігінен «басшылар жіберді» деп операторын ілестіріп Гүлжанар Қойшыбаева деген тілші келіп тұр. Сөйтсек, «Астана ақшамы» газетінің бірінші бетінде басылған Гүлжанның жанайқайын «Хабар» басшылары да бояуы кеппей жатып оқып үлгеріпті.
Келесі күні мақалаға сілтеме жасай отырып, Гүлжан мен Тұран-бейдің «хикаясы» туралы «Хабар» кешкі жаңалықтарынан көрсетті.
Бұрын бізге қырын қарап, сөзімізді жүре тыңдайтын түрік фирмасының басшылары енді өздері газет редакциясына телефон соғып, жүгенсіз бригадиріне шара қолданатынын қайта-қайта айтумен болды.
Арада бір айға жуық уақыт өткенде редакцияға қуанышы қойнына сыймай Гүлжан Тайжанның өзі келіп тұр. «Рахмет, ағайлар! Әділеттілік салтанат құрды. Маған қиянат жасағысы келген Тұран-бей елден қуылды. Мен бұрынғы жұмысыма қайта қабылдандым. «Астана ақшамы» газетіне алғысым шексіз» дейді шаттықтан жүзі балбұл жайнап.
Бұл жайт адам тағдырына араша түсіп, патша көңілді оқырмандарының көңілінен шыға білген шығармашылық ұжымды бұрынғыдан да жігерлендіре түсті. Одан кейін де «Астана ақшамының» қиналғандарға қол ұшын созып, ізгіліктің жаршысы болған сәттері қаншама!
«Газеттің сөзі – уақыттың ізі» дейтін болсақ, тепсе темір үзетін жігіт жасына жетіп отырған басылымның тігінділерін парақтай отырып, елдің еңбегін көрсетуді мақсат тұтқан шығармашылық ұжымның маңдай тері зая төгілмегенін байқаймыз.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button