Руханият

Қызыл диплом мен қызыл қалам



Ақшам…
Журналистиканы қызыл дипломға бітіріп, жұмысқа деген құлшыныс ұрып тұрған шақ. Астанаға бару арман! Жаспын. Бірден телевидениеге барғым келеді. Қазір ойласам күлкілі. Балалық шығар.
Қазақ ала-көлең ақшамда жағаласып нәрсе істеуге болмайды деп жатады… Ырым бар.

Мен үшін бірақ ақшам кәсіпте алғашқы сәтті баспалдақ болды.

Айтпағым, «Астана ақшамы» елорданың барлық тыныс-тіршілігінен, болмысынан хабар беретін басылым. Біз сөзбен айтқанда айнасы.  Жоғары оқу орнынан кейін дәл осы басылымда қызмет істеймін деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті.  Бұйырғаны шығар….

Журналистиканы қызыл дипломға бітіріп, жұмысқа деген құлшыныс ұрып тұрған шақ. Астанаға бару арман! Жаспын. Бірден телевиденияға  барғым келеді. Қазір ойласам күлкілі. Балалық шығар.

Жалпы осы салаға келетін жастардың бәрі журналистиканы телевидения деп ойлайды. Тележүргізушілерге қарап,  армандайды. Бала кезімде әкеммен бірге Рабиға Аманжолова мен Баян Секербаеваны көп көретінмін. Жаңалықты түсінбеймін, бірақ екеуінің даусы әдемі. Әкем марқұм біреуін «қара, екіншісін ақ Баян» дейтін. Сол Баяндарға қарап еліктедім бе, әйтеуір, кейіннен журналистиканы таңдадым. Дегенмен нағыз журналистика «Астана ақшамы» екенін кейін білдім…

Оқу бітірген жылы әкем қайтыс болды. Ұзақ ауырып жүрген. Біраз уақыт есеңгіреп қалдым… Анамның қасында болып, тек  2007 жылы қыстың қақаған аязында елордаға келдім. Жұмыс іздедім. Жас, тәжрибесі жоқ маманды ешкім менсінсін бе?…Телевидения тіпті арман екенін ұқтым…  Сол жылы киімім жұқа болды ма, әлде бөтен қала, жат өмір,  жан баласынан жылу іздедім бе,  әйтеуір Астана  қатты суық сияқты болып көрінетін. Дірдектеп тоңып жүрген сәттерім қатты есімде қалыпты. Ал қазір Нұр-Сұлтанның қысы бөлектеу…

 Мен жұмыс іздей келген жылы «Астана ақшамында» үлкен өзгерістер болыпты. Бас редакторлыққа Нұртөре Жүсіп келген. Шыны керек, алғашында телеарна, одан кейін кез келген жұмыс болса екен деп жүріп газетке кездейсоқ жолықтым. Басшылыққа Нұртөре ағаның жаңа келгенін де білмедім.Ал алғашқы журналистикаға  жолдаманы маған Бауыржан Омаров берді.  Ескі балабақша ғимаратының ішіне кіріп, екінші қабатқа көтерілдім. Бас редактордың орынбасары Бауыржан Омаровтың кабинетіне келіп, ақырын есік қақтым. Ар жақтан «Кіріңіз» деген зор дауыс шықты. Есікті қорғаштай ашып,  «сәлеметсіз бе?» деп амандастым.  «Жұмыс іздеп жүрген едім» деп қолымдағы бар бетке ұстарым қызыл дипломымды  ұсындым. Бауыржан аға дипломды ашып, басынан аяғына дейі шолып шықты.  «5-ке» бітіріпсің ғой?»  жақсы екен…  Жөн сұрады.  Қазір есімде қалмапты, неден басталғанын білмеймін, Бауыржан ағаның бір сұрағына жауап бере алмай көзім жасаурап, аузыма өксік тығылды….

  • Неге жылайсың?
  • Жуырда, әкем қайтыс болған еді….
  • Өмір болған соң неше түрлі жайт болады. Бәріміз де бүтін емеспіз…. Бірақ журналист жасық болмау керек. Журналист болу үшін үлкен қайсарлық қажет! Бүйтіп жыласаң, қайтып журналист боласың?- дегені…..

Университетте жүріп төрт жыл емтихан тапсырғанда дәл осындай күйде болмаппын. Ештеңе деп жауап бере алмадым… Бауыржан ағаның мысы басып барады… Үнсіз басымды изеп, көзімнің жасын сүрттім. Дәл қазір аға «сен сияқты жасық журналистер бізге қажет емес» деп шығарып салатындай көрінді. Шындығында соншалықты жасық та емеспін. Бірақ сол бір жылы менен жасық, менен жылауық адам жоқ болатын. Әрі үлкен орта көрмеген балалығым мен ұяңдығым да Бауыржан Омаровтай азаматтың алдына қалай кіру керектігін де ойландырмапты. Алайда, сол ойланбастан ашқан есігім менің бүкіл болашағыма жол ашты…

Бауыржан Омаров менің қызыл дипломыма қарап, қаламұштауымнан ғажап дүние күтті. Сол екпінмен Нұртөре Жүсіпке кіріп, «Е.Бөкетов атындағы оқу орнын  ерекше бітіріпті, көрсек қалай болады екен?» деп  рұқсат алып шықты. Маған тапсырма берді. «Бәленбай деген академик 70-ке толыпты, сол кісіден барып сұхбат алып кел» деді. Гүлбаршын Өкешқызын жетекшім ретінде тағайындады. Газетте көп жылдан бері қызмет істеп келе жатқан тәжірибесі мол әпкемізге жалтақтап қарап қоямын! Ондағым шіркін, демеп жіберсе ғой, «менің қолымнан бәрі келеді» деген үміт еді!

Кейін Гүлбаршын апайға  елордаға келгенде  көрген  қате жазу, шеткі аймақтарға автобустың сирек қатынайтындығы туралы жазған шағын дүниелерімді бердім. Бірнеше материал болатын. Апай көзқырын салды да, шеткі жаққа қоя салды. Қарап, бірауыз пікір білдірмегеніне іштей жаман болып қалдым. Бірақ үндемей шығып кеттім. Жаңа келген мен үшін бірнәрсе айту әрине, ұят…. Жұмыс та  қажет бірақ әдептен де озбаған жөн болар деп шештім.

Ал Бауыржан ағаның тапсырмасы ойдағыдай болмады.  Мен –  бала, ол – академик. Таразының бір басында салмақ ауыр. Екінші жағына қанша салмақ салғым келсе де,  әлім жетпеді. Тәжірибемнің жоқтығы, ойымның шашыңқылығы, тез жүйелей алмағаным, жасыратыны жоқ академиктің салмақты ойларын сол күйінде миыма жеткізу деген қияметтің қиыны болды. Ақыр соңында салиқалы ой, сылдыр суға айналды. Ғажап дүниеден жұтаңқы материал шықты. Оны өзім де сездім. Бірақ амал жоқ, материалды тапсыруым қажет. Ақыр соңында басым салбырап Бауыржан ағаға  бардым.  70-ке толған академиктің ойын жеті жастағы баланың ойымен бірдей қылып үнсіз ұсынып кеттім. Сырттай білдірмесем де, іштей сабырсыздық жеңіп барады. Жүрегім дүрсілдеп, есік жаққа жалтаңдап қарап қоямын. Бауыржан аға, «Мынау не?» деп кіріп келетіндей болды…  Кіріп келмеді, бірақ  аға материалды қызыл қаламмен тексеріпті. Қызыл дипломнан осылайша қызыл қаламмен жазылған алғашқы материал шықты.

«Мен сені қызыл дипломға бітірген соң, тамаша жазатын шығар деп» ойладым. Нұртөреден ұят болды. Не дейміз енді мынаған?  Болмайды бүйтіп материал жазғаның! Қазір біз газеттің мазмұнын ұшқырлауды ойлап отырмыз. Мына қалпыңмен жақсы дүние жазып бере алмайсың-ау?….

Қатты дауыс көтермеді. Бірақ сөз төркінін түсінетін адам үшін бұдан ауыр салмақ сөз болмас. Үндемедім. Бұл менің көп жағдайдағы әдетім. Үнсіз тыңдай берем, бірақ жүрекке бірден жібере саламын. Осы жағдайдан кейін мен мүлде жаза алмайтын жандай өзімді елестетім, еңсеп түсіп кетті…

 Жалпы Бауыржан ағадан бұл редакцияда қорықпайтын адам кемде кем.  Жүрегінде түгі бар біреу болмаса, ол кісі жұмысқа келгенде артық қимыл-қозғалыс болмайды. Бәрі орнында отырып, тек жұмыстарын істейді. Артық сұрақ та қоймаймыз. Бір айтқанда түсінеді.  Бір аптаның ішінде осыны байқадым. Дегенмен, менің жылауықтығымды ескерді ме,  газеттен қате кетіп, әмселе маған қатысты болған кездерде де Бауыржан аға қатты дауыс көтермейтін. Бір ауыз сөз. Ол маған жететін. Бәлкім Бауыржан аға да сол сөз төркінін түсінетінімді сезген де болар….  Өйткені, ағаның байқампаздығында шек жоқ….. Қызыл  қаламмен жазылған материалдан кейін аға менен:

  • Сен осы қай жақта тұрасың деп сұрады…
  • Қырқыншы кентінде….
  • Ойбұй, ол қаланың шеті ғой, корректорлыққа жұмысқа алсақ барып, келе аласың ба? Өйткені, корректордың жұмысы газет шыққанға дейін жалғасады. Ондайда өзің барып келе алсаң, жұмысқа аламыз. Қазір бізде қызметкерлерді тасымалдауға мүмкіндік жоқ, өйткені, деді…

Қуанғаным соншалық. «Әрине аға, ол жағынан еш проблема болмайды» дедім. «Онда ертеңнен бастап корректорлық жұмысқа кіріс!» деді. Осылайша «Астана ақшамының» корректоры болып жұмысқа орналастым. Айлығым сол кездері 30-40 мыңнан аспайды. Бірақ менен бақытты адам жоқ. Кейін бірнеше күннен кейін Бауыржан ағаның «Серікгүл!» деген даусы шықты. Мен орнымнан тұрып, жүгіріп шыққанша аға біз отыратын кабинетке кіріп келді. «Сен мүлде жаза алмайды ма десем, мына материалдарың бар екен ғой. Жап жақсы ой айтыпсың, неге маған бермегенсің?!  Мә, газеттің соңғы бетіне салсын! Версткаға бер! деді де шығып кетті. Сол кездегі қуанғанымды білсеңіздер ғой…. Бауыржан ағаның өзі менің материалымды версткаға салуға рұқсат берді. Міне, осылайша, «Астана ақшамына» алғашқы «Бәрін айт та бірін айт, автобустың жырын айт» деген материалым шықты.  Бұған да себепші болған Бауыржан Омаров еді.

«Астана ақшамы»  журналистиканың алғашқы мектебі ғана емес, мен үшін рухани орта болды. Раушан апай, Шынар Жақыпова, Бота Жаппарбекова, Зәуреш Нұғыманова туған әпкелерімдей болған жандар.  Олар маған ақыл айтатын, сырласатын. Тіпті, кейде қорғаштап, бауырларына басатын. Бұл қамқорлық менің қанатымды кеңге жайды. Арманымды ұштады. Адам болып, үлкен ортада оң мен солымды тануға көмектесті.  Қолымды да, бетімді де қақпаған «Астана ақшамының» осы бір жандарына, жалпы  сол кездегі ерекше бір ұжымға әркез алғыс айтқым келеді.

Әпкем дегеннен шығады. Газеттің бет қаттаушысы Бота Жаппарбекова Қырқыншы кентінде тұратын. Жұмыстан кейін үйге үнемі  бірге қайтамыз.  Автобуста әңгімені соғып отырып, қалай жетіп қалғанымызды білмейтінбіз. Бір күні кешкісін Бота апай «Сикош бол, тез машина бар» демесі бар ма.  Алдыр-артыма қарамастан, соңынан жүгірдім.  Көліктің іші толы адам екен. Бота қоймай «Кел, Сикош, кел!» деген соң қыстырылысып тұрып отырып, алдым. Алдыңғы орындықта Бауыржан аға отыр. «Қап, бекер отырдым!» дегенше болған жоқ,  Бауыржан аға «Серікгүл, сен өзің барып келемін, ол жағы проблема болмайды дегенің қане! Білдей Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекті, әне, қыстырып салдыңдар!» демесі бар ма… Сөйтсем, Зәуреш, Бота сосын тағы бір адам бар бәріміз бір-біріміз итеріп көлікке отыра бергенде, Дихан аға шетке ырысыла беріп, бір жақ бұрышта қыстырылып қалыпты. Былай қарасаң ішек-сілең қатқанша күлетін жайт. Бірақ күлуге мұрша қайда?! Бауыржан аға, үйіне жетіп түсіп қалғанша дымымды шығармай, артық демалмай отырдым!  Дихан аға екеуі көліктен түсіп қалғаннан кейін «Мә, Бота апай, Бауыржан ағаның көлігіне отырамыз деп неге айтпағансыз? Қай тесікке кірерімді білмедім» дегенде Бота мен Зәуреш ішек-сілелері қантқанша күлді….

Уақыттың тоқтамы жоқ. Кейін Бауыржан аға «Айқынға» бас редактор болып кетті. Одан кейін  біраз уақыттан кейін  «Айқынға» Нұртөре аға бас редактор болды. Нұртөре ағаға журналист болғым келетінін бір-екі рет айтқан едім. Кетерінде Нұртөре Жүсіп Талғат Батырхан мен Ғалым Омархановқа «Серікгүлді, Шынардың орнына тілшілікке ауыстырсаңдар!» деп тапсырып кетті. Қателеспесем,  Шынар сол кезде декреттік демалысқа кетті ғой деймін. Кейін ол аманатты ағалар орындап, «Астана ақшамында» тілші қызметке тағайындалдым.

Нұртөре Жүсіп ақшамда бір топ жалынды жастарды тәрбиеледі. Оларға мүмкіндік берді. Жазудың қыр-сырын үйретті. Талғат Батырханның да мектебі тақырып таңдауы ерекше болатын. Үнемі бәрімізді күлдіре отырып, әңгіме айтатын. Сол кездері біздер үлкен мектепте жүргенімізді өзіміз сезбеген сияқтымыз…  Бірақ толқыған сайын іркіттің бетіне жиналатын май сияқты, жұғымды мектеп әрқайсымызға үлкен  тәлім-тәрбие берді. Ол кейіннен өзге орталарға барғанда маған қатты көмектесті.

Ғалым Қожабек – «Астана ақшамының» барлық сүреуін көріп келе жатқан ағаларымыздың бірі. Бұл ұжымның сәні Ғалым ағасыз келіспейтін. Қай отырыс болмасын ортада  әдемі естелік те, жастарға қолдау да Ғалым ағаның тарапынан көрінетін. Қазір да «Астана ақшамы»   Ғалым ағаның қолтаңбасымен оқырманына жетіп отыр!

«Астана ақшамы» туралы таңға дейін қалам тоқтатпай жазуға болады. Ол алғашқы кәсібім болғандығынан емес. Бұл ортада үлкен өмір болды. Үлкеннің кішіге деген сыйластығы, ұстаздың шәкіртке деген қамқорлығы көрінді. Қаламды да дәл осы ортада ұштадым. Тақырып таңдау, оның иін қандырып, қалыпқа салу,  оқырманға ой салуды да осы мектептен үйрендім. Ең бастысы, журналист үшін қашанда талғам болудың маңыздылығын көрдім.

Бұл «Астана ақшамы» туралы соңғы естелік емес. Әлі айтылмаған жайттар да, қызықтар да көп.   Жалғасы бар дүние деп естелікті аяқтайық! «Астана ақшамы» алып белестерді бағындыра бер! Сенің тарихың, Елорда тарихы! Жазар көп болсын!

Серікгүл СҰЛТАНҚАЖЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button