Жаңалықтар

РЕСЕЙ ҮКІМЕТІ ТӨРАҒАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ



Қазақстан Президенті Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей үкіметтері басшыларының өткізген келіссөздерінің қорытындысын жоғары бағалады.

– Кеше Сіздер өте мазмұнды, табысты келіссөздер жүргіздіңіздер. Екі мемлекеттің сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимылдың қарқынды дамығанын атап өткім келеді. Ынтымақтастықты одан әрі қарқынды дамытуға мүмкіндік беретін маңызды келісімдерге қол қоюға дайындық жүріп жатыр. Пандемияға байланысты туындап отырған барлық қиындықтарға қарамастан, екі ел арасындағы сауда өткен 5 айдың ішінде 26 па­йызға артты, – деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті болашақта экономикалық байланыс­тарды арттырудың әлеуеті зор екеніне назар аударды.

– Біздің жоспарымыз – нақты жобаларды жүзеге асыру арқылы ынтымақтастығымызды нығайта түсу. Қазіргі уақытта екі ел үкіметтері машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да аса маңызды салаларда ірі жобаларды жүзеге асыруға күш жұмылдыруда. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғас­тыра беруіміз керек. Сіздің осы жұмысқа деген құлшынысыңыз­ды құптаймын және табысты болатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлығы үшін алғыс білдіріп, Президент Владимир Путиннің сәлемін жеткізді.

Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Ресейдің пандемия­ға қарсы күрес және бірлесіп вакцина шығару сияқты өзара іс-қимылдағы басым бағыттар туралы сөз болды.

Тараптар аймақтар арасындағы байланыстардың оң қарқыны туралы да пікір алмасты. Бұл қатынастарға осы күзде Көкшетау қаласында мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін кезекті Аймақаралық ынтымақтастық форумы тың серпін береді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button