Мәдениет

Розаға риза болды



Астана  қаласы  әкімдігінің  қолдауымен Конгресс-холда Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Рымбаеваның «Сахнада – 40 жыл. «Көктем шақырады» атты мерейтойлық концерті өтті. Концертте ән көгінде атақты әншінің жұлдызын жандырған композитор Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» шығармасы және Розаның репертуарындағы өзге де белгілі әндер көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Жаңа туындылардың да тұсауы кесіліп, елорда сахнасында Ринат Ғайсиннің ақын Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Есімде» әні алғаш рет орындалды.

56dffd66d07f31457519974

Кешке эстрада әншілері де қатысып, жеке орындауда да, Розамен дуэт құрып та ән шырқады. Олардың арасында Алмас Кішкенбаев, Маржан Арапбаева, Нұрлан Албан, Мөлдір Әуелбекова, Бауыржан Исаев, т.б. әншілер болды. Кеш иесінің ұлдары Әли мен Мәди де сахнаға шығып, тыңдарманға көктемнің лебін сыйлайтын «Ақ тілек» әнін бірігіп айтты.

– Осынау мереке күні ұйымдастырылған бұл кон­церттің елорда үшін ғана емес, еліміз үшін маңызы өте зор. Қаламыздың мәдени жоспарындағы ешбір шараны халық дәл осылай асыға күткен жоқ. Роза Қуаныш­қызының сахнадағы өзін-өзі ұстауына қарап, оның ән шырқап жүргеніне қырық жыл болды дегенге сене алмаймыз, – дейді Астана қаласы Мәдениет басқар­ма­сының басшысы Болат Мажағұлов ағынан жарылып.

Розаның репертуарының да, көтеретін тақырыбының да ауқымы кең. Онда халық әндерінен бастап, қазақ­стандық компози­торлардың және Давид Тухманов, Арно Бабаджанян, Раймонд Паулс сынды кеңестік сазгерлердің әндері бар. Термелер де кездеседі. Халық әндері ту­ралы әншінің концертте айтқан пікірі көкейге қо­нады. «Эстрада әндерін олай да, бұлай да өңдеп қина­ламыз. Ал халық әндері басынан аяғына дейін тұнып тұрған музыка» деді ол.

Әндердің тақырыбына келсек, үш сағатқа жуық уа­қытқа созылған концертте негізінен Отан, табиғат, махаббат туралы шығармалар шырқалды. Әнші тек ән айтып қана қоймай, концертін көрермендермен сырласу кешіне айналдырды. Ас­таналық көрерменнің ықыласына риза болып, «Жылда көктемде осылай кездесіп тұрайық» деген Роза Рымбаева алда келе жатқан әз-Наурыз мере­ке­сінің жаршысындай «Наурыз думан» әнімен концертін аяқтады.

Материалды «Астана ақшамы» газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button