Мәдениет

Рух пен тіл ұлықталды



Астана қаласының әкімдігі Байқоңыр ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы «Тіл шаңырағы» әдеби үйірмесінің жетекшісі Маржан Пірімбетованың ұйымдастыруымен кезекті іс-шара өтті.

Аталмыш игі іс-шара танымал ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов­тың шығармашылығына арналды. «Тіл мен рух» атты әдеби-танымдық, композициялық-музыкалық кешке қаланың мектеп оқушылары мен аудандық ардагерлер ұйымының өкілдері қатысты.

Кеш орталықта қазақ тілін үйренуші өзге ұлт өкілдерінің белсене қатысуымен басталып, сахналық көрініске ұласты. Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған әндер шырқалып, автордың жырлары жатқа оқылды. Ақынның «Төрт ана» өлеңін орталықта қызмет алушы зейнеткерлер мәнерлеп оқып, тыңдармандарға ұмытылмас әсер сыйлады. Патриот­тық мазмұнға ие әсерлі кеш соңында автордың «Тіл мен рух» әні шырқалып, шаттыққа, отаншылдық рухқа бөледі.

Кеш барысында ата рөлін зейнеткер Еркін Наурыз­баев, немере бейнесін Астана қаласы №53 орта мектептің 5-сынып оқушысы Елтай Кемел, атасының немере қызы рөлін Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназия оқушысы Әмина Сержанқызы сомдады. Кешке Евгения Феликсовна, Любовь Леонтьевна және Роза Калбайқызы үлес қосты. «Туған жерге оралу» өлеңін Гүлнәр Абуова орындады. «Төрт ана» өлеңін жатқа айтқан қызмет алушылар – «Тіл шаңырағы» әдеби үйірмесінің белсенді мүшелері Ақбөпе Салахаддинқызы, Гүлбаршын Мұхамедқалиқызы, Бақытгүл Аханқызы, Камила Омарбекқызы. Сондай-ақ кешке Балта Әубәкіров атсалысып, автордың ғажап дүниесінің бірі «Ғайша жеңгей» поэмасын үйірме мүшесі, көркем сөз шебері, танымы мен талғамы үйлескен зейнет­кер Зейнеп Мүсілімова оқыды. Майдангер рөлінде Мешітбай Қалиев көрінді. Ал оның жұбайы бейнесін Алма Мажимова орындады.

Бахыт Байманова,

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ­маманы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button