Басты ақпаратБілім

Сабақ сапасы қандай?



Екі апта бойы панельдік сессияларда педагогтар мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім берудегі өзекті мәселелерді, балалардың құқықтарын қорғау және білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелерін талқылайды.

2023 жылғы Астана қаласы мен республика педагогтарына арналған қалалық және республикалық тамыз конференциясы «Әділетті Қазақстан: Адал ұрпақ, сапалы білім, табыс­ты ұлт» тақырыбы аясында «Жайлы инфрақұрылымды қалыптастыру» бағыты бойынша өткізіледі.

Тамыз конференциясының мақсаты – балалардың жан-жақты қалыптасуы мен дамуы үшін жайлы білім беру ортасын құру, ұлттық құндылықтарға негізделген сапалы білім мен тәрбие беру мақсатын көздейді. Соның аясында оқу жылына дайындық бойынша 14-16 тамыз аралығында әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы мен №59 мектеп-
лицейінде «Elordalyq bilim» апталығы өтеді. Апталықтың әр күні белгілі бір тақырыптарға арналады.

14-тамызда әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Elordalyq bilim» апталығы аясында «Бақытты балалық шақ формуласы және құндылықтар: тұлға, отбасы, ұстаз» панельдік сессиясы өткізілді.  Оған Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Каирбаева қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Панельдік сессия жұмысы барысында мектеп пен ата-ана арасында тиімді ынтымақтастық құру, жаңа буынды тәрбиелеудегі өзекті сұрақтар, бақытты баланы тәрбиелеу жолдары туралы мәселелер талқыланды. Оған ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, әлеуметтік серіктестер, түрлі деңгейдегі білім беру ұйымдарының басшылары, басшының орынбасарлары, педагогтар, БАҚ және шақырылған қонақтар, барлығы 450-ден астам адам қатысты.

Панельдік сессиядан кейін 4 секциялық алаң жұмыс істеді. Олар – «Өзгермелі әлемдегі бақытты балалық шақ», «Балалардың тұлғалық және  цифрлық қауіпсіздігі: ата-аналар мен педагогтардың рөлі», «Балалардың салауаттылығы: психологиялық қауіпсіздігі мен эмоционалдық дамуына ықпал ететін факторлар», «Қосымша білім беру ұйымдары арқылы баланың тұлғалық және әлеуметтік дағдыларын дамыту».

Секциялық алаңдар жұмысы барысында балаларды тәрбиелеу, мектепке дейінгі оқыту және тәрбие, инклюзивті білім беру, көркемдік-эстетикалық дамыту бойынша педагогтардың оң жұмыс тәжірибесі таратылып, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптас­тыру, білім беруді жаңғыр­ту жағдайында баланың жеке басын әлеуметтендіру және т.б. мәселелер қаралды. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында барлық деңгейдегі педагогтарға арналған «Кітап – сенің досың» атты кітап көрмесі және «BOOKCROSSING» бұрышы ұйымдастырылып, көрмеде білім алушыларға арналған түрлі-түсті танымдық кітаптар, түрлі көркем әдебиеттер ұсынылды. Көрмеге «Алматы кітап», «Астана кітап», «Отбасылық хрестоматия», «Мазмұндама», «Edu stream» баспалары, «Bilim land», қазақстандық бренд «Бикош» дамыту ойыншықтары таныстырылды. Сондай-ақ 150-ден аса жас педагог маман қатысатын флешмоб ұйымдастырылды.

15 тамызда әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Білім беру саласындағы инновация: құндылықтар, үрдістер, технологиялар» панельдік сессиясы өтсе, 16 тамызда №59 мектеп-лицейінде «Білім беру саласының цифрлық кеңістегі өзгерісі» панельдік сессиясы ұйымдастырылады.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button