Жаңалықтар

Сәбиім үшін күрестім



Елордалық дәрігерлер өкпесі 93 пайызға зақымданған аяғы ауыр әйелді аман-есен босандырып, бетін бері қаратты. Науқас жүктіліктің 37-38 аптасында коронавирус жұқтырған. Қала тұрғыны көпбейінді қалалық балалар ауруханасының акушерлік блогынан №2 қалалық көпбейінді аурухананың стационарына ауыстырылған.

Ботагөз есімді елорда тұрғыны 20 маусым күні бойынан әлсіздік, дененің ауруы, мұрынның бітелуі секілді өзгерістер байқаған. Сол сияқты жөтелінде қақырық пайда болып, дене температурасы көтерілген. Қуанышқа орай, 28 маусым күні босанып, дені сау нәрес­тені дүниеге әкелді. Бірақ дерт дендеп, оның жағдайы нашарлай түскен.

«Қабылдау кезінде науқас­тың жағдайы тыныс алу жеткіліксіздігінің, интоксикация синдромының салдарынан өте ауыр болды. Біз медициналық көмек көрсетудің жоғары технологиялық қызметтерін пайдалана отырып, науқасты құтқарып қалу үшін күрестік. 21 шілдеде пациентті экстракорпоральді мембраналық оксигенация аппаратынан шығардық. Осыдан кейін науқас СРАР аппаратына өкпені мәжбүрлі желдету режиміне ауыстырылды. Бұл аппарат өкпенің толығымен ашылуы үшін жүктеме ретінде қосылады» деп еске алады №2 қалалық көпбейінді аурухананың дәрігері Айжан Шанова.

Арада 28 күн өткеннен кейін елорда тұрғыны жалпы палатаға ауыстырылды. Бірақ бұл науқас толығымен емделіп шықты дегенді білдірмейді. Алдағы уақытта дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады. Қазір Ботагөзді үйінде күйеуі мен қызы күтіп отыр.

Емдеу кезінде стационарда жоғары білікті мамандардың қатысуымен консилиумдар өткізілді. Дәрігерлердің бірлескен жұмысының арқасында нау­қас емделіп, коронавирусты жеңіп шықты.

«Өз өмірім үшін күресу және үйіме оралу басты мақсатым болды. Бәріңізге, әсіресе дәрігерлерге көрсеткен көмегі үшін, өмірімді құтқаруға ұмтылғаны үшін алғыс айтқым келеді. Енді үйіме, отбасыма және қызыма орала аламын» деп қорытындылады елорда тұрғыны.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button