Сараптама

Саланы цифрландыру – уақыт талабы



Биыл Париж Олимпиадасы мен оған іріктейтін құрлықтық және әлем чемпионаттары өтетінін дәйектеп, газетіміздің №2 (4590) нөмірінде мақала жаздық. Қысқасы, спортшылардың бабы мен бағын сынайтын дүбірлі додалар жылы болғалы тұр. Оның арғы жағында тұтас елдің спорттық имиджіне баға беріледі. Осы ретте, спорт саңлақтарының жетістігі ғылым мен медицинаға тәуелді екені рас! Астана қаласындағы Спорттық медициналық орталыққа барып, осы саланың жұмысына қанықтық.

2022 жылға дейін спортшылар №5 қалалық емхана базасында кәсіби тексерістен өтіп, ем алатын. Онда спортшылар өзге пациентпен бірге кезек тұрып тексерілетін. Орталық ашылғалы Астана құрама командасының мүшелері және спорт мектебінің шәкірттері медициналық тексерістен өтіп, спорттық формасын тексеріп, қайта қалпына келу кезеңін бақылап жүр. Таңертеңгі уақытта орталықта адам қарасы қалың көрінді. Турнирге қатысуға спорт секциясына бару үшін тексеруден өтуде екен. Мекеме басшысы Азамат Ерқасымов қарсы алып, орталық жұмысымен таныстырды.

– Спорт және туризм министрі Ермек Маржық­паев спорт медицинасы мен фармакологияға маңыз беріп, сала мамандарымен кездесті. Әрі Париж Олимпиадасына жолдама алған және лицензиялы турнирлерге қатысатын спортшылар медициналық тұрғыда қажетті көмекті алу керектігін ескертті. Жылда екі рет біздің орталықта 13 мың спортшыны медициналық тексерістен өтіп, оңалту, физиотерапия алу, жарақаттан және физикалық жүктемеден кейін қайта қалпына келу үшін ем қабылдады, – деп сөзін бастады ол.

Орталықта спортшының эмоциялық көңіл-күйі мен физикалық әлеуетін бағалайтын заманауи құрылғымен қамтылған. Онда ультрадыбыстық терапия аппараты, электротерапия аппараты, соққылы-толқынды терапия құрылғысы бар. Спортшы үшін керекті мобильді эргоспирометрия жүйесі, интервалды вакуумды және қарқынды магниттік терапия, дене құрамының анализаторы, контактілі диаметрияға бағытталған құрылғыны табуға болады. Таулы жерді имитациялау үшін гипоксиялық ауа генераторы бар үрлемелі модуль және салмақ реттейтіні бар пневматикалық тренажер құнды аппаратты саналады.

– 2008 жылы Денсаулық сақтау министрлігі «спортшыны сауықтыру және емдеу біздің санатқа жатпайды» деп спорттық медицинадан бас тартты. Содан кейінгі уақытта отандық спорттың деңгейі белгілі. Әрине, спорттың құлдырауына түрлі объективті және субъективті себеп бар. Бастысы – спорт ғылымы кенжелеп, спорттық медицина өз деңгейінде дамымады. Жапония, Қытай, АҚШ және Еуропа елдерінен спорттық медицина бойынша ондаған жылға артта қалып кеттік. Біздегі жетістіктер – тәжірибелі бапкердің ізденісі, ынта-ықыласының нәтижесі. Алайда көп жаттықтырушы жаңашылдықты қабылдағысы келмейді, заманауи аппараттардың көмегіне жүгінгенді дұрыс көрмейді. Ал орталық органдарда ғылыми дәйектелген әдістемелік нұсқама жоқтын қасы. Жапонияда бір спортшының артында тренерден бөлек, диетолог, психолог, реабилитолог, массажист және дәрігер жүреді. Бізде бір командаға бір дәрігер мен массажист болады. Енді өзіңіз салыстырып көріңіз, – деді Азамат Ерқасымов.

Спикердің сөзінше, спорттың дамуында дәрігерлер де, психологтар да, массажистер те шешуші рөл атқарады. Спортшының формасын тексеруде заманауи аппараттардың игілігін пайдалану да маңызды.

– Криштиану Роналду 20 жылдан аса жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Мұның сыры – спорт ғалымына сүйенеді және психолог, диетолог, реабилитолог, массажист, дәрігер мамандармен бірлесе жұмыс істеп, өзіне жоғары талап қояды. Бізде психологқа деген көзқарас бөлек. «Псих» деген комплекстен қашады. Бапкерлердің арасында шәкіртімен сырласып, ішкі көңіл-күйі туралы білсе, өзін «психологпын» деп таниды. Талантты спортшы ел чемпионатында дараланғанымен, шетелдегі турнирде өз әлеуетін көрсете алмай жатады. Неге? Мұндай спортшымен психолог жұмыс істеуі маңызды. Жапонияда әр спортшы цифрланған. Оның ептілігі, күші, жылдамдығы және тағы басқасы туралы ақпарат өздерінің интернет базасында болады. Ашық бәсеке осыдан басталады. Өйткені екінші немесе үшінші нөмірлі спортшы үздік спортшыға қарап, өзінің спорттық қабілетін арттыруға көңіл бөледі. Бізге де спорт саласын цифрландыру керек, – деді орталықтың директоры.                         


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button