Жаңалықтар

Салауатты өмір салтын ұстанған



Спортпен шұғылданудың Нұр-Сұлтан сынды қарбаласқа толы қала тұрғындарының күнделікті өмір салтына айналып келе жатқаны қуантады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, елордалықтардың 31,5 пайызы салауатты өмір салтын ұстанады. Әсіресе, әлем пандемия құрсауына еніп, денсаулықтың зор байлық екенін жете сезінген шақта бас қаланың тұрғындары да бір кісідей салауатты өмір салтын ұстануға мойын бұрған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен осымен 18 жыл қатарынан аталып отырған Спорт күні қарсаңында елордадағы дене шынықтыру саласының қазіргі аяқалысымен жақынырақ танысып көрген едік.

Әлемдік аренада елдің атын танытып, мерейін үстем етер спорт саласын дамытудың алғашқы қадамы қала тұрғындары мен қонақтарының спорт нысандарына қолжетімділігінің көрсеткішін арттырудан басталады. Бұл орайда Нұр-Сұлтан қаласында тиісті жұмыстар қолға алынған. Жыл соңына дейін қала маңындағы «Үркер», «Көктал-2», «Өндіріс», «Теміржолшылар» тұрғын алаптарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілмек. Мұнан бөлек, қала әкімі Алтай Көлгіновтің қолдауымен «Астана Арена» спорт кешенінің жанынан жауынгерлік өнер орталығы мен бокс орталығы ашылды. Бас қаладағы Жирентаев көшесінде жекпе-жек орталығы, Тәуелсіздік сарайында көркем гимнастика орталығы мен «Сарыарқа» велотрегі жанынан дзюдо орталығы өз қызметіне кірісті. Бірқатар спорттық нысандарға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Қазақстан» спорт сарайына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында словакиялық құрылыс компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, келісімшарт жасалды. «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасы аясында қаладағы «Толқын», «Жеңіс», «Барыс» спорт кешендерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама аясында үрмелі футбол манежі де ауыстырылды. «Астана Арена» стадионының футбол алаңы да ауыстырылып, нысан қазір халықаралық футбол қауымдастығының талаптарына сай келеді.

Өздеріңізге мәлім, жақында ғана қаламызда спорт колизейі ашылды. Триатлон парк, Еуразия ұлттық университетінің ғимараты жанындағы көпір астында арнайы спорт алаңдары жасақталды. Қаладағы барлық саябақта Street Workout алаңдары мен жаттығуға арналған құрал-жабдықтар бар. Шаһардағы веложолдар мен жүгіру жолдарының да көлемі жыл санап ұлғайып келеді. Қазіргі таңда қала аумағында велосипед жолының ұзындығы 70 шақырымды құрайды. Алдағы уақытта ұзындығы 123 шақырым болатын велосипед жолы төселмек.

Өткен жылы қарашада жеңіл атлетикалық спорт манежі пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде жоғары технологиялық жабдықталған кешенде жеңіл атлетиканың көптеген түрлерін дамытуға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар манежде спортшылар республика және әлем чемпионаттарына және Олимпиада ойындарына алаңсыз дайындалуына бар мүмкіндік жасалған, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев.

Спорт нысандарын халыққа қолжетімді ету бағытында атқарылған жұмыстың нәтижесінде 378835 елордалық спортпен тұрақты шұғылдануға ден қойды.
Елордадағы спорт саласындағы ең басты жаңалық ретінде спорттық медициналық орталықтың ашылуын айтуға болады. Биыл пайдалануға берілетін бұл орталықта спортшылар арнайы дәрігерлік тексеруден өтіп, спорт дәрігерлерінің, психологтар мен массажистердің, спортшылардың тамақтануын қадағалайтын арнайы мамандардың көмегіне жүгіне алады. Сонымен қатар диспансерде спортшылардың ем алуын білікті спорт дәрігерлері өз бақылауында ұстайды. Бұған дейін елордалық спортшыларға №5 қалалық емхана медициналық қызмет ұсынып келген. Спортшыларға қарапайым тұрғындармен бірге медициналық көмекке жүгіну қолайсыздық туғызып, олардың дайындығы мен сауықтыру процесіне кері әсер етіп келген. Бұл мәселені спортшылар қала әкімімен кездесуде көтеріп, шаһар басшысынан жеке медициналық мекеме бөлуді сұраған. Өз кезегінде елордалық спортшылардың бұл ұсынысы қала әкімі Алтай Көлгіновтің тарапынан қолдауға ие болды.
Соңғы 10 жылдықта алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласының спортта белгілі бір жетістікке жеткен спортшыларына ай сайынғы төлемақының да мөлшері ұлғайып, оны алатын спортшылар саны 84-тен 170-ке дейін артты.

Жаңа қаулы бойынша елордалық Олимпиада ойындарының жеңімпаздары 97334 теңгенің орнына 694500 теңге алады. Сол секілді әлем чемпионаты­ның үздіктеріне төленетін ай сайынғы төлемақының көлемі де 93794 теңгеден 277800 теңгеге дейін өсті.

Азия чемпионатының жеңімпаздары ай сайын 83176 теңгенің орнына 222240 теңге, ал ҚР чемпионатының жеңімпаздары 79637 теңгенің орнына 166680 теңге төлемақы алады.
2024 жылға дейін жаттықтырушылар мен спорттық оқытушылардың жалақысы жыл сайын 25 пайызға дейін көтерілмек. Мұнан бөлек, жаңа оқу жылынан бастап «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына қала әкімінің 50 гранты бөлінетін болды. Әрине, бұл – жанына спортты серік еткен жастар үшін үлкен қолдау. Жастармен бірге жасөспірімдерді, балаларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру бағытында салалық басқарманың атқарған жұмысына да көңіл толады.

Елордада бүгінде 11 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Оларға қарасты 73 бөлімшеде 8032 спортшы спортпен шұғылдануда. Елордалық жас спортшылар ден қойған спорттың 57 түрі олимпиадалық, 16 олимпиадалық емес спортқа жатады. Сонымен қатар ұлттық және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спортты жанына серік еткендер де табылады.
Спорт мектептеріне қабылдау жыл сайын қыркүйек-қазан айларында жүзеге асырылады. Ата-аналар балалары баратын спорт мектебі мен айналысатын спорт түрін таңдап, өтініш жазады. Дәрігерлік тексеруден өтіп, бала денсаулығында спортпен айналысуға еш кедергі жоғын растайтын анықтама алады. Тиісті құжаттарды тапсырған соң балалар іріктеуге шақырылады. Іріктеу сынында балалардың белгіленген нормативтерді орындай алу қабілеті сыналады, – дейді басқарма басшысы.

Спортпен тұрақты шұғылдану бүгінде астаналық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Ендігі кезекті осы мәдениетті ертелі-кеш смартфонға үңілген қала жастары арасында қалыптастырып, олардың арасында салауатты өмір салтын насихаттауға көңіл бөлінгені абзал.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button