ҚоғамМәдениет

САН ҚЫРЛЫ САРЫБАСОВ



bata2

«Жаңбырмен жер көгерер, батамен ер көгерер» дейтін қазақта бата беру – игі дәстүрлердің бірі. 1991 жылдың 10 желтоқсанында, осыдан тура 25 жыл бұрын, тәуелсіздік таңының атуына бір аптадай уақыт қалғанда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты алғаш рет ұлықтау рәсіміне Шыңғыстау өңірінен арнайы шақырту алған Халық ақыны Шәкір Әбенов Елбасына бата берді. Жақында ұлықтау шарасы өткен Алматыдағы Республика сарайының қабырғасына сол рәсімнен естелік ретінде ескерткіш-тақта орнатылды. Ал режиссер, сценарист, әнші, композитор Оралбек Сарыбасов бұл тарихи сәтті «Бата» атты деректі фильмге айналдырған болатын.

«БАТА» ДЕРЕКТІ ФИЛЬМІ ҚАЛАЙ ТҮСІРІЛДІ?
Жуырда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойы мен фильм авторының 60 жылдық мерейтойына орай «Тәуелсіздікке тарту» атты шығармашылық кездесу өтті. Бұл жылы жүздесуде Оралбек Сарыбасов­тың сан түрлі қырлары әңгіме өзегіне айналды. Әрине, осы күндері мәні артып отырған оның жоғарыдағы «Бата» фильмі мен «Қазақтың Ақбаяны» атанған әйгілі әнші, марқұм Мәдина Ералиева халыққа жеткізген «Наз» әні туралы да айтылды.
Деректі туынды 1993 жылы түсірілді. Оның дүниеге келу хикаясын автордың өзі шертіп берді. Басында фильмнен үзінді көрсетілді. «Елбасын ұлықтау сәтін телеарналар түсіріп, радиолар жазды. Менің бейнекамерам да сол залда қалып қойыпты. Кейіннен бұл кадрларды қалай пайдаланамыз деп ойландық. Ол уақытта тоқсан жастың төрінен асқан қарт ақынның көзі тірі. Содан әңгімені Шәкір ақсақалдың өз ауызынан жазып алайық деп шештік. Сол үшін Шыңғыстау өңіріне екі рет баруға тура келді. Оның бірінші себебі ақсақал 10 минут сөйлеп, шаршап қалады. Сосын жұмысымызды шегереміз. Екінші себебі Шәкір Әбеновтің қырсық мінезі болды. Оны шай беріп, әрең көндіреміз сөйлеуге. Не керек, егеменді еліміздің елеулі сәтін таспаға қалдыруға тырыстық. Басты мақсатымыз сол болды» деді Оралбек Сарыбасов.
Оның айтуынша, фильмнің тағдыры Шәкір ақсақалдың өміріндей қиын болды. «Қазақ телефильмдегі» пленка жоғалып, режиссер қолда қалған бейнематериалдардан оны қайтадан құрастырып, дискіге түсіріп қойды.

«ҚАРЫЗ БЕН ПАРЫЗ» БАСТАҒАН БАҒДАРЛАМАлаР ҚАЙДА?
Бұл тұрғыдан алғанда белгілі сатирик Көпен Әмірбек тұлғаларымыздың телеарналар мен радиолардың қорында қалған жазбаларын сақтау жөнінде мағыналы әңгіме қозғады.
«Қазақ радиосында 6 жылдан астам, 7 жылға жуық уақыт жұмыс істедім. Сонда осы күндерге дейін мәнін жоймаған Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен парыз» бағдарламасын іздеп, таба алмадым. Жарасқан Әбдірәшев «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деп айтқанындай, сол бағдарламаның да бірде-біреуі жоқ. Қазақ радиосының «Алтын қорында» Жәнібек Кәрменовтің он тоғыз-ақ әні қалған. Құрдасым Қайрат Байбосыновтан «Қанша ән салып едің?» деп сұрадым. Ол «600-ге жуық» деп жауап берді. «Алтын қорды» қарасам, оның орындауында 140 қана ән бар екен. Солардың бәрін дискіге көшіріп, бір данасын өзіне апарып бердім, бір данасын өзімде сақтап қойдым» деген сатирик «Бата» фильмін түсірген Оралбек Сарыбасовтың ересен еңбегін атап өтіп, оны тарих үшін құнды мұраға балады. Режиссердің қай жағдайда да қарапайым қалпынан айнымайтын қасиетін айтты.

АБСОЛЮТ АТА ДЕГЕН КІМ?
Бұл жөнінде режиссердің өз айтары да бар екен. «Ақселеу Сейдімбек бірде Бекболат Тілеуханға «Телеарналарда жазылған талай дүнием жоғалып кетті» деп мұңын шақты. Сонда Бекболат оған «Қазақстан» телеарнасындағы жоқ хабарлар Сарыбасовта болуы мүмкін» деп айтыпты. Сосын Ақселеу аға маған келді. Кішкентай қызым Ақселеу дегенге тілі келмей, «Абсолют ата, кәмпит берші» дейтін. Сол жолы ағаның Жәнібек Кәрменов екеуі түскен бес бағдарламасын тауып, соны жазып алып, қолына апарып бердім. Бұл бағдарламалар өзінің архивінде болуы керек. Артынша Жәнібек екеуінің «Жаяу Мұсаның әндері» атты хабарын таптым. Ол бағдарлама менде тұр. Бұдан кейін, шамасы 1978 жыл болуы керек, Жәнібек Кәрменов Қытайға барғанда радиоға жазып алынған аудиокассета бар. Онда Жәнібек тамаша шалқып сөйлеген. Сол жазба қазір менің қолымда» деді режиссер.

ТЕМІРЖАН БАЗАРБАЕВ ТАМСАНҒАН «НАЗ»
«Наз» әніне келсек, бұл шығарманың алғашқы сарындары авторға 1989-1990 жылдары Мәскеудегі жоғарғы режиссерлік курстарда оқығанда келген. Соны ол Қазақстанға қайтып оралғанда жазып аяқтаған.
Ән тарихын Оралбек Сарыбасов былай тарқатады. «Ол уақытта төрт балам бар, бір бөлмелі үйде тұрамын. Қонақ көп келеді. Ән мәтінін қағазға түсіріп отырған күні үйде композитор Теміржан Базарбаев болды. Онымен жақын араласуымның себебі мынандай: телеарнада «Теміржан Базарбаевтың әндері» атты фильм-концерт жасадық. Ағамен бір ай бірге жұмыс істедім. Содан ол кісі мені бауырына тартты. «Назды» естіген соң аға мұның жайын сұрады. «Жай сарын ғой» деп жауап беріп едім, «Жоқ, бұл сарын емес» деді де, отыра қалып нотаға түсірді. Сосын «Мынаның артында «великий» дүние жатыр» деп тамсанды. Теміржан ағаның арқасында «Наз» әнге айналып кетті. Бұл әнді Нұрлан Өнербаев, Майра Ілиясова, «Адырна» ансамблінің әншілері айтамын деген. Бір күні оны Мәдина Ералиева естіп қалып: «Бұл не ән?» деп қызығып, қайтадан айтқызды. Содан соң: «Мұны ешкімге берме, өзім айтамын» деді. Сөйтіп, әннің бағын Мәдина ашты» деді композитор.
Кездесуде сөз сөйлеген белгілі кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тәуекел естеліктерді жаңғыртты. «Бір тойда отырғанда «Наз» әнін естідім. «Бұл әннің сөзін Оралбек Сарыбасов, ал музыкасын Шәмші Қалдаяқов жазды» деп біреумен бәстесіп, бір ұтылғаным бар. Әні де, сөзі де Оралбектікі болып шықты. Бірақ әннен Шәмшінің әсері байқалады. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеуді орынды да, орынсыз да қолдана береміз. Ал бұл теңеу Оралбекке дәл келеді. Ол Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк училищесін (қазіргі колледж – А.Қ.) бітіріп, домбырашы, әнші болып шықты. Сахна майталманы Кәукен Кенжетаевтан дәріс алды. Музыкалық-драма актері болды» деген Сламбек Тәуекел оның азаматтық қырларына тоқталды.

ТҰЛҒА МЕРЕЙТОЙЫНА ТАРТУ
Оралбек Сарыбасов белгілі сыншы Сағат Әшімбаевпен туған бауырындай араласқан. Сыншының жары, жазушы Шәрбану Бейсенова «Сағат 40 жасқа толған 1 мамыр күні Оралбекті алғаш көрдім. Ол Сағатпен бірге біздің үйге еріп келді. Содан бері сыйластығымыз жалғасып келеді» деді.
Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы Шәкір Әбенов өміріндегі қызықты деректерді келтірді. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ғылыми хатшысы Талдыбек Нұрпейіс сөз сөйлеп, Кеңес заманында Қаз ССР Оқу және ағарту министрі қызметін атқарған Кенжалы Аймановты еске алды. Мұны естіген Оралбек Сарыбасов бұл тұлғаның келесі жылғы ғасырлық мерейтойына деректі фильм дайындап жатқанын жеткізді. Кітапхана мен кеш иесі сый алмасты. Қонақ Созақ өңірінде өмір сүрген күйші Сүгірдің шәкірті Ергентай Борсабаев туралы жазған кітабын тарту етті. Кездесу соңында Қазақ радиосының қызметкері Айсәуле Бейсенхан Оралбек Сарыбасовтың туған інісі Мұратбек Сарыбасовтың ағасына арнаған «Жан аға» әнін салып берді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button