МәдениетРуханият

Сан қырлы талант иесі



Жақсы адамның өмірі – ұрпаққа өнеге. «Көңіл аудар да­на­лардың сөзіне, адал жан­ды өнеге тұт өзіңе» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, бүкіл өмірі үлгі болған, жақ­с­ы­ның жақсы ісін айту, оны өмірге өнеге ету – парызымыз.

Жақында Астана қаласында Мәдениет және спорт министрлігінің, Ұлттық академиялық кітапхананың, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен сан қырлы талант иесі – сәулетші, ақын, жазушы, драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Сайын Назарбекұлының «Қалам мен қалақ» атты адамдарды алға жетелейтін ғибратты шығармашылық кеші болып өтті. Жүзіне иман, жүрегіне жыр ұя салған Бекзат Смағұлов сынды тұнық бұлақтан су ішкен киіктің баласындай пәк сезімді жан жетекшілік еткен ерекше басқосуға еліміздің белгілі зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, көрнекті ғалымдар, өнер қайраткерлері, оқушылар, жоғары оқу орындарының студент жастары қатысып отырды.
ҚР Ұлттық академиялық кітапхана­сында үш сағаттан астам уақыт бойы ұлттық болмыс, рух жаңғыруы, еліміздің келешегі туралы күрделі де тағдырлы мәселелер төңірегінде келелі әңгімелер, маңызды ой-пікірлер айтылды. Сайын Назарбекұлының өлеңдері оқылды, арасында жиын Айгүл Қосанова, Гүлмира Сарина тәрізді күміс көмей әншілердің, Қазақ ұлттық өнер университетінің күйшілерінің орындауындағы әндерімен және күйлерімен өрнектеліп отырды. Ең бастысы, өмірінің жеті белесін артқа тастап, жетінші жылына қадам басқан Сайын мырзаның өмір жолының әрқайсысы ширек ғасырға телінген ой еңбегі, қол еңбегі тәрізді кезеңдерін саралай отырып, кеш қонақтары егер адам өз ісіне сенсе, ол өмірдегі қандай қиындық болмасын, әлбетте жеңе алатынына көздері толық жетті. Оның сөзінен, көзінен, өзінен әлде бір теңдесі жоқ оптимизмнің, өмірсүйгіштіктің лебі есіп тұратыны да байқалды. Оның осы қасиеті кезінде ауыр науқасқа ұшырағанда тәуекелге сеніп, үмітке еріп, пышаққа түсіп, өлімді жеңді, бейнет кешіп жүріп, өнерді қуып, ел мүсіркейтін хәлден ел таңғалатын күнге бір-ақ самғап жетті. Өмірде де, өнерде де өжеттіктен танбады.
Қатысушылар Сайын Назарбекұлының: «Жасамаймын еңбектің жемісін көзбен көрем деп, жасаймын бір қолғабыс кейінгіге берем» деп мына дүниеге таң қалуға емес, таң қалдыруға келгендей, тым ерекше тылсым, жұмбақ тұлға екендігіне күмән келтірмегені анық. Өз басым Сайын Назарбекұлының ұлы Абайдың: «Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деген шумағы «Абай әлеміне саяхат» атты кітабының эпиграфы ретінде бекер алынбағанын түйсіндім. Ол бұл еңбегінде Абайдың қырық бес қара сөзін тереңнен тартып, парасатпен пайымдайды. Ойшыл ақынмен іштей сырласып, Абайға деген өз құрметін өлең жолдарымен өрнектейді. Негізі Сайынның сөзі жібектей жеңіл, ойы қорғасындай ауыр өлеңдерін оқи отырып, өмірдің өзіндей күрделі – кең дүниенің құшағына еніп кеткендей боласың.
Айта кету керек, «Абай әлеміне саяхат» кітабы Сайын Назарбекұлының жеке бастамасымен өмірге жолдама алған, бүгінде Маңғыстау облысының 134 мектебінде, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде жұмыс жасап жатқан «Абай әлеміне саяхат» клубының басты құжаты болып қана қоймай, ұранына айналып отыр. Үш тілде берілген Абай қара сөздерінің мақсаты – жас ұрпаққа өрелі тәлім беру, отансүйгіштікке баулу. Ендігі жерде Сайын Назарбекұлы бұл бағытта республика көлемінде жұмыс жүргізу қажет дей отырып, Астана қаласында клубтың бас офисін, ал облыс орталықтарында оның филиалдарын ашу туралы салалық мемлекеттік органдарға хат дайындап жібергенінен де хабардар етті және бұл шешім жиналғандар тарапынан толық қолдау тапты. Иә, өмірдің мәні – Абайдың сөзінде. Сондықтан Абай жұмбағын, Абай сырын ашудың маңызы зор. Билікте отырғандар мұны ескергендері жөн.
Қытай реформасының атасы Дэн Сяопиннің «Өмірден үйренген адамдар ғана ұлтының ұлы перзенті бола алады» деген сөзі бар. Елдігіміздің туын биік ұстап жүрген Сайын Назарбекұлы мұндай атаққа толық лайық деуге болады. Мәселе, барымызды шашыратып алмай, қай-қайсысын да жеке-жеке зерттеп, насихаттауға саяды. Алайда тағылымға толы бұл шығармашылық кештің БАҚ назарынан тыс қалғанын айтуға мәжбүрмін. Бар кезде қадірін білмей, кеткен соң бармақ тістеп қалмайық.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ
Астана қаласы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button