Басты ақпаратМәдениет

САН-РЕМО ЖҰЛДЫЗДАРЫ АСТАНАДА ӘН САЛДЫ



«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында, Қазақстан мен Италия арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуына орай «Қазақстан» орталық концерт залында «Сан-Ремо жұлдыздары – Астанада» атты кеш өтті. Оған Робертино Лоретти, Тото Кутуньо сынды әлемге әйгілі әншілермен қатар «Ricchi e poveri» және «Hit Italy» топтары қатысты.

Кеш шымылдығы италия тілінде шырқалған ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен ашылды. Осы туындыны Астанаға келерде арнайы жаздырған «Hit Italy» тобы көрермендерді бірден елең еткізді. Әрі қарай өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдардағы танымал туындылар орындалып, аға, апаларымызға жастық шақтарына, өзімізді балдай балалық кезімізге сапар шектірді.

«Сан-Ремо» – 1951 жылдан бері Италия жерінде өтіп келе жатқан музыка фестивалі. Талай талантты әншілерге үлкен сахнаға жолдама алып берген бұл думанды шара жыл сайын ақпан айының ортасында осы елдің солтүстік-батысында орналасқан курорттық қалада ұйымдастырылады. Мәселен, 1983 жылы бұл фестивальде «L’italiano» әнін орындағаннан кейін Тото Кутуньоның есімі әлемге жайылды. Осы әнмен қатар әншінің репертуарына «Solo noi», «Et si tu n`éxistais pas», «Salut» атты әлемдік хиттер енген. Қазірге дейін 17 альбом шығарған Тото Кутуньоның композиторлық өнері де бар. Сондай-ақ, ол аккордеонда, гитарада, саксофонда, барабан және клавишті аспаптарда ойнайды.

1960 жылы Римде өткен XVII Олимпиада ойындарының ашылуында «O Sole mio» әнін орындаған 13 жасар Робертино Лоретти әлемге танымал болды. Оны ән сүйер қауым «жаңа Карузо» деп атап, белгілі опералық тенор Беньямино Джильимен салыстыратын. Ал 15 жасында жарық көрген алғашқы синглы «алтын» атанды. Әншінің дискографиясында 8 альбом бар. Ол шырқаған әндер күні бүгінге дейін радиода орындалып, кинода және мультфильмдерде пайдаланылып жүр. Әсіресе, әншінің «O Sole mio», «Jamaica» мен «Santa Lucia» әндері кең таралды.

«Қазақстан халқын жаныма ерекше жақын тұтамын. Осы елде бірнеше мәрте болдым. Бүгінгі күнге әртүрлі мемлекеттен маған 820 шақырту келді. Осының алдында үш ай ауруханада жатып шықтым. Алайда бар күшімді жинап, Астанаға жеттім. Бұл – менің көрерменге соңғы көрінуім. Осыдан кейін сахнадан кетемін деп шештім. Бірақ жақында өмірім, өнерім жайлы фильм шығады» деді Робертино Лоретти.

«Ricchi e poveri» тобының аудармасы – байлар мен кедейлер. Музыканттар өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары танылды. Генуя қаласында осыдан жарты ғасыр бұрын құрылған топтың күйтабақтары бүгінгі күнге дейін барша әлемге 20 млн данамен таралды. Топ телевизиялық қойылымдар мен мюзиклдерге де түскен. 1982 жылы «Mamma Maria» синглы Еуропада ең көп сатылған альбомның басты әніне айналды.

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button