Жаңалықтар

Сан салалы қызмет сапасы қандай?



Қала басшысының бастамасымен Астанада сан түрлі саладағы сервисті қалай дамыту жөнінде әлемдік сарапшы Джон Шоулдың қатысуымен бизнес-семинар өтпек. Осы орайда қалалық әкімдікте Астана қаласы қызмет сапасы академия­сының басшысы Жанар Үсіпбекова баспасөз мәслихатын өткізді.

Қызмет мәдениеті саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан америкалық азамат Джон Шоул 1979 жылы персоналдың клиенттермен жұмыс істеуі туралы әлем бо­йынша алғашқы болып оқыту бағдарламасын әзірлепті. Осы салада мотивациялық кітаптар мен білім алу бағдарламаларын жазып, «Servict Quality Institute» компаниясының негізін қалаған спикер аталмыш компания бағдарламасы бойынша әлемнің 40 елінде 2 миллионнан астам адамды оқытыпты. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, «Цеснабанк» АҚ, «Технодом» АҚ, «Сбербанк» АҚ сияқты Қазақстандағы бірқатар ірі компаниялар Джон Шоулдың бағдарламасы негізінде жұмыс істейтін көрінеді.
– Астанада халықаралық шаралар үнемі өтіп тұратындықтан, қалаға алыс-жақын шетелдерден келетін қонақтар саны аз емес. Мәселен, биыл «ЭКСПО-2017» көрмесі өтсе, келер жылы елорданың 20 жылдық мерейтойы екені белгілі. Осы тұрғыда қызмет көрсету сапасын одан әрі жақсарту біз үшін қажеттілік дер едім. Ал бизнес-семинарды өткізудегі мақсатымыз – Астанадағы қыз­мет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеру, – деген қызмет сапасы академиясының басшысы Жанар Үсіпбекова, – семинарға қатысқандарға халықаралық сертификат табысталады. Сонымен қатар, қатысушыларға тұтынушылардың назарын тартудың нәтижелі амалдарын қолдану, сұраныстың өзгеруіне тез арада әрекет ету, ұтымды жұмысты жоспарлау, жұмыс барысындағы шиеленіскен жағдайларды басқара білу сияқты жоғары дәрежелі қызметті қалай көрсетуге болатыны жайлы келелі кеңестер беріледі.
Семинар қызмет сапасы саласына жаңа леп әкеледі деп ойлаймын, – дейді.
Сөз соңында Жанар Жолдас­байқызы мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компаниялар басшыларын, кәсіп­керлерді және барлық ниет білдіру­шілерді бизнес-семинарға қатысуға шақырды. Айта кету керек, аталмыш бизнес-семинар 19 қараша күні «Radison» қонақүйінде өтеді.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button