САНАҒА СӘУЛЕ ТҮСІРГЕН
Еліміз тәуелсіздігін алған тұста көптеген ұлттық құндылықтар қазақ қоғамында қайта жаңғырды. Қазақы санаға сәуле түсіріп, ұлт рухымен қайта қауыштырған «Таңшолпан» бағдарламасы өмірге келді. Аталған бағдарламамен бірге ұлт рухы қайта оянып, жаңаша бас көтергендей еді.
«Таңшолпан» ақпараттық -сазды бағдарламасы 1992 жылдың 14 желтоқсанында қалың көпшілікке жол тартты. Бозторғай секілді бозала таңнан бастап ерекше күй сыйлаған сазды хабар аз уақыттың ішінде-ақ қалың қазақтың көзайымына айналып сала берді. Бағдарламаның жарыққа шығуына себепкер болған сол кездегі «Қазақстан» телеарнасының басқарма төрағасы, жазушы Шерхан Мұртаза болатын. Қазақ телевизиясының тарихында «Таңшолпанға» дейін шағын форматтағы танымдық хабарлар болғанымен, тікелей эфирде «Таңшолпан» секілді ақпараттық-сазды бағдарлама болған жоқ. Алайда, 1994 жылы Ш.Мұртаза Парламент депутаттығына сайланып, «Қазақстанның теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының басшылығы ауысты. Сол жылы таңғы бағдарлама мен кешкі жаңалықтар агенттігі құрылып, «Таңшолпан» бағдарламасы жабылды. Бірақ, халыққа рухани серпіліс берген осындай бағдарлама бәрібір қажет еді, 1996 жылы «Таңшолпан» қайтадан дүниеге келді. Жиырма жылдан бері атауы «Арай», «Жаңа күн», «Таңсәрі», «Оян, қазақ!», «Көңілашар», «Қайырлы таң, Қазақстан!», «Ассалаумағалайкүм, ағайын!» болып сан рет өзгерген бағдарлама 2008 жылы төл есімін қайта иеленді.
Жиырма жыл ішінде «Таңшолпанда» талай танымал тележурналистер иық тіресе жұмыс істеді, тіпті бұл бағдарлама талай шығармашылық иесінің халыққа танылуына да кең жол ашты. Мәдени-рухани жаңалықтармен қатар, ұлттық мәселелер де еш ұмыт қалмады. Қазақ халқының көңіл сүйсінтер жетістіктері теледидар бетінен сүйіншіленді. Бағдарлама тарихында алдыңғы буыннан Тыныс Өтебаев, Бақытжамал Ерманова, Иманбай Жұбай, Кенжебай Жармұхамедов, Гүлмира Дайрабай, Ләззат Танысбай, Дана Нұржігіт секілді белгілі тележурналистердің есімдері ерекше аталады. Бағдарламаны алғаш жүргізген Иманбай Жұбай мен Лаура Юсупжанованың есімдері әлі күнге ел есінде. Ал, Әйгерім Есенәлиева, марқұм Руслан Бөлебай, Берік Көшербекұлы, Маржан Болатханқызы, Майя Веронская секілді бірқатар жас тележүргізушілердің есімдері «Таңшолпан» арқылы халыққа танылды.
Кезінде таңғы бағдарламада елге танымал азаматтар да қызмет етті. Мысалы, сенбі сайын шығып тұрған «Заң» айдарын белгілі саясаткер Мақсұт Нәрікбаев жүргізді. Бүгінде «Таңшолпан» ақпараттық-сазды таңғы бағдарламалар бірлестігінде отызға жуық қызметкер жұмыс істейді.
Бетті дайындаған:
Хамит ЕСАМАН