Басты ақпарат

Сараланған тариф не берді?



Астанада 8 кәсіпорын жолаушыларды тасымалдаумен айналысады. 84 бағытта 1 мыңнан астам автобус қызмет көрсетеді. Олардың 70 пайызы – жаңа автобустар. Кеше қала әкімдігінде өткен көлік жүйесін жаңғыртуға арналған баспасөз мәслихатында қалалық Көлік және жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әлихан Қуатбеков осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, қоғамдық көлікте сараланған тарифтің енгізілуінен тасымалдаушы кәсіпорындар ұтылған жоқ, керісінше, ұтты. «Бұрын бұл кәсіп­орындар мемлекеттен субсидия алмады. Ескі автобустар, оларға қосалқы бөлшектердің жетіспеушілігі күрделі мәселелерді туғызған еді. Сараланған тариф енгізілген соң субсидия бөлініп, автопарктер материалдық базасын жақсарту мүмкіндігіне ие болды. Автобус жүргізушілерінің жеткіліксіздігінен бұрын жолаушылар аялдамаларда көп тұрып қалатын, жүру кестесі сақталмайтын. Бүгін бұл мәселе белгілі деңгейде жолға қойылды» деді Ә.Қуатбеков.
Қазір жолаушылардың 93 пайызы көлік картасын пайдаланады екен. Автопарктердің табысы 15 пайыздан 30 пайызға көбейді. 21 шілде күні сараланған тариф енгізілгені белгілі. Сол уақыттан осы күнге дейін 596 мыңнан астам жолаушы көлік картасын пайдаланды. Қолма-қол ақшамен төлеу көрсеткіші едәуір азайды. Бүгіндері күніне 50 мың билет беріледі.
«Көлік карталарын қолдануда әлі күрделі мәселелер бар. Карталарды толтыруда кемшіліктер кетіп отыр. Автобустардың интервалды сақтамау жағдайлары жиі орын алуда. Осы себептен, әсіресе кешкі уақыттарда жолаушылар қоғамдық көлікті ұзақ күтіп қалады. Бұл мәселелерді реттеу үшін «Астана LRT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиісті тапсырмалар берілді. Бақылаушылар санын көбейтіп жатырмыз. Бұл бақылаушылар қаржы жағын ғана емес, автобустардың санитарлық жағдайын, автобус жүргізушілерінің өздерін ұстауын, аялдамалдардың хабарлануын қадағалайды. Бір сөзбен айтқанда, біз ұсағынан бастап, ірісіне дейін барлық мәселені бақылауда ұстап отырмыз» деді Ә.Қуатбеков.
Соңғы үш жылда Астанада 110 шақырым жаңа жол салынып, жолдардың 102 шақырымы жөнделді. Жыл соңына дейін жаңа жолдардың тағы 28 шақырымының құрылысы аяқталмақ. Бүгіндері күніне 500 мыңдай көлік елорда жолдарымен жүреді. Жалпы, қалада 324 мыңға жуық көлік тіркелген. Күніне 80 мың көлік қалаға кіреді. Өзге көліктер басқа өңірлерде тіркелсе де, олардың иелері елордада тұрады. Осындай статистикамен «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов таныстырды.
«Астанада жан басына шаққандағы көлік саны өте көп. Ол Лондонмен парапар. Сондықтан жолдардың жүктемесін азайту үшін қалаға көлікпен кірудің ақылы жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жүйе алты нүктеде енгізілмек. Қазір осы мәселені жан-жақты саралап жатырмыз. Қалалық Қоғамдық кеңес қарауына шығарғанымызда бірқатар ескерту естідік. Сондықтан бұл жүйені жетілдірмекпіз» деді Б.Есжанов. Оның сөзінше, ақылы кіру жүйесі таңертеңгі және кешкі қарбалас шақтарда енгізілмек. Мәселен, 07.00-ден 09.00-ге дейін немесе 17.30-дан 20.00-ге дейін. Қалған уақыттарда кез келген көлік қалаға тегін кіре алады.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button