Басты ақпаратСараптама

Саусақ ізін алу – уақыт талабы



Астана қаласының тұрғыны Ердәулет Айшықов қала орталығынан үш бөлмелі үй сатып алып, оған жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін көршілес Өзбекстаннан үш құрылысшыны жалдайды. Заң бойынша олар бір ай үй иесінің мекенжайында қонақ ретінде тіркеліп тұрады.

Әне-міне дегенше мерзімді бір ай уақыт та өте шығып, енді келген жалдамалы жұмысшылар жұмыстарын одан әрі жалғастыру үшін саусақ іздерін тапсырып, салық төлеп, елде болу мерзімін ұзартуға міндеттеледі. Міне, осы жерде ши шығады. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, үш жұмысшының біреуі бұрын өз елі аумағында қылмыс жасап, бой тасалап жүрген сабаз болып шығады.

Бұл жерде ең бастысы, дактилоскопиялық тексерудің қылмыстың алдын алуда пайдасының тигені болып отыр. Мұндай тексеріс жүріп, мәселе дер кезінде анықталмағанда ол адам не бүлдірерін (құдай сақтасын) кім білсін?

Қаржы қолбайлау болмаса…

Елімізде саусақты дактилоскопиялау әр азамат үшін міндетті болатыны жөнінде біраздан бері айтылып келеді. Қазір көп адам ХҚКО-ға (Халыққа қызмет көрсету орталығына) барып, паспорттары мен жеке басын куәландыратын басқа да құжаттарын жаңартуды ойлап жүр.

Неге десеңіз, «алдағы 2024 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстанда барлық азаматтардан саусақ таңбалары алынады екен» деген хабар әлеуметтік желілерді кеулеп кетті. Біреулер: «ДНК алынады екен? «Чип тағады екен» деген желсөзді де  қоздата түсуде. Ал шындығында, дүрлігетін дәнеңе де жоқ болып шықты.

Астана қаласы Алматы ауданы Көші-қон басқармасының бас маманы Данияр Бауыржанұлының айтуынша, жаңа жылдан бастап бұл бағытта өзгерістер болатыны рас көрінеді. «Алайда «саусақ іздерін алу» деген сөзге аса мән беру керек» дейді ол. Қазір Қазнеттегі кейбір ақпараттарды оқып отырсаң, «әр азаматты бір жерге бір-бірден шақырып алып, уақытша ұстау абақтысындағы сияқты бүкіл саусақ іздерін алып шығады-мыс». Жоқ, мүлде олай емес. Бұл жай ғана азаматтарды – дактилоскопиялық тіркеу. Жаңа цифрлық технологияның көмегімен арнаулы сканер арқылы саусақ ізін алу.

Мұның бірегейлігі әлем бойынша дәлелденген. Тіпті ДНК-сы бірдей болуы мүмкін егіздердің саусақ іздері ешқашан бір-біріне ұқсамаған. Сондықтан саусақ таңбасы әр адамда әртүрлі болатыны қазір ғылыми негізделіп отыр.

«Мен осы мәселеде адамдардың үнемі жел сөзді шарша үрлеп, жұртты дүрліктіретініне түсінбеймін. Бұл заман талабы ғой. Қазір – әлем цифр­лық технологияға дендеп жүгінген заман. Осы жетістіктерден еліміз де кенже қалмауы тиіс. Сондықтан Мемлекет басшысының пәрменімен «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Әрі ол күнделікті өмірде қажеттілікке қарай қолданылып та жүр. Ал енді оны іс жүзінде жаппай қолдануға қаржы тапшылығы қолбайлау болып, үнемі кейінге шегеріліп келе жатқанын да мойындау керек.

Заңның өзектілігі, ең алдымен, қауіпсіздік мәселесінде жатыр. Мұнда атап көрсетілгеніндей, біз сол арқылы Қазақстанды цифрландыруды дамытудың келесі қадамын жасаймыз. Сол арқылы қауіпсіздікті арттыра отырып, көптеген үдерісті айтарлықтай оңтайландырамыз. Атап айтқанда, жеке тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жетілдіріп, заңсыз құжаттандыру фактілерін жоюға мүмкіндік туғызамыз. Құжаттарды қолдан жасаудан, ал олардың иелерін алаяқтық және басқа да қылмыстық әрекеттерден қорғауға жағдай жасаймыз. Негізінен, саусақ ізін тіркеу Қазақстан Республикасы азаматтарының басқа мемлекеттердің мемлекеттік шекарасынан өту тәртібін жеңілдетуді көздейді» деді маман.

Сондай-ақ мұндай интеграцияның күнделікті өмірде де, жазатайым оқиғалар кезінде де, оның ішінде техногендік және табиғи жағдайлар кезінде де адамның жеке басын куәландыратын құжаттарды қалпына келтіруді жылдамдатуға септігі көп екені дәлелденген.

Уақыт та, мүмкіндік те бар

Саусақ іздерін алудың түпкі мақсатын азаматтар түсінуі керек. Бұл тұрғыдағы үгіт-насихат, түсінік жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитеті қызметінің аға инспекторы Нұржан Жаңабаев осы мәселе төңірегінде бірнеше брифинг өткізді. Оның айтуынша, алдағы уақытта саусақ іздері деректері республиканың әр азаматының биометрикалық төлқұжаттары мен жеке куәліктерінде тұратын болады. Бұдан былай азамат жаңа биометрикалық төлқұжат – жеке куәлік немесе жаңа паспорт алған кезде чиппен бірге саусақ іздері бейнеленеді.

«12 жасқа дейінгі балалардан саусақ ізі алынбайды. Алдағы жаңа жылдан бастап 12 жас пен 16 жас аралығындағы жеткіншектер ерікті түрде, ал 16 жастан бастап міндетті түрде саусақ іздерін тіркету талап етіледі. Алайда бұл жаппай құжат ауыстыру керек деген сөз емес. Қолда бар құжаттарың белгіленген мерзімі өткенше жарамды болады. Тағы да қайталап айтамыз, саусақ ізін алу міндетті, алайда ол ХҚКО-да таңертеңнен кешке дейін кезекте тұрып, дүрбелең туғызу деген сөз емес. Әркім өзінің мүмкіндігіне, уақытына қарай рәсімдесе жетіп жатыр.

Тұжырымдама бойынша, барлық қазақстандықтар мен Қазақстанда тұрақты тұратын, оның ішінде еліміздің мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардан саусақ ізі қазірден бастап алынатынын еске салғым келеді» деді аға инспектор.

Біз жоғарыда сөз еткен заңда тек саусақ ізін алу ғана емес, геномдық тіркеу туралы да анық айтылған. Біріншіден, геномдық тіркеу деген не? Оны көпшілік адам түсіне бермейді. Геномдық ақпарат – адамның дезоксирибонуклеин қышқылының нақты кодталған мәліметі. Екінші сөзбен айтқанда, бұл – ДНҚ сынағы.

Бүгінгі еліміз цифрлық қызмет жүйесіне көшіп жатқан кезде саусақ іздерін алу  заманауи  электронды жүргізіліп, кодталған түрде сақталады. Бұл дегеніміз, мәліметтер базасында саусақ ізінің тек сандық моделі және бірегей идентификатор болады. Онда дербес деректер, адамның аты-жөні және ЖСН-і (ИИН) көрсетілмейді. Жүйені иесіздендіру автоматты түрде жүреді. Әрі алынған биометриялық деректердің сақталуы мен оларды пайдалануға ҚР ІІМ жауапты болады.

Кейінгі кезде заңды толық іске асыру үшін мемлекет 20 млрд теңге қаржы бөліп отырғаны айтылуда. Бұл қаражат серверлік, лицензиялық-бағдарламалық қамтамасыз ету, аппараттық кешендерді жабдықтау, дактосканерлер алу, қызметкерлерді оқыту және тағы басқа мақсаттарға жұмсалмақ.

Шетел тәжірибесі зерттелді

«Мұны бізде пайдалану әлі ертерек емес пе?» деген сауалдар да қойылып жатады. Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу заңын әзірлеу барысында ҚР Ішкі істер министрлігі әлемнің көптеген елінің тәжірибесін зерттеген. Сонда анықталғаны: 2002 жылдан бері дүниежүзінің 70-тен астам мемлекеті, ал 2010 жылдан бері Алмания, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Үндістан, Франция, Бельгия Біріккен Араб Әмірліктері сияқты 124 елі биометриялық тіркеуді (саусақ іздері, көздің нұрлы қабығы, адам бетінің екі өлшемді және үш өлшемді кескіні, ДНҚ, қолтаңба) пайдаланып келеді. Оның үстіне алдағы уақытта ICAO ұсынымына сәйкес жол жүру құжаттарында азаматтың кемінде екі биометриялық деректері болуға тиіс – бұл түрлі-түсті цифрлық фотосурет және саусақ іздері. Бұл азаматтың жеке басын анықтау және растау мақсатында жүргізіледі. Жеке басын куәландыратын құжаттарға саусақ іздерін енгізу азаматтың құқықтары мен дербес деректерін қорғауға нақты мүмкіндік береді деп түсіндіреді мамандар.

Соңғы уақытта осы салаға жауапты құзырлы министрлік қауіпсіздік шараларына аса мән беріп отыр. Деректерді рұқсатсыз кіруден қорғауға мүмкіндік беретін мәліметтер базасын цифрлау­ды жүзеге асырды. Енді қаскөйлер цифрлық іздерді ешуақытта «тіріге» айналдыра алмайды. Сандық түрде сақталған саусақ іздерін заттарға түсіру мүмкін емес.

Сонымен саусақ ізін алу елімізде қолға алына бастады. Қазір шетелге шығатын азаматтарға виза алу үшін саусақ іздерін тапсыру міндеттеледі. Соның аясында елде түрлі қылмыс­тарды, соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу мүмкін болып отыр. Осы тұрғыда заңның қабылдануы терроризм қаупінің алдын алу үшін де қажет. Бұл арқылы елімізге жасырын келген лаңкестер болса, оның биометриялық мәліметтерін халықаралық ұйымдарға сұрау салып, салыстырады. Қысқасы, дактилоскопиялық тіркеу заман талабы болып тұр. Оның пайдалы тұстары мол екенін мамандар дәлелдеп бағуда.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button