Басты ақпаратҚоғам

Көмек, қолдау сұрауға арланбау керек

Суицид жаһандық проблемаға айналды. Өйткені жер бетінде әрбір 40 секунд сайын бір адам өзіне-өзі қол жұмсайды. Жыл сайын 700 мыңнан аса адам суицид жағдайында өледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы түзген рейтингте Қазақстан 20-орында тұр. 2022 жылы 1 мың отандастың 17-сі өз-өзіне қол жұмсады. Суицидке әкелетін негізгі себеп қандай, оның алдын алу мүмкін бе? Бұл сұрақтардың жауабын дағдарыс психологы Әйгерім ШӘМШИНАДАН білдік.

– Суицид дегеніміз не? Оларға қандай мінез-құлық тән?

– Суицид – адамның өзіне қасақана қасірет келтіру арқылы өлуі. Бұған түрлі жағдай әсер етеді. Біріншісі – адамдар әлеуметтік, қаржылық қиындықтан шығатын жол таба алмай, өзін құрбан етеді. Екіншісі – ішімдік пен есірткіге тәуелді болудың арты келеңсіз жағдайға душар етеді. Үшіншісі – махаббатта жолы болмай, адамдардан зорлық-зомбылық көру салдарынан орын алады. Төртіншісі – отбасы мен ұжымда, достарының арасында жылы қарым-қатынас орната алмағандар өзін қоғамның бір мүшесі ретінде сезіне алмай, ақырында өзіне қол жұмсайды. Бесіншісі – өмір сүрудің мән-маңызын жоғалтып, әлеуметтен оқшаулану жағдайынан орын алады. Әртүрлі әрекет – теріні зақымдау, есірткі немесе улы заттарды жиі қолдану арқылы іске асады.

– Суицидке табиғи құбылыстар да әсер ете ме?

– Әлбетте, әсері болады. Солтүстік полюске жақын орналасқан Ресей, Беларусь, Канада, Гренландия және тағы басқа елдердегі қолайсыз табиғи құбылыстардың ықпалы жоқ емес. Одан бөлек, өмір сүретін елдің статусы да теріс әсер етеді. Суицид жағдайы жиі орын алатын елдерді саралайтын болсақ, Гайана – Оңтүстік Американың солтүстік-шығысында орналасқан кедей ел. Оңтүстік Африкадағы патшалық ел – Лесото да өте кедей ел. Бұл аймақтарда кедейлік адамдарды өзіне қол жұмсауға итермелейді.

– Суицидтік мінез-құлықтың негізгі себебі қандай?

– Шамадан тыс күйзеліс, психикалық денсаулықтың бұзылуы, қарым-қатынастағы проблема, жақын адамынан айырылу, алкоголь немесе есірткіні жиі қолданудың әсері бар. Мұндай адамдарда дәрменсіздік, үмітсіздік сезімі жоғары болады. Егер сізде немесе сіз білетін адамда суицидтік ойлар немесе мінез-құлық пайда болса, кәсіби көмекке жүгіну маңызды.

Баламен көп уақыт өткізіп, жалғыз емес екенін сезіндіріп, шығармашылық қызығушылығын арттырудың пайдасы көп

– Мұндай адамның белгісін қалай тануға болады?

– Суицидтік ойдың немесе ниеттің белгісін тану – өте күрделі әрі маңызды процесс. Сізге назар аудару керек бірнеше негізгі белгі бар. Біріншіден, мінез-құлық белгілері: адам өзінің өлімі немесе ниеті туралы ескертеді, суицид әдістері туралы ақпаратты белсенді түрде іздейді. Екіншіден, құнды дүниелерін біреуге тапсырып, өсиет етіп, жақындарымен қоштасып, өткені үшін кешірім сұрай бастайды. Эмоционалды белгісі: мақсат қоймайды, болашақты жоспарламайды, өзін қоғамнан аулақ ұстайды. Ал физикалық белгісі: ұйқысыздық немесе ұйқышылдық, тәбеттің төмендеуі немесе жоғарылауы байқалады. Салмағы түсіп немесе артып, сыртқы түрінде өзгеріс пайда болады.

– Әр жастағы адамдарда белгілер әртүрлі бола ма?

– Суицидтік ойы немесе мінез-құлық белгісі жасына қарай әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, 12-25 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарда оқу үлгерімі төмендеп, сабаққа әртүрлі сылтаумен келмей, мұғалімдерімен, достарымен түрлі тақырыпта кикілжің байқалады. Оған әлеуметтік желі, кибербуллинг те әсер етуі ықтимал. 25 пен 60 жас аралығындағы ересектер экзистенциалды дағдарысты, ажырасуды, отбасындағы қақтығыстарды бастан кешіруі мүмкін. Жұмыста қысқарып қалу, кредиттік қарыз немесе құмар ойындарға тәуелділік сынды қиындықтар да әсер етеді. Жасы 60-тан асқан қарттардың ауыр созылмалы аурулары немесе мүгедектігі салдарынан өмірдің мәнін жоғалтып, отбасына жүк болуды қаламау сезімі пайда болады. Бұл факторлар әр адам үшін әртүрлі әсер етеді. Бірінде рухы мықты болса, екіншісі тез «сынып», суицидтік ойлар пайда болады.

– Суицидтік тәуекел дәрежесін қалай анықтауға болады?

– Өз-өзіне қол жұмсау қаупінің жоғарылауын көрсететін бірнеше фактор мен белгі бар. Біріншісі – суицидтік ойлар мен мәлімдемелер, яғни адам өзінің өлгісі келетінін, өмірдің мағынасының жоғын немесе онсыз дүниенің жақсы болатынын айтады. Екіншісі – суицидке дайындық, адам өз заттарын тастай бастайды, жақындарымен қоштасуға дайындалады, өсиет жазады немесе қоштасу хаттарын қалдырады.

– Суицид жасауға ниетті адамның ойын қалай өзгертуге болады?

– Кез келген жағдайда тығырықтан шығатын жол бар. Алдымен ондай адамның ойын бөлу үшін жазу немесе сурет салу, шығармашылық жұмысқа қызықтырып, өзіне деген сенімін арттыру маңызды. Тыныс алу және дене жаттығуымен айналысуға көңіл бөліп, ұйқының тұрақты болуын қадағалап, пайдалы тағамды жеуге тырысу керек. Кәсіби көмек пен қолдау үшін психиатр, психотерапевт, психолог немесе басқа психикалық денсаулық маманына жүгінген дұрыс.

– Балада суицидтік мінез-құлық белгілері байқалса, ата-ана не істеу керек?

– Егер балаңыздан суицидтік мінез-құлық байқасаңыз, онда шұғыл шара қабылдауға кеңес беремін. Баламен көп уақыт өткізіп, жалғыз емес екенін сезіндіріп, шығармашылық қызығушылығын арттырудың пайдасы көп. Сол бойынша спорт немесе өнер бағытына бұрып, өмірге деген қызығушылығын арттыру керек. Сондай-ақ медициналық көмек көрсету маңызды. Дәрігерлер мен терапевтердің кеңесін тыңдаңыз және орындаңыз. Балаңызға тағайындалған дәрі-дәрмек пен терапия сеансын орындауға көмектесіңіз. Өзіңізге қолдау көрсетіңіз, өйткені суицидтік мінез-құлқы бар балаға күтім жасау өте қиын.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button