Бітімгерлер миссиясы

Қазіргі қоғамда медиация және этносаралық мәселе – өте өзекті тақырып. Бүгінде әртүрлі қауіптің белең ала бастауынан көптеген елдің этносаралық татулық маңызын түсіне бастағаны белгілі. Қоғамдық қатынастар саласында кәсіби медиаторларды дайындау да уақыт талабы. Этносаралық дауды ешқашан саяси мәселеге айналдыруға болмайды. Ассамблея бүгінгі таңда азаматтық қоғам мен билік арасын байланыстырушы медиаторға айналып отыр. Қазіргі кезде этносаралық қарым-қатынас саласында медиатор рөлі ерекше. Елімізде медиаторлардың көмегіне жүгінушілердің саны күн санап артып келеді.
Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация кеңесі – Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Ол мекемеде 18 медиатор бар, оның ішінде 8 кәсіби медиатор және этномәдени бірлестік өкілдер қатарында 10 қоғамдық медиатор бар, олар медиация (адамдардың өздігінен келуі) мәселелері бойынша азаматтарды қабылдап, ақысыз тегін заң кеңесін тұрақты жүргізеді.
– Бізде өз әлеуетін толық пайдаланатын медиация кабинеті бар. Медиаторларымыз меморандумдар бойынша түрлі комиссия мен кеңеске барады, тұрақты жұмыс жүргізеді. Қажет болған жағдайда, біздің медиаторларымыз бен ақсақалдарымыз көптеген адаммен сөйлесіп, кейде әлдебір тараптарды татуластыру керек болған кезде жібереміз. Осылайша, медиация институты өз міндетін жүзеге асырады. Медиация кеңесінің мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясы мен азаматтық қоғам мүшелерінің арасында туындаған дау-жанжал, қақтығыс барысында әкімшілік жағынан ықпалдан гөрі оны шешудің өркениетті жолдарын, яғни медиация қағидаттары негізінде шешу жолдарын ұсынады, – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Достық үйі медиация кабинеті қызметінің үйлестірушісі, медиатор, «Отбасылық табыс орталығы» қоғамдық қорының директоры Роза Бекишева.
Медиатор – біреудің ісіне мүдделі емес тұлға, ол ешбір тарапты қолдамайды. Дау-дамайдағы делдал ретінде ол тек қарама-қарсы тараптардың татуласу мүмкіндігін табуға тырысады. Келіссөздер барысында өзіне жақ немесе кінәлілерді іздеуге емес, екі жаққа да тиімді компромиске келер әділ шешімді шығаруды көздейді. Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі демократия мен делдалдықтың тиімді құралы деуге толық негіз бар. Медиаторлардың негізгі мақсаты – екі тарапқа мәселені өздері шешуге мүмкіндік беріп, бағыттау.
Осы ретте Қазақстанда «Медиация туралы» заң 2011 жылдың қаңтарында қабылданғанын айта кету керек. Бұл заң азаматтарға мәселені шешу жолын таңдау еркіндігін, адам құқығын қорғаудың жаңа мүмкіндігін қолдану, азаматтық қатынастың заманауи формасын қалыптастыру, мәселерді конструктивті диалог арқылы шешу сияқты зайырлы қоғамға тән мүмкіндік береді. Қаржы үнемдеуді былай қойғанда, медиатордың көмегімен мәселені бірнеше сағатта шешуге болады. Бұл уақыт үнемдеудің де тәсілі. Сонымен консенсуске келу арқылы тараптар арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалу ықтималдығы жоғары. Көріп отырғанымыздай, медиация институты – азаматтық қоғам қалыптастырудың, дамуының белгісі. Елімізде медиаторлар көмегі әлеуметтік салаларда, әсіресе отбасы мәселелерінде кеңінен қолданылады.
Медиация қазаққа жат ұғым емес. Себебі халық арасындағы дау-дамайды ертеде би, ақсақалдардың реттегені белгілі. Бұл – дауласушы тараптарды бір тоқтамға әкеліп, оларды татуластырудың жолы. Ертеде ауыл ақсақалдары, абыройлы тұлғалары атқарған медиация тақырыбы бүгінгі таңда да маңызын жоғалтқан жоқ. Қазір де медиация қарқынды дамып келеді, халық арасында оң резонанс туғызып отырғанын айтуымыз қажет.
– Заманына қарай медиацияның жаңа бағыттары пайда болды. Олар – медиацияның медицинада, білім саласында және басқа да түрлері бар. Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы этномедиация саласындағы мамандарды дамытуға және даярлауға ерекше көңіл бөледі. Соңғы уақытта қайырымдылық іс-шарасына жастар да тұрақты қатысуда. Әрине, біздің медиаторларға отбасы және гендерлік мәселелер бойынша, отбасындағы қатынастарға байланысты – ажырасу, ата-ана міндеті, отбасындағы мүлікті бөлу, тағы басқа даумен адамдар жиі жүгінеді. Медиаторларымыз отбасы құндылығын дәріптеу мен отбасы институтын арттыруға бағытталған іс-шаралардың басы-қасында жиі жүреді.
Отбасы медиациясы ерлі-зайыптының, азаматтық серіктестердің, ата-ана мен балалардың, басқа да отбасы мүшелерінің татуласуы, олардың арасындағы қарым-қатынасты қайтадан бастау және отбасындағы өмірді қалпына келтіру мәселелерінде кез келген сұрақтарға жауап береді және біздің елордалық медиаторлардан онлайн-кеңес ала алады, – дейді Роза Мұхамедьярқызы.
Сонымен қатар медиация бойынша Астана қаласының Достық үйінде түрлі сипаттағы іс-шаралар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, тренингтер өтіп жүр. Биыл медиация бойынша ашық есік күні 4 тамызда және 3 қараша күні өтті. Оған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің бас сарапшысы Талшын Италиева, Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов, “Вайнах” шешен-ингуш этномәдени орталығының мүшесі Юсуп Келигов, елордалық Ассамблеяның кәсіби және қоғамдық медиаторлары, сондай-ақ қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге мүдделі уәкілетті тұлғалар қатысты.
Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде елордалық ҚХА медиация кабинетінің қызметін үйлестірушісі Роза Бекишеваның, Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Медиа-орталығының төрағасы Равиль Валеевтің қатысуымен «Бірлік және келісім – қоғам әл-ауқатының кепілі» акциясы аясында бейнероликтер көрсетілді.
Ассамблея медиаторлары әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен тығыз ынтымақтаса жұмыс істеп, халықтың құқық сауатын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.