Басты ақпаратЕлорда тынысы

Бизнес – экономика тірегі

Үкімет экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 30 пайызға жеткізу жолында түрлі деңгейдегі қолдау шараларын ұйымдастыруда. Соның бірі – «Даму» қоры арқылы іске асуда. Біз қордан қолдау алған Астана қаласындағы бірқатар кәсіпкерлік субъектісіне барып, жұмысын бақылап, ілкімді істерін көрдік.

«Даму» қоры Астана қаласы филиалының басшысы Светлана Назарюк:

– Кәсіпкерлікті дамыту қоры екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен кредиттеу, бизнесті дамытуға бөлетін кредиттің сыйақы мөлшерін субсидиялау, банк алдындағы кепілзаты жетпеген жағдайда жартылай кепілдеме беру қызметі кіреді. Кәсіп бастайтын және кеңейтетін іскер азаматтарды тиімді шарттармен қолдап, экономиканы әртараптандыруға, өнім шығаратын кластер құруға, жоғары технологиялық өндіріс дамытуға үлес қосамыз. Астана қаласы әкімдігінің демеуімен шағын және орта кәсіпкерлік ілгерілеп, кәсіпкерлер қолдау шараларын сезінуде. Сондай кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысамыз, – деп пресс-турдың негізгі мақсатымен таныстырды.

Елордада бизнесті қолдау және дамыту бағдарламасы іске қосылғалы кәсіпкерлердің 7,6 мың жобасын субсидиялауға 759,8 миллиард теңге қаралды, ал 4,4 мың жобаны кепілдендіруге 68,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл – өте ауқымды әрі маңызды көрсеткіш. Өйткені қордан қолдау тапқан жобалардың арқасында қаншама жұмыс орны құрылып, бас қаланың қазынасына түсетін салық мөлшері артқаны анық.

Озық елдерде кәсіпкерлік саласы маңызды рөлге ие. Мәселен, 2022 жылы АҚШ-тың шағын кәсіпорындарында 61,7 миллион адам жұмыс істеді, бұл Американың жалпы жұмыс күшінің 46,5 пайызын құрайды. Қазба байлығы ресурсынсыз-ақ әлемнің жетекші экономикасына айналған Жапония бизнесмендер елі саналады. Жапония шағын бизнеске қатысушылардан тұратын ірі бизнеске қызмет көрсетудің ұзақ технологиялық тізбегімен сипатталады. Елде ірі кәсіпорындар өз қызметін монополиялауға жол бермейтін және шағын бизнесті қорғайтын заңы бар.

АҚШ әлем экономикасында бірінші орында болса, Жапония ЖІӨ бойынша – 3-орында. Бұл елдер экономикасының негізгі тірегі – бизнес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнес саласын дамытуды ұдайы айтатыны – осы себепті.

ӨНДІРІСТІК КЛАСТЕР ӨРГЕ ШЫҒАРАДЫ

Алдымен Көкшетау қаласына баратын жолдың бойында Өндіріс аумағында орналасқан «АРКО ГРУПП 2011» ЖШС-нің өндірістік цехына бардық. Нарыққа сусабын түрлерін шығаратын өндіріс орнында қызу тірлік жүруде екен.

Бізді компанияның басшысы Аслан Смаилов қарсы алып, жұмыс орнымен таныстырды.

АҚШ әлем экономикасында бірінші орында болса, Жапония ЖІӨ бойынша –­ 3-орында. Бұл елдер экономикасының негізгі тірегі – бизнес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнес саласын дамытуды ұдайы айтатыны – осы себепті

– 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. 300-500 мың аралығында жалақы алады. Компанияның жылдық тауар айналымы – 400 миллион теңге. Біздің өнім ассортиментіне 20-дан астам тауар атауы кіреді. Олар: жуу және тазалау құралдары, сұйық крем-сабын, кір жуғыш ұнтақтар, мата жұмсартқыштар, сондай-ақ автохимия. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан жеңілдік алып, кәсіпті кеңейтіп, өзіміздің өндірістік базамызды құрдық, – деді серіктестіктің директоры.

Тұрмыстық химия өндірушісі компанияның өнімдері нарыққа шыққаны 10 жыл болды. Еден, киім, ыдыс-аяқ жуатын өнімдеріне сұраныс артып келеді. Компания сапалы тауар алуға мүмкіндік беретін өндірістің жеке әдісін қолданады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне – 1000 бөтелке. Бұл – ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандыруға, алыс және жақын шет елдерге экспорттау­ға мүмкіндік береді.

– Істі қолға алған жылы «First Heartland Jusan Bank» арқылы 21 пайызбен қарыз алдық. Әрине, екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлерді кредиттеуі маңызды. Бірақ пайыздық ставкасының жоғары болуы көп кәсіпкерлерге өте ауыр болады. Сосын «Даму» қорына жүгініп, 15 пайызын субсидиялауға мүмкіндік алдық. Өндірісті кеңейту үшін «Halyk Bank»-тен кредит алдық. Мұны да қордың субсидиялауына жүгіндік. Сөйтіп, «Даму» арқылы дамудың жолын тауып келеміз. Ендігі мақсат – өндірісті автоматтандыру. Бұл бойынша да қорға арқа сүйейміз, – дейді Аслан Смаилов.

Қазақстан өнеркәсібінде ауыр өнеркәсіп жетекші орын алады десек, оның ішінде серпінді саланың бірі – химия өнеркәсібі. Бұл – өте күрделі әрі маңызды бағыт. Өйткені күнделікті өмірде тұтынатын өнімнің сан түрі осы салаға тиесілі. Бірақ, химия өнеркәсібіне керекті шикізаттар шет елдерден импортталады. Іскер азамат Аслан Смаиловтың мақсаты – тұрмыстық химияға керекті шикізатты өндіріп, кластерді өнеркәсіп құру.

ОРТА АЗИЯДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ КӘСІПОРЫН

Одан кейін әл-Фараби көшесі, 97/6 мекенжайында орналасқан «MFA International» ЖШС жұмысымен таныстық. Астана қаласында өндіріске керекті маска шығаратын алғашқы компания. Тіпті әлемде MeltBlown фильтрімен маска шығаратын санаулы өндіріс орны саналады.

Компанияның коммерция­лық директоры Ерсұлтан Бурхановтың сөзінше, FFP1, FFP2 және FFP3 класындағы өнеркәсіптік және медициналық респираторды шығарады. Яғни әртүрлі сүзгісі бар, әртүрлі қауіп санаты үшін тыныс алу органын қорғау құралын өндіреді. Бұл маскаларды медицина қызметкерлері, кеншілер, металлургтер, автокөлік жүргізушілері мен цементшілер жиі қолданады.

Серіктестіктің базасын көру барысында толық автоматтандырылған өндіріс екеніне көз жеткіздік. Келешекте кәсіпорын толық қуатпен жұмыс істесе, жасанды интеллект компонентін қосуда ізденіс жасауда екен. Жылдық қуаты 11 миллион дана маска шығарады. 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Бізді серіктестіктің шығаратын маскаларының ерекшелігі қызықтырды.

– Әлемде MeltBlown фильтрімен маска шығаратын алпауыт компания – 3M. Бұл компанияның негізгі штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан. Әлемнің ондаған елінде филиалы жұмыс істейді. Соның бірі – Ресей. Геосаяси жағдайға байланысты 3M Ресейдегі филиалын жапты. Ал солтүстіктегі көршіміз Орта Азия елдеріне қажетті маскалармен қамтамасыз етіп отыр­ған-ды. Бос қалған кеңістікті игеру мақсатында құрылған біздің компания өндірістік қуатын толық пайдалануға дайын. «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы арқылы Орта Азия және Сауд Арабияға өнім түрлерін экспорттауға жұмыс істеудеміз, – деді Ерсұлтан Бурханов.

Елордада бизнес­ті қолдау және дамыту бағдарламасы іске қосылғалы кәсіпкерлердің 7,6 мың жобасын субсидиялауға 759,8 миллиард теңге қаралды, ал 4,4 мың жобаны кепілдендіруге 68,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл – өте ауқымды әрі маңызды көрсеткіш. Өйткені қордан қолдау тап­қан жобалардың арқасында қаншама жұмыс орны құрылып, бас қаланың қазынасына түсетін салық мөлшері артқаны анық

Санкциялық блок Ресей экономикасына қатты әсер етті. Қазір ондағы шетел компаниялары филиалын жауып, өзге нарықты іздеуде. «MFA International» ЖШС осындай мүмкіндікті іске асыруға талпынып, «KZI Bank» арқылы 21,75 пайызбен кредит алып, оған қосымша жабдық сатып алды. Оның 13,75 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды.

БІЛІМ – НЕГІЗГІ КАПИТАЛ

Үшінші нысан өндіріс емес, білім беру ұйымы болды. Бірақ қатардағы емес, халықаралық мектеп. Елде халықаралық статус алған санаулы білім орданың бірі – «Spectrum International School» ЖШС. Шәкірттеріне ағылшын тілінде білім береді. Бұл кәсіпкерлік субъектісі де «Дамудың» шарапатын көрді. Яғни қор тек өндірістік және инновациялық жобаларды ғана емес, адами капиталдың сапасын арттыратын жобаларға да қолдау көрсетеді. Өйткені адамның ақыл-ойынан мықты капитал жоқ.

– Ұлыбританияның жетекші білім беру компаниясының бірі – Twig World, bug Club бастауыш мектепке арналған онлайн оқу қызметі, ең толық және ең көне әмбебап энциклопедия Britannica-мен серіктестік орнатып, жұмыс істейміз. Мектепте 12 жылдық оқу бағдарламасымен 595 оқушы білім алады. Кембридж халық­аралық оқу бағдарламасы білім берудің жаһандық стандарты бойынша білім береміз. Бізде отандық педагогтардан бөлек, шетелдің үздік оқытушылары жұмыс істейді, – деді компанияның басшысы Ерхан Абдулдаев.

Қасым Аманжолов көшесі, 34 мекенжайында орналасқан еңселі ғимаратты салу үшін «Halyk Bank»-тен 20,5 пайызбен кредит алады. Оның 13,5 пайызын қор субсидиялайды. Сөйтіп, елордада халықаралық стандарт бойынша білім беретін мектептің бой көтеруіне «Даму» атсалысады.

Бір күндік пресс-турдың барысында осындай ілкімді жұмыстарға куә болдық. Шын мәнінде, іс бастап, кәсіпті кеңейтуді мақсат еткен іскер азаматтар мемлекет қамтамасыз етіп отырған жеңілдіктерді пайдалануда. Тек адамға сергек сезім, тың идея, бастысы, батылдық пен ерік-жігер керек.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button