Жаңалықтар

СЕГІЗ ҚЫРЛЫ ҚАЖЫМҰҚАН



С. Сейфуллин мұражайында даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына арналған «Күш атасы – Қажымұқан» дәрісі өтті. Дәрісті белгілі әнші, өнер зерттеуші, тұлғатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов оқыды.

Қазір Қажымұқанның балуандығы туралы ғана көп айтылады. Оның басқа қырлары жайлы ести қоймаймыз. Ол қазақ айтатындай сегіз қырлы, бір сырлы адам еді. Мұңайтпас­тың ұлы әдебиет пен өнерге де жақын болған. Жанынан өлең шығарып, ән салған. Бірнеше өлеңі осы күндері сақталған да.
– Қажымұқан бабамыз тәп-тәуір домбыра шертіп, ән салған. Ол туралы Александр Затаевич «Қазақтың 1000 әні» жинағының ескертуінде Балуан Шолақтың «Ғалия» әнін Ғайни Маширова деген татар қызына Қажымұқан балуан үйреткенін айтады. Ал 1947 жылы Алматыда Әбділда Тәжібаевтің үйінде Мұқаң домбыраға қосылып, Әбділда екеуі Сәкеннің «Ақсақ киік» әнін айтқаны туралы Сәбит Мұқановтың естелігі бар. Атақты Қажымұқан қазақ топырағында жаралған әр адамның бойынан табылатын ақындық қасиеттен де ада болмаған. Қажекең аяқ астынан өткір әзіл, аталы сөзді қисынын тауып, суырып салатын ұшқыр ойдың иесі де болған. Домбыра шертіп, дауысы қоңыржай, жағымды еді, – дейді Серік Оспанов. Қажымұқанның:
Атандым Мұқан палуан
бала жастан,
Ішінде күштілердің
болдым астам.
Талай-талай жерлердің
дәмін татып,
Өтті дәурен осылай біздің бастан, – деген бір шумақ өлеңін келтірген зерттеуші балуанның туған жерге деген сағыныштан туған толғауы да бар екенін айтады.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button